Тарих

«Қазақ» атауының қайтарылғанына — бір ғасыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 14 наурызда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында биыл халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауының қайтарылғанына бір ғасыр толғанына тоқталып, «Мұндай маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс», — деп атап көрсеткен еді.

Әрине, ата-бабаларымыз өз арасында, шежірелер мен құлпытастағы мәтіндерде ешқашан өздерін «киргиз» немесе «киргиз-кайсак» деп атаған жоқ. Алайда отарлық дәуірдегі, оның ішінде XVIII ғасыр мен XX ғасырдың басы аралығындағы тарихи құжаттарда халқымызға осы жат атау таңылып, сол заманғы зерттеушілердің, саяхатшылардың еңбектері мен сырттан келген қоныстанушылардың танымында да осы атау орнықты. КСРО тұсында халқымыздың өз аты ресми құжаттарға тек 1925 жылдан бастапенгізілді.

Президент Ұлттық құрылтайдың IV отырысында сөйлеген сөзінде: «Біздің мемлекеттігіміз мыңжылдықтардан бастау алады, оның тамыры тым тереңде жатқаны даусыз.Бірақ осыдан бір ғасыр бұрын ұлтымыздың өз атауының оралуы тарихи әділдік орнату жолындағы маңызды қадам болғанын ашық айтуымыз керек.Бұл істе сол кездегі Үкімет басшысы Сәкен Сейфуллин айрықша рөл атқарды. Ол «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақала жазып, арнайы идеологиялық науқанды бастап берді», — деді.

Тарихқа қысқаша шегініс жасасақ, зерттеушілердің айтуынша, Ресей мемлекетінің бастапқы құжаттарында қазақ халқы — «казак», ал Қазақ хандығы «Казачья Орда» деген атаумен сақталған. Тек XVIII ғасырдың 30-жылдарынан бастап қана «киргиз» («киргиз-кайсак») атауы қолданысқа енген. Бұл өзгерістің нақты себебі белгісіз, ал жорамалмен ғанаайтылып жүрген пікірлердің біріне келсек: сол заманда Ресейде шекараны қорғау қызметін атқарған әскери құрылымдардың мүшелері «казак» деп аталған. Негізінен, осы казактармен шатастырмау мақсаты көзделген болса керек деседі.

Ғылымда халықтың өз атауымен (эндоэтноним, автоэтноним) қатар,сырттан қойылған атаулардың(экзоэтноним) да болатыны белгілі. Алысты айтпағанда, тіпті көрші тұратын халықтардың өзі бір-бірін төл атауынан басқаша атағанына мысалдар көп. Ал патша үкіметі «киргиз» экзонимдік атауын екі ғасырдай уақыт қолданды.Бұл атауға ата-бабаларымыздың мойынсынбағаны жөнінде орыс зерттеушілерінің деректері сақталған. Мысалы, Орынбор шекара комиссиясының мүшесі А.Левшин 1827 жылы «қырғыз» басқа халықтың атауы екенін, ал «киргиз-кайсактар» өздерін әу бастан-ақ тек «қазақ» деп атағанын, әлі де солай атайтынын жазып қалдырыпты.

Сондай-ақ ХХ ғасырдың басындағы қазақ баспасөзінің тарихына үңілсек, «Қазақ» (1913-1918 жж.), «Қазақстан» (1911-1913 жж.) сынды газеттердің атауы да сол кездегі зиялыларымыздың ұлттың байырғы атынан айырылып қалмау қамында болғанын айғақтайды.Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ» газетінің атына қатысты: «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық» — деп жазғаны белгілі.

1917 жылы патшаны тақтан құлатқан большевиктер бастапқыда өзін халықтардың жанашыры ретінде көрсетуге, ұлт саясатын ізгілендіруге тырысты. Соның нәтижесінде 1920 жылы 26 тамызда Ресей федеративтік республикасының құрамында қазақтың өз автономиялық республикасы құрылды. Алайда бұл кезеңде халқымыздың тарихи атауын қайтару мәселесі әлі де шешім таппағандықтан, республиканыңатауы «Қырғыз АКСР»-і болып қала берді. Қазақстан партия ұйымының органы саналатын басылымдардыңқазақ тіліндегі атаулары «Еңбекші қазақ», «Қызыл Қазақстан» болса, орыс тілінде «Известия Киргизского края», «Красный Киргизстан» еді. Яғни өткен ғасырдың 20-жылдарының басында ұлттың тарихи атауына қатысты теке-тірес жалғасып жатты…

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Әлібек Аман:

ХХ ғасыр басында қазақтың зиялылары қолға алған үлкен мәселенің бірі халықтың төл атауын қайтару еді. Мәселен, 1913 жылы Міржақып Дулатов «Қазақ» газетінде осы мәселені көтерді. Ал 1923 жылы «Еңбекшіл қазақ» газетінде Сәкен Сейфуллиннің «Қазақты «қазақ» деп атайық, қатені түзетейік» атты мақаласы жарыққа шықты, — дейді.

