Қаламгерге құрмет

Әдеби кеш
Ақын, Қазақстанның құрметті журналисі, Байғанин ауданының құрметті азаматы Жақсылық Айжанұлы 75 жасқа толды. Өмірін жыр мен журналистикаға арнаған қаламгердің өнегелі жолы—тұтас бір дәуірдің рухани айнасы.
Қаламгердің мерейтойына орай«Ақтөбе Медиа» ЖШС баспасөз клубында салтанатты жиын өтті.Басқосуға ақын-жазушылар, ғалымдар,журналистер қатысты.
Алдымен «Ақтөбе медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншин сөз алып, Жақсылық Айжанұлының журналистикадағы өнегеге толы жолы туралы әңгімеледі.
— Жақсылық Айжанұлы екеуміз— қасиетті Байғанин өңірінің перзенттеріміз. Ол— Жемнің, мен — Сағыз өзенінің бойында өстім. Жалпы Байғанин топырағы елімізге ақын-жазушыларымен жақсы таныс. Дегенмен бұл киелі өлкеде тек қаламгерлер емес, сондай-ақ ел ғылымының дамуына үлес қосқан көрнекті ғалымдар шыққанын ескермей жатамыз. Байғанин — академик Сақтаған Бәйішев бастаған бір топ ғалымның да атамекені, — деді РаукенОтыншин.
Ол өз сөзінде Жақсылық Айжанұлының туған жер тақырыбын поэзиясының өзегіне айналдырғанын ерекше атап өтті.
— Ақынның өлеңдерінен туған жерге деген перзенттік махаббат пен шынайы сезім айқын аңғарылады. Оның жырларында ауылының табиғаты, жусан иісі аңқыған даласы, самал желмен сырласқан құм белдері терең бейнеленген, — деді ол.
Сондай-ақ Раукен Отыншин қаламгердің тележурналистика саласына қосқан үлесі туралы да айтты.
Жиында белгілі ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі, Ақтөбе облысының құрметті азаматы Кенжеғали Кенжебаев, Қазақстан Жазушылар одағы атынан Бауыржан Құрманқұлов пен Бижан Қалмағанбетов, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы «Aqtóbe» телеарнасының директоры Айдана Смағұлова, Қазақстанның құрметті журналисі Аманқос Орынғалиев жәнет.б. сөз алып, ыстық ықылас, жылы лебізін білдірді.
Басқосу соңында кеш қонағы Жақсылық Айжанұлы жиналғандарға ризашылығын білдіріп, шараны ұйымдастырған «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншинге алғысын айтты.
Баспасөз клубының төрінде Жақсылық Айжанұлының әр жылдары жарық көрген жыр жинақтары мен фотоқұжаттарынан көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ ақынның «Күз» атты туындысының тұсаукесер рәсімі өтті.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.



