Әбдіхалықовқа жолданған хат

Нұрпейіс Байғаниннің туғанына — 165 жыл
Фольклортанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Оразгүл Нұрмағанбетованың «Нұрпейіс Байғанин» атты мақаласында жазылғандай: «…елдің ойын-тойы, шілдеханасы Нұрпейіссіз болған емес. Үлкен ас-тойларда, ақындардың айтысы бар жерлерде Нұрекеңді арнайы шақырып алушы еді, ол топты сүйетін еді».
Қалың жұртының арман-мұңынталмай жырлаған,халықтың өз ортасынан шыққансүйікті ақындарын кеңес билігі өздері құрған мемлекетті нығайту, партияның беделін арттыру жолында пайдаланды. Алайда мұның екінші жағы да болды. Халық ақындарына лайықты мән берудің арқасында жыраулар мектебінің бірқатар соңғы өкілдерінің аты танылып, туындылары кең тарады. Мысалы, Жамбыл Жабаевтың шығармашылығы одақ көлемінде насихатталды.
Сол кезеңде аты дәуірлеп, шығармашылығы кеңінен қолдау тапқан халық ақындарының тізімінде Жамбылдан кейін тұрған алыптардың бірі — Нұрпейіс Байғанин. Нұрпейіс біздің әдебиетіміздің тарихын тереңдете түсуге көп еңбек сіңіріп кетті.
1942 жылдың соңынан Нұрпейістің әдеби хатшысы болған Қуандық Шаңғытбаев өз естелігінде оның халыққа көп көмектескенін, ақын ретінде де, облыстық кеңес депутаты ретінде де қарапайым адамдардан хат алып тұрғанын жазады. Біз осы хаттардың бір бөлігін көріп қаламыз ба деген үмітпен облыстық мемлекеттік архивке барған едік. Өкінішке қарай, бәлкім, о бастан мүлде сақталмады ма, не басқа себептері болды ма, іздеген дүниеміз табылмады. Дегенмен облыстық мемлекеттік архивте Нұрпейіс Байғанинді қамқорлыққа алу ісін ұйымдастыру мақсатында партия тарапынан алынған қаулы, басшылардың жазысқан хаттары сақталыпты. Бұларды архивтің партия архиві сақталған 13-қоры, 11-тізбесіндегі 192-істенұшыраттық.
Ақтөбе облыстық кеңестерінің атқару комитеті 1938 жылы 1 қарашада «80 жастағы халық ақыны-импровизатор Нұрпейіс Байғанин жолдасқа көмек тағайындау және көрсету жөнінде» қаулы қабылдаған. Мұнда өнер істері жөніндегі басқарманың басшысы Пороллоға халық ақыны Байғанинді облыстық қазақ драма театрының штатына алу тапсырылған. Сонымен бірге Поролло мен Самойловқа 1938 жылғы іс-шаралардан үнемделген қаржының есебінен Байғанинді қамтамасыз ету үшін бір мың рубль қаражат бөлу де тапсырылыпты.Хатқа облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Курлихин мен хатшының міндетін атқарушы Тампаев қол қойған.
1942 жылы облыстық партия комитетінің насихат және үгіт жұмыстары жөніндегі хатшысы Куприянов республика басшылығына «Еңбек сіңірген өнер қайраткері, ақын Байғанин жөнінде» хат жолдайды. Бұл хат Қазақстан компартиясының сол кездегі идеология жөніндегі хатшысы Мұхамеджан Әбдіхалықовқа жолданған және мазмұнына қарасақ, жоғарыдан жіберілген сұрауға байланысты жазылған.
Орыс тіліндегі хатта былай баяндалады:
«Сіздің ақын Нұрпейіс Байғаниннің шығармашылығы мен тұрмыстық жағдайы жөніндегі телеграфпен жіберілген сұрауыңызға байланысты мынаны хабарлаймын:
- Нұрпейіс Байғанин Отан соғысына қатысты туындыларды өте белсенді түрде шығарып жүр. Оның «Қират жауды» жырына гвардиялық дивизия қатарын толықтыруға кетіп бара жатқан жауынгерлер ұзақ қол шапалақтап, ант берді. «28 панфиловшы-батырлар туралы» поэмасы негізінен аяқталып тұр. Халық мақалдары мен нақыл сөздері жинақталды.
Алайда биыл Нұрпейіс Байғаниннің шығармашылығына байланысты қиындықтар да кезікті. Ең алдымен, мамыр айында Байғаниннің шығармашылық хатшысы Ескендіровті (хатта Аскандыров деп жазылыпты — ред.)армия қатарына шақырды. Байғанин біраз уақыт шығармашылық хатшысыз қалды. Ақыры 9 маусымда біз оған мұғалімдер институтын бітірген Тұрәлиев жолдасты хатшы етіп бөлдік. Бірақ үш ай болды, біздің жеделхат жібергенімізге қарамастан, Жазушылар одағы Тұрәлиев жолдасқа еңбекақысын аударған жоқ.
- Нұрпейіс Байғанин жырларының аудармашысы туралы
Байғанинге аудармашы бөлу жөнінде ҚК(б)П ОК және Жазушылар одағымен хат алмасып жүргенімізге біраз болды. Міне, менің алдымда телеграфтық жазба жатыр: 1941 жылы 5 қарашада Бұзырбаев жолдас қол қойып, Байғанинге аудармашы болу үшін ақын Титовтың кеткенін хабарлайды. 1941 жылдың 28 қарашасында осыны Жазушылар одағы да хабарлады, бұған Хасанов қол қойыпты. Бірақ Титов сол күйі келген жоқ.
