«Түзу жолда келемін деп ойлаймын»

Есенбай Дүйсенбайұлының туғанына — 85 жыл
Биыл көрнекті ақын, мәдениет қайраткері, Байғанин ауданы мен Ақтөбе қаласының құрметті азаматы Есенбай Дүйсенбайұлының туғанына 85 жыл толды.
«Жыр алыбы Нұрпейіс Байғанин есімімен аталатын ауданды ақындар ауданы деп те атайды» деп Есенбай Дүйсенбайұлының өзі айтқандай, ол 1940 жылы Байғанин ауданының Қалдайбек ауылында дүниеге келген. 1963 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, еңбек жолын Жарқамыс орта мектебінде бастаған. Одан кейін баспасөз саласына ауысып, Темір және Байғанин аудандық газеттерінде, облыстық «Коммунизм жолы» (қазіргі «Ақтөбе») газетінде қызмет істеді. Ал 1978 жылдан бастап «Жазушы», «Жалын», «Ана тілі», «Өлке», «Раритет», «Білім» баспаларында жемісті еңбек етті. 2011 жылы дүниеден өтті.
Кеңестік заманнан кейінгі өтпелі кезеңнің қиындықтары тұсында ақын Есенбай Дүйсенбайұлы қандай ой, толғаныстармен күн кешті? Бүгін оқырмандарымызға оның баспасөзде жарық көрген мақала, сұхбаттарындағы адам, заман, әдебиет туралы пікірлерінің бір парасын ұсынғанды жөн көрдік…
Әдебиет және бәсекелестік
«Бастамашылдық», «бәсекелестік үрдісіне» үңілсек, бұл категориялар экономика мен өндірістің серпінді, жедел дамуына қажет тетіктер саналғанмен де, өз субъективтік пікір-пайымымша, әдебиетке де, әдеби ортаға да зияннан басқа берері жоқ сияқты. Бәсекемен, бастама көтерумен көркем әдебиет көсегесі көгермейді. Әдеби шығарма — әр қаламгердің жеке тірлік қарекеті, әдеби орта дегеніңіз — баяғы замандағыдай «ауыспалы қызыл туды» жеңіп алу үшін социалистік жарысқа түсетін колхоз-совхоз емес. Тәуелсіз елдігімізге тәубе дейміз. Бірақ ақын-жазушы белгілі қоғамда өмір сүре тұрып, сол қоғамның қуаныш-мұңдарынан сырт қала алмаса да, керек десеңіз, тәуелсіздікке де тәуелді бола алмайды. Неге Әуезов: «Әдебиет — әдебиет үшін» деген таңба айқын болмай, нәрлі әдебиетке жол жоқ», — дейді? Әдебиетті қоғамдық идеология емес, керісінше, қоғамдық идеологияны әдебиет қалыптастыруы қажет. Оны «бәсекелестікпен» жасай алмайсың. Қоғамның мінез-құлқы өзгерді, әдебиеттің де кешегі ұстанымдары бүгінге жүрмейді.
2007 жыл.
Халықтың сөзі
Менің ойымша, халықтың мақал-мәтелдері мен нақыл сөздеріне де «анау айтты», «мынау айтты» деп авторлық құқық беру ақылға сыймайды. Саяси-қоғамдық сараптама мақалаларын өзім іздеп жүріп оқитын журналист қарындасым жақында бір беделді газет бетінде «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» дегенді «Төле би айттыға» теліп жіберіпті. Сол заманда үш жүзге бөлінген Қазақ жерінің бір жүзіне өзі бас болып отырған билік иесі ондай сөзді айтпаса керек. Бұл кешегі кеңес заманында шыққан сөз сияқты. Өйткені Төле, Әйтеке, Қазыбек билер тұсында «жүз» сөзі географиялық қана мағына білдірген де, қазіргідей «трайбализм» ұғымына қоңсы қонбапты. Ол заман қазақтары «У ішсең — руыңмен» дегенді қағида тұтыпты.
…Халық сөзін «Төле би айтыпты» деп төл сөзге айналдырудан халыққа да, Төле биге де пайда жоқ. Ән-өлеңдер, қисса-дастандар «авторлары» туралы қысыр әңгімелер де солай.
2007 жыл.
Айырмашылық жоқ
Қазақтың бүгінгі дүбара әкім-қаралары мен дүмше молдалары арасында айырмашылық жоқ: бірі сөзінің біссімілласын қазақша бастап, әрі қарай орысша заулатады; екіншісі Құраннан жаттап алған аяттарды арабша мақамдап келіп, соңын қазақша былдырлатып барып бір-ақ қайырады. Бұлар турасында Абайдың «шошқа туар сөздері» дегенінен басқа ештеңе айта алмайсың. Мұндай жағдайда Қазақстанда тіл мұсылмандық пен дін мұсылмандық шала болмай қайтсін!
Дүбара басшы тіл бұзар, дүмше молда дін бұзар дейміз де.
2007 жыл.