Тарихшы мысалға алған мақалада Сәкен Сейфуллин Қазан төңкерісінен кейін көп жерде бұрынғы тарихи қателердің түзетіліп жатқанын тілге тиек етеді. «Мәселен, Хиваны қазір «Хорезм жұрты» дейтін болды. «Сартты» өзбек дейтін болды. Әм бұл түзетіліп қойған аттарды кеңес үкіметі қолданып кетті», — деп жазады. Расында, ақынның бұл сөзін өз тарапымыздан да жалғастырар едік: кеңес өкіметінің бастапқы жылдарында бұрын «Кавказ түркілері» («Кавказ татарлары») аталыпкелген әзірбайжандар, «Енесей татарлары» аталып келген хакастар, остяк аталған хантылар, т.б. өз атын қайтарды.

Сәкен Сейфуллинмақаласын: «Қазақстанның орталық үкіметі «киргиз» дегенді қойып, «қазақ» деген есімді қолдануға жарлық (декрет) шығару керек. Қазақты «қазақ» дейік, тарихи қатені түзетейік!» — деп түйіндейді. Мақала 1923 жылы 15 ақпанда жазылған. Дегенмен бастама Мәскеу тарапынан қолдау таппады ма, немесе басқалай реті келмеді ме — ол жағы белгісіз, әйтеуір,тарихи қатені түзету мәселесі нақ сол тұста ресми түрде күн тәртібіне қойылмаған секілді.

Осы кезеңде КСРО-да ұлттық–аумақтық межелеу жүргізілді. 1925 жылы 15-19 сәуір аралығында Ақмешітте Қырғыз АКСР-і кеңестерінің V Бүкілқазақтық съезі өтті. Бұл жиынның материалдарын тарихшы ғалым Сәбит Шілдебай зерттеген екен.

Тарих ғылымдарының кандидаты Әлібек Аман маңызды шешім қабылданған съезд туралы:

Тарихшы Сәбит Шілдебайдың зерттеулері бойынша, 15 сәуірде съездің күнтәртібіне енгізілген мәселелер жарияланған, олардың қатарында қазақ халқының төл тарихи атауын қайтару мәселесі болмаған. Алайда 19 сәуір күнгі мәжілісте Сұлтанбек Қожанов күтпеген жерден«қазақ» және «Қазақстан» атауларын заңдастыру тура­лы мәселе көтереді. Сөйтіп, съезде қазақ халқының төл атауын қайтару туралы шешім қабылданды. Сол жылдың 15 маусымында бұл шешім Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті тарапынан мақұлданады. Осылайша ұзақ уақыт бойы бұрмаланып келген қазақ халқының өзінің төл тарихи атауы қайтарылды— дейді.

Бұл тарихи оқиғаға биыл бір ғасыр уақыт толып отыр. Осы орайда қазақ атауының қайдан шыққаны жөнінде деәртүрліпікір бар екенін айта кеткіміз келеді. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев: «Қазақ атауының негізі қазіргі уақытта қолданыстан шығып қалған «қаз» саяси терминінде болуы керек. «Қаз» дегеніміз — жалпы жауынгер жасақтың, қалың жауынгер елдің жиыны, мәжілісі. Қазға көп адам жиналады, оның шешімдері де дауыстың басымдығымен шешіледі», — дейді. Ал ресейлік ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Владимир Петрухин өзінің бір сұхбатында: «Хаз — Еуразия даласындағы көшпелілердің атауы. «Қазақтар» («казахи» деп көрсетеді – ред.)  — осыған туыс ұғым», — дейді. Осы екі пікірде де «қазақ» атауының шығу төркінін «қаз» («хаз») түбірінен іздеу керектігі меңзелген.

Сонымен қатар бұл атаудың көнелігіне тоқталған зерттеушілер де бар. Мысалы, Әзірбайжандағы Газах аймағын еске алыңыз. Осы топоним туралы сөз еткенде олар көбіне «хазар», «қазақ» сынды халықтардың, әрідегі тайпалардың атына, Каспий теңізінің атауына тоқталып, бәрі де көне заманғы бір ұғымнан тараған,түп-тамыры ортақ атаулар болуы мүмкін деп болжайды.

Тарих ғылымдарының докторы, шығыстанушы Нұрлан Кенжеахмет «қазақтар» деген атаудың Еуразия даласында ғұн дәуірінен бері келе жатқанын айтады.

«Қазақ» атауының қашан пайда болғанына, түп-тамырын қай тілден алатынына, мағынасына қатысты зерттеулер мен пікірталастар әзірге жалғасып жатыр.

Ал бір ғасыр бұрын отаршылдар қойған атаудан біржола арылып, халқымыздың өз атын заңдастыру жолында сол заманғы қазақ зиялыларының бірлесе қызмет етіп, бірауыздылық үлгісін көрсеткенін ұмытпау — бүгінгі және болашақ ұрпақтардың парызы.

 Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button