ҚК(б)П ОК-ның қаңтар пленумы кезінде Шаяхметов жолдастың кабинетінде, Оңдасынов жолдастың қатысуымен, Байғаниннің шығармашылығы туралы Иночкин жолдаспен (Я.Иночкин 1938-1943 жж. Ақтөбе облыстық партия комитетінің І хатшысы болды — ред.) әңгіме болды. Оған хатшы етіп қазақ тілінде жазатын стенографист жіберу жөнінде келісілді. 18 ақпанда мен Сіздің атыңызға Байғанинге стенографист жіберуіңізді сұрап жеделхат салдым. Сіз іссапарға кеткен болсаңыз керек, бізге жауап келген жоқ…
Маусым айында бізге телефон арқылы Байғанинге жазушы-аудармашы Тарловский мен сыншы Исмағұлов келетінін хабарлады. Бірақ бүгінге дейін екеуінің біреуі де келген жоқ.
1942 жылы 22 шілдеде мен Жазушылар одағына Хасанов жолдасқа мынадай мазмұнда жеделхат жібердім: «Байғанин 28 батыр туралы поэманы бітірді, тез арада аудармашы керек. Хатшы Тұрәлиев 9 маусымнан бері жұмыс істеп жатыр, бірақ еңбекақысы әлі аударылған жоқ. Қолжазбаларды тәртіпке келтіру керек. Олардың әрқайсысы әртүрлі аудармашының қолында жүр».
Бұл жеделхатқа әлі жауап алған жоқпыз.
Қазір Нұрпейіс Байғанин Темір ауданына кетті. Еңбекақысы төленбегендіктен, хатшысы Тұрәлиев жолдас онымен бірге барудан бас тартты. Бірнеше күн бұрын мен Сіздің атыңызға Жазушылар одағына ықпал етуіңізді сұрап, тағы бір жеделхат жолдадым.
- Қазкинохрониканың экспедициясы келген кезде, біз «Байғанин ұлттық әскер бөлімінде» түсірілімін әзірлеуді ұйымдастырдық. Қазкинохроника енді жырларын жазып алу үшін Байғанинді Алматыға шақырып жатыр. Ол қыркүйек айының бас жағында жолға шығатын болса керек.
- Байғаниннің тұрмыстық жағдайы туралы.
Ақтөбе қаласында Н.Байғанин үшін арнайы пәтер жөнделді. Азық-түлікпен қамту обком мен обатком арқылы жүргізілді. Алайда ол барлық уақытта риза болған жоқ. Маған жиі келіп, көбіне ет пен шай жетпейтінін айтып шағымданды. Соңғы кезде ол облыстық кеңестің нұсқауына сай, қалалық сауда бөлімінің базасынан тікелей қамтылып отыр.
Тамыз айының басында Байғанин өзінің отбасымен бірге астық жинау маусымында колхоз бригадалары алдында өнер көрсетуге Темір ауданына кетті.
Н.Байғаниннің шығармашылығы үшін не қажет?
- Тез арада Байғанинге әдеби хатшы, стенографист және ақын-аудармашы тағайындау керек.
- ҚазКСР ХКК-ның алдына Байғанинге арнайы үй салу мәселесін қою керек (қазіргі пәтерін қанағаттанарлық деуге болмайды).
- Әр жолы облыстық кеңеске барып, өзін азық-түлікпен қамтуды сұрап жүрмеу үшін, Н.Байғанин арнайы түрде қамтылушылар тізіміне енгізілу керек».
Соңына облыстық комитет хатшысы Куприянов қол қойған.
Осы хатқа байланысты 1942 жылдың 24 қыркүйегінде Куприяновқа ҚК(б)П-ның орталық комитетінен жауап жолданған. Жауап хатта Байғаниннің сол уақытта Алматыда жүргені, сондықтан аудармашы мәселесіақынның өзімен бірлесіп шешілетіні айтылған. Және соғыс жағдайында арнайы үй салу мәселесін көтеру орынсыз болатыны, одан да қаладан басқа жақсы үй тауып беру керектігі айтылған. Азық-түлікпен қамтуды да жергілікті жерде шешу тапсырылған. Басқа шығармашылық мәселелердің Алматыда жүрген ақынның өзімен кеңесіп шешілетіні айтылған. Бұл хатқа үгіт секторының меңгерушісі Митянин қол қойыпты.
Сонымен бірге Куприяновтың хатында айтылатын Алматыдан жіберілген жеделхаттар да облыстық архив қорында сақталыпты.
Ал осы 1942 жылдың ішінде Алматыда Қазақ мемлекеттік университетінде оқып жүрген үздік студент, ақын Қуандық Шаңғытбаевтың басы дауға қалды. Ол ұстазы Бейсембай Кенжебаевпен бірге Мұхтар Әуезовтің «Абай» романын редакциялап, әрі оған рецензия жазған еді. Жоғары жақ жарыққа шығаруға қарсы болған кітапқа осындай еңбек сіңірген адамның ол кезде, әрине, қудалауға ұшырамай қалмайтыны түсінікті.
1942 жылдыңсоңына қарай Шаңғытбаевты қарт ақын Нұрпейіс Байғанинге әдеби хатшы етіп, Ақтөбеге жіберді. Нақ солжылы баспаға тапсырған өзінің тұңғыш кітабына «Қазақ жүрегі» деп ат қойған, жалындаған жас Қуандық қазақтың халық поэзиясының алыбы Нұрпейіс Байғаниннің соңғы әдеби хатшысы болып, екі жарым жылдай уақыт екеуіне бірге еңбек ету бұйырыпты.
Индира ӨТЕМІС.