Ностальгия болуы мүмкін емес
Мен қара нанын жеп, ақ көрпесін жамылып ержеткенкешегі кеңес заманының баласымын да, қазіргі бостан ел болған Қазақ қоғамына ата жастағы ұрпақтың бірімін. Жер жүзінде отаршылдық езгі тауқыметін тартпаған халық жоқ шығар. Әсіресе қазақ қауымын қатыгез қызыл империялық саясатқатты қаңыратқаны хақ: жаппай қуғын-сүргін, қолдан жасалған аштық, жұт, жолсыз жазалау, ұлттың бетке ұстарларын әлсін-әлсін ұстап әкету, қанды соғыс, Желтоқсан зобалаңы… Сондықтан менде ол жүйеге деген ностальгия болуы мүмкін емес.
Бірақ… Иә, сол жетім-жесір, жарлы-жақыбай жылдарда суын ішкен құдығымызға түкіргіміз келмейтіні де рас. Ат төбеліндей компартиялық билікті қарғап-сілеу оңай, ал оның әртүрлі буынында жауапты жұмыс атқара жүріп, халқына адал қызмет еткендер аз ба?! Елдің құрып кетпей, аман-есен азаттыққа жеткені сондай «тар жол, тайғақ кешуде» барлық ауыртпалықты көтерген атпал азаматтардың арқасы емес пе? Қарын қамы мен қара басының ғана мүддесін күйттеп кеткен мына жекеменшікшілдік психология үстем тұстан кеңестік кезеңнің бір артықшылығы — онда оқшауланған жеке бақыт, жеке мұң болған жоқ; қуаныш та, қайғы да көпке ортақ-ты. Қайырым мен мейірім, өзара көмек пен қамқорлық адамдар арасындағы қарым-қатынастың алтын қазығы-тын. Қажымас жігермен қалтқысыз қайрат жұмсаудың да қайнар бұлағы еді бұл, яғни ерлік дегеніңіз елдің ертеңін ойлаумен етенелесіп жататын. Ұлы Әуезов жазғанындай, ол «адамның жалғыз аяқ жеке жолынан ұшыраспайды. Үйелменді елінің өзегін жарған мұрат-мүддесінің жолында ғана ұшырасады… Жаннан артық көріп жұртын сүю, халқын сүю сезімінен асар қасиетті сезім де жоқ».
2007 жыл.
Мақтауға сараң академиктің бағасы
Иасауи өзінің бір хикметінде: «Менің сөзім — Құран, Құдайдың даусы», — дейді. Аударманың қиыншылығы — оның көркемдік қуатын әлсіретіп алмау және түпнұсқадан алшақтамау керек. Менің қолымда шағатай тіліндегі нұсқасы (сөз Иасауидің «Диуани хикметі» туралы — ред.), түрікше, өзбекше аудармалары және ғылыми жолма-жол тәржімелері болды. Соларды салысытра отырып аудардым, айтылар ойды қаз-қалпында сақтау өте қиын болды. Мен алғашқы 20-30 хикметті аударғанымда Иасауидің ішкі дүниесіне бойлап кіре алмадым. Қырқыншыдан кейін барып, оның жан дүниесін түсіне бастадым. Алғашқы аудармаларымды кейін қайта аудардым. Иасауи білімнің шыңына шыққан адам ғой, үлкен дайындықпен кіріспесе, оңайлықпен алдыра қоймайды. Аудармаға кірісер алдында пайғамбардың өмірі, Иасауидің өзі, заманы туралы бірнеше кітап оқыдым, солардың көмегі тиді. Мақтауға сараң академик Рымғали Нұрғалиев «Егемен Қазақстан» газетінде Қожа Ахмет Иасауи хикметтерінің аудармалары туралы мақала жариялаған. Сонда көркемдік және түпнұсқаның сақталуы жағынан менің аудармамды айрықша бағалапты. Соған қарағанда, жаман шықпаған сияқты.
…Жасыратын несі бар,кезінде коммунист болып, қызыл идеологияны насихаттауға үлес қосқандардың біріміз. Бірақ Құдайдан безген емеспін. Қожа Ахметті аударып шыққаннан кейін: «Бабамыз қазір тірі болса, осы заманға қатысты не айтар еді?»,деп ойланып, «Қырық хикмет» дейтін цикл жазып бітірдім. Соның ішінде мен сияқты кезінде дінге мән бермеген, ақсақалдық жасқа жетсе де, діннің білімін, тағылымын көкірегіне онша түймеген, дін жағынан шала сауатты болып өскен зиялылардың, көрінген ағымды дін деп бас ұрған жастардың бейнесін сомдадым. Өзімді Қожа Ахмет бабамызды аударғаннан бері қарай Алла тағаланың түзу жолында келемін деп ойлаймын.
2005 жыл.
Өмірдің мәні
Өмірдің мәні — адал өмір сүруде.Қолдан келгенше ешкімге жамандық жасамау керек. Жұртқа жамандық ойласаң, өзің ауруға ұшырайсың, жүйкең тозады. Жақсылықты өзің үшін жаса. Жақсылық жаныңды жадыратады, көңілің тоқ жүреді.
