Тарих

Саяси репрессия және аштық құрбандары

Қуғын-сүргін

Қазақстан тарихындағы ең ауыр оқиғалардың бірі — ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы саяси репрессия мен ашаршылық кезеңдері. Бұл уақыт халқымыз үшін қасірет пен қайғыға толы дәуір ретінде есте қалды. Көптеген адам жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырап, аштықтан көз жұмды. Бұл кезең халқымыздың төзімділігі мен рухының мықтылығын дәлелдеді.

Сталиндік қатігездік, негізсіз реформалардың нәтижесінде 1930 жылдардан бастап елімізде саяси қуғын-сүргін басталды. Жазықсыз Алаш зиялылары, қаламгерлер, дін өкілдері, жұмысшылар мен шаруалар айыпталып, ату жазасына кесілді. Репрессияға ұшыраған ұлт жанашырларының қатарында қазақ жерін сақтау жолында еңбек еткен көрнекті тілтанушы Ахмет Байтұрсынұлы, қоғам қайраткерлері Мағжан Жұмабаев, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытов бар. Оларға тағылған айып — «ұлтшылдық». Елінің тәуелсіздігін армандаған, ұлт болашағы үшін күрескен бұл тұлғаларға тыйым салу ұлттың дамуына тосқауыл қою болды.

1931-1933 жылдар аралығында ашаршылық кезеңі орын алды. Кеңес үкіметінің ұжымдастыру саясаты салдарынан халық азық-түліктен, малдан жәнежұмыстарынан айырылды. Миллиондаған адам аштықтан қаза тапты. Осы кезеңде көпшілік Иранға, Қытайға, Ауғанстанға, Ресейге бас сауғалады. Тарихи деректерге сүйенсек, ашаршылық жылдары 1 миллионнан астам қазақ амалсыздан шетелге қоныс аударды. Сол кездегі Қазақстан халқының саны шамамен 4,1-4,2 миллион болған, оның 20 пайызы елден көшіп кетті. Аштықтан нақты қанша адамның қаза тапқаны әлі күнге дейін белгісіз.

1937 жылы Сталиннің бұйрығымен жүргізілген халық санағы нәтижесінде елдегі халық саны 3,6 миллионнан 2,3 миллионға дейін азайғаны анықталды. Бұл дерек ресми түрде жарияланбай, құпия құжат ретінде сақталды. Тек 1980 жылдары бұл мәліметтер сыртқа шығып, қазақ ғалымдары Ж.Әбілхожин, М.Тәтімов және М.Қозыбаев аштықтан қаза тапқандар саны 1 млн 750 мың деп жариялады. Кейін бұл көрсеткіш 3 миллионға дейін жеткені айтылды. Ашаршылықтан зардап шеккендердің 80 пайызы қазақтар болған, бұл — адамзат тарихындағы ең ірі апаттардың бірі.

31 мамыр — ел тарихындағы ең ауыр кезеңдерді еске алу күні. Бұл күні Кеңес үкіметінің қазақ халқына жасаған зұлматын еске алып, ел болашағы үшін күрескен ұлт зиялыларын мәңгілік есте сақтаймыз.

Халқымыздың дамуына, ұлт ретінде қалыптасуына кедергі болған бұл оқиғалар елді тығырыққа тіреді. Ұлт қайраткерлері «ұлтшыл» деп айыпталып, аяусыз қуғын-сүргінге ұшырады. Ашаршылық — жай ғана оқиға емес, ұлт тағдырына зор зиян әкелген тарихи қасірет. Жеріміз бен болашағымыз үшін өмірін қиған азаматтар ешқашан ұмытылмайды!

Жамиля ТӨЛЕПБЕРГЕН,
№51 гимназияның 11-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button