Жұмысшы мамандықтары жылы

Жұмысшы мамандығының мәртебесі жоғары

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. «Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Әрі біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», — деді Мемлекет басшысы.

М.Ломоносов атындағы қалалық орталық кітапханада «Ел ертеңі: өркендеуге бағдар» атты жұмысшы мамандығын дәріптеу, еңбек адамының мәртебесін көтеру мақсатындағы бас қосу жиыны өтті.

Оның басты мақсаты — жұмысшы мамандықтарына деген жастардың қызығушылығын туғызу. Кітапхана оқырмандарының дені — мектеп оқушылары, оларды кім боламын, қандай оқуға түсемін деген сұрақтар мазалайтыны белгілі. Осы орайда кездесу барысында жастар өздеріне керекті дұрыс ақпаратты алу үшін еңбек адамдарымен кездесіп, көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алды.

Ақтөбе қалалық жарық беретін мекеменің жетекші маманы  АқылбекСеметұлы,Ақтөбе қалалық су желісі басқармасының электромонтері Бақытқали Балайұлы,слесарь-жөндеуші Нұркен Есенұлы, Қарғалы қалалық ауруханасы медбикесі  Маусымжан Аянқызы, Ақтөбе өңіріне белгілі «Ваниль» тәттілер әлемінің маманы Мейрамгүл Майлыбай, ферроқорытпа зауытының кран жүргізушісі Аққалқа  Болатбекқызы өз сөздерінде «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келетін жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттау маңыздылығына тоқталды.

Сондай-ақ бұл жиынға Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты, өңдірістік мекеме басшысы Молдағазы Азамат, жастар саясаты департаментінің директоры Нарқозы  Есенкелдіұлы,  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты Асқарбек Ермекұлы, Ақтөбе қалалық жастар ұйымы төрағасыныңорынбасары Заманай Қайнарұлы қатысты.

Олар жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, қоғамда олардың маңызын түсіндіру және осы саланы қолдау мақсатында қолға алынып отырған шаралардың қажеттілігіне көңіл аударды.  Бұл ретте осы мамандықтар арқылы жаңа нысандар бой көтеріп, энергетика, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салалары қарқынды дамитыны айтылды. Жұмысшы мамандықтарды дәріптеу елдің тұрақты болашағының кепілі екендігі тілге тиек етілді.

Айымгүл ЫСҚАҚОВА,

М.Ломоносов атындағы Ақтөбе қалалық орталық кітапхана қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button