2005 жыл.
Ақын — өз заманының перзенті
Ақын — өз дәуірінің үні, өзекті сөзі, заман һәм уақыт перзенті. «Әдебиет — әдебиет үшін» деген таңба мансұқталып тасталған, мадақшылдық жол алған кешегі бір кеңестік 70 жылда «қоғамда өмір сүріп отырып, қоғамнан тыс тұруға болмайды» қағидаты мүлде өзгеше сыр-сипат, мазмұн-мән иеленді де, көркем өнер алаңын көп жағдайда көпірме, жалған шабытпен жырлаған үгіт-насихат алаңына айналдырып жібергені де ақиқат. Алайда солай екен деп, социалистік реализм әдебиетін түгелдей қоқысқа лақтыруға түйсігі түзу пенде Құдайдан қорқуы керек шығар. Сол біз сөз етіп отырған қызыл тұмылдырық кезеңінде-ақ көш-керуені әлемдік әдебиет биігіне көтерілген ұлттық прозамызды айтпағанда, Сәкен, Ілияс, Әбділдә сынды әлеуетті ақындардың қазір де әрін, нәрін жоғалтпаған әсем лирикаларын қайда қоямыз? Соғыста от пен оқтың астынан қазақ өлеңіне жаңа леп, тың тыныс ала келген Сырбай, Хамит, Қалижан, Қасымдар шығармашылығы шынайы ырысымыз болғаны да шып-шырғасыз шындық. Сырбай Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан солдаттарын», Қасым Аманжоловтың «Дариға, сол қызын» жатқа білмейтін адамды қазақ баласы деуге батылым бармайды. Мәселе тоталитарлық тоғышар идеологияда емес, талантты жырлай білуде ғой…
2007 жыл.
Баға деген не нәрсе?
Алдымен, өзі, осы баға дегеннің не нәрсе екенін анықтап алу керек сияқты. Егер ол әдеттегіше, әркімнің-ақ басына бірден сап ете түсетін әлгі атақ-марапат, шен-шекпен, шылдырмақ-сылдырмақ, қысқасы, баяғыдағы Сұлтанмахмұт өлеңінен өзімізге танысбір үйдегі ақсақал шал баяндайтын «біздерде мынадай бар, мынадай бар» болса,онда шынына көшкен жөн, бірқатар ретте шығармашылығы артта ілбіген авторлар алға шығып, көрнекті туынды тудырушылар көзге ілінбей, тасада қалатыны қашанғы үрдісіміз ғой. Үйреншікті осы өлшеммен қарасақ, шығармаңның шымыр келуі шарт емес, бірақ өзің өлермен болу — міндетің! Қу, пысық, жарамсақ, саудагер, жарнамашыл жарқылдақ, омыраулап озғыш, пыш-пышқа үйірсек пысықай бола алмасаң, жүз жерден жақсы дүние жазғанмен, саған қара халық та, билік те пысқырып қарамайтынын жасырамыз ба? Ал мұндай мінез (қабілет), яғни атақ пен бақ турасында Абай жарықтық айтып кеткен анау екі нәрсе (арсыздық пен ұятсыздық) болмысыңнан табыла қалса, арзанқол, төмен туындың да қымбатқа баланып, жоғары бағаланатынына сене бер! «Бағасын беру» байыбы бізде баяғыдан солай. Бұл — бір.
Екіншіден, «бәрінің бағасын халық береді» деп өзін-өзі алдарқату — я ақылсыздық, я надандық. Өйткені біз «жақсы мен жаманды айыра алмай» деп ашынған Абай заманынан, оқығандары қаншама жыртылып-айырылғанмен де, пәлен дерлік алыс кете қойған жоқпыз… Сондықтан бізде ылғи осылай демесек те, шығармасы өміршең болғанмен, өзі өлермен емес талай таланттардың танылмай, бағаланбай жүргеніне таңданатын дәнеңе жоқ.
2006 жыл.
Абайдан үйренетін дүниеміз
Бүгінде кім көрінгенді Абаймен салыстыру тенденциясы туды. Абайды мойындамайтын қазақтар да пайда болды. Ондай мақалалар басқа емес, республикалық басылымдарда жарық көруде.
Абай — қазақтың киелі қасиеті.Ол қай заманда да «нөмірі бірінші» ақынымыз боп қала береді. Әдебиеттің есігін енді аттаған, әлі бағыт-бағдарын айқындап үлгермеген жас ақындарды ұлы Абайға теңеу, әрине, орынсыз-ақ.
Халықтың мұң-мұқтажын айту — ақынның міндеті. Сол міндетінен айнығаны — халықтың сенімін ақтамағаны…
Шын ақында қара бастың мұңы болмайды. Оның жеке басындағы мұңының өзі халықтық мұңға айналады. Нағыз ақын жүрегіндегі күйзелісін жазу арқылы ұлт күйзелісін айтады. Міне, Абайдан үйренетін дүниеміз осы.
2007 жыл.
Е.Дүйсенбайұлының «Толайым» кітабы бойынша әзірленді.



