Әдебиет

Бес жүйріктің бірі еді…

Әдеби кеш

Биыл айтулы ақын Ақтан Керейұлының туғанына 175 жыл толып отыр. Осы орайда Ұлттық кітап күні аясында С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында арқалы жыршының өмірі мен шығармашылығына арналған «Бес жүйріктің бірі еді Ақтан ақын» атты республикалық онлайн әдеби-тарихи, танымдық кеш өтті.

Шарада Орал қаласынан онлайн байланысқа шыққан М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті қоғамдық даму департаментінің директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев сөз зергерінің өлеңдеріне жеке-жеке тоқталып, әр сөзінің дәмі бөлек, мәні тереңде екенін тілге тиек етті. Ақын шығармашылығының бүгінгі жас буынға берер өнегесі мол екенін және халықтық шешендік дәстүрмен сабақтасатынын жеткізді. Ал ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, білім беру және мәдениет саласының ардагері Нұрлыбек Қалауов алдағы уақытта Ақтан ақынның ұлттық мүддені насихаттауға арналған шығармалары кеңінен зерттелетініне сенім білдірді.
Кеште Астана қаласынан байланысқа шыққан айтыскер ақын, Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазин танымдық бағыттағы шараның осы бір тарихи тұлғаның туындыларының тағы бір мәрте танылуына сеп болатынын жеткізіп, халықтың сөз өнерінің тарихы тереңде екенін айтты. Сөзге тоқтаған халықтың кейінгі кездегі жыр өнеріне деген көзқарасы алаңдататынын да жасырмады.
Жыраулық өнердің бағзыдан бергі тарихын тарқатқан белгілі жыршы Демеубай Жолымбетов Ақтанның термