Әлімсақтан Ырғыз деп аталған жер

Ырғыз атауы қашан, қай кезеңде пайда болған? Бұл сұраққа топонимиканы зерттеп жүрген ғалымдардың ешқайсысы нақты жауап айта алмайды. Олардың тіліне алдымен оралатыны «тарихтың атасы» атанған грек ғұламасы Геродоттың еңбектерінде Ырғыз атауы кездесетіндігі ғана. Нақтырақ айтқанда, біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда парсы патшасы Дарий Екіншінің массегеттер мекендеген қазақ даласына жорықтары туралы жазбаларында Оар, Лик, Сиргис өзендері аталады. Зерттеушілер бұларды қазіргі Ор, Елек, Ырғыз өзендері деп тұжырым жасайды. Орысша — «Иргиз», грекше «Сиргис» болып қағазға түскен атау — қазақша Ырғыз. Демек, Ырғыз атауы — есте жоқ ескі замандардан бері келе жатқан ежелгі атау. Ал«Ырғыз» сөзі қандай мағына береді деген сұрақтың жауабын кейбір зерттеушілер (Ә.Нұрмағанбетұлы, «Жер-судың аты — тарихтың хаты», Алматы, 1994 ж.) туысқан түрік тектес халықтардың тілдерінен іздейді. Хакас тілінде «иргі» сөзі біздіңше «ескі», «уус» — «өзен» болып қолданылады. Яғни «Иргіуус» —«ескі өзен», «көне өзен» деген мағына береді. Бағзы замандарда Алтай өлкесінен батысқа қарай қоныс аударған тайпалармен ілесе келген атау деген болжам жасайды. Хакасияда Иргіуус деген өзен қазір де бар көрінеді.
Тағы бір зерттеуші Д.Жүнісов («Өзен-көл атаулары», Алматы, 1991 ж.) Ырғыз атауын «көне түркі сөзінен» деп түсіндіреді. Алғашқы бөлшегі «ерги» —«ескі» деген мағына берсе, «зуг» —«су» болуы мүмкін деген болжамды қолдайды. Яғни Ергизуг-Ергизу-Ергиз-Ырғыз деген өзгеріске түскен болуы мүмкін.
Алмоңғол тілінде «эруг» сөзі — қазақша «кері», «теріс» деген, ал «уус» — су, өзен мағынасында қолданылады екен. «Эргу уус» сөзі дыбыстық өзгерістерге ұшырай келе Ырғыз атануы да әбден мүмкін.
Моңғол сөзі қазақ арасында қалай еніп жүр дегенге келсек, тағы да тарихтың бағзы замандағы парақтарына үңілуге тура келді. Белгілі ақын, өлкеміздің тарихы жөнінде көп мұра қалдырған марқұм Қуаныш Ахметов доктор Эренжеп Хара Даванның 1929 жылы Белград қаласында жарық көрген «Чингисхан как полководец и его наследие» деген еңбегіне сүйене отырып, ұлы қолбасшының қазақ даласындағы алғашқы шайқасы Ырғыз өзенінің бойында өткенін жазады. Шыңғысхан күшейгеннен кейін олардың ата жауы — меркіттер шегініп, 1208 жылы осы Ырғыздың бойына қоныстанады. Алайда 1216 жылы Сүбедей мен Жебе нояндар басқарған Шыңғысхан әскері Ырғыз даласын қанға бөктіріп, меркіттердің тас-талқанын шығарып, қару ұстауға жарайтын еркек кіндіктің көзін түгел жойған. Хорезм шахы Мұхамедтің әскерімен де үлкен шайқас болды. Бұл шайқаста жеңген не жеңілген жақтар болмаған. Әйгілі тарихшы Л.Гумилевтің жазуынша Шыңғысханның қолы да, Мұхамед шахтың әскері де осы шайқастан соң аттарының басын өз еліне қарай бұрады.
Ырғыз атауы көне тарихтың осы кезеңдерінде моңғол тілінен еніп, кейін өз тілімізде Ырғыз болып қалыптасқан деген болжамдар да бар. Моңғол тілінен аударғанда «кері аққан су» мағынасын беретін бұл болжамды да жоққа шығаруға болмайды. Әлемдегі өзендердің басым көпшілігі шығыстан батысқа және түстіктен терістікке қарай ағады, керісінше ағатын өзендер өте сирек. Соның бірі — Ырғыз. Сондықтан Ырғызды бабаларымыз «Терісаққан» деп те атаған.
Ал халқымыз Ырғыз атауын өз тілінен, өз сөзінен шығарады. Аңыз бойынша баяғы жаугершілік заманда үлкен шайқас үстінде ерекше ерлік көрсеткен бір қыз ауыр жараланып, суға кетіп өледі. Оның шын есімін ешкім білмейді, өлгесін «нағыз ер қыз екен» деп, кейін «Ер қыз кеткен өзен» атап, Ер қыз — Ырғыз аталып кеткен деген әңгіме сақталған. Ендігі бір аңызда бір сұлу қыз ғашығына қосыла алмай өзенге кетіп өліпті. Халық сол сұлудың құрметіне «Үр қыз» өзені атапты, кейіннен тілдік қолданыстың заңдылығына сәйкес Ырғыз аталыпты. (Халқымызда «Үр қызы» — періштенің қызы, хордың қызы деген мағынада қолданылады.)
1994 жылы Мәскеуден шыққан «Русский взгляд» атты кітапта «В переводе с тюркского «Ир» — излучина, извилистое течение реки» делініп, «Ир», «ер» буындарынан басталатын атауларды осы түрік тілінен енген деп тұжырым жасалады. Ал түрікше «ир» болса, қазақша «иір» емес пе!? Осы тұжырымға сүйене отырып зерттеуші Қуаныш Ахметов «Ырғыздың Оңтүстік Орал тауларының сілемдері мен Ақсақал – Бәрбінің (Тәуіп) орғыл құмдарының ішінен ирелеңдеп ағатындығын көз алдымызға елестетсек және Ұлы Даладағы жағырафиялық атаулардың бәрінің де түпкі тарихында нақты негіз жататындығына ден қойсақ, онда Ырғыз атауының «Иіріз» деген бейнелі тіркестен шыққандығына күмән келтіру қиын», — деп жазады.
Сондай-ақ түрік тектес халықтар құрамына кіретін «кет» дейтін тайпа тілінде «иир» — қазақша «иір», «сес» —«су» мағынасын береді екен, демек, «Иир сес» сөзі дыбыстық өзгерістерге ұшырай келе Ырғыз аталып кетуін де назардан тыс қалдыруға болмайды.
Жорамал, болжамдардың нақтылыққа негіз болатын кездері бар десек, жоғарыда келтірілгендердің қай-қайсысын да, мейлі ол көне түрік тілінен шықсын, әлде моңғол, хакас, тіпті белгісіз кет тілінен енді ме — бәрібір, біржола сызып тастай алмайсыз. Тек бір ғана нәрсе айқын: Ырғыз — бабаларымыздың бабаларының заманынан, тіпті тарих жылнамасына қазақ атауы түспей тұрған есте жоқ ескі замандардан бері келе жатқан ежелгі атау. Ертеректе үлкен ақсақалдардан осы туралы сұрағанымызда айтатындарындай — «Әлімсақтан Ырғыз деп аталған жер…».
Тағы бір анығы, Ырғыз, алдымен жер атауы емес, өзен атауы ретінде қалыптасып, кейін өзен де, оның екі бетіндегі ұлан-ғайыр өлке де Ырғыз атанып кетті.
Рахымжан ӨТЕМІС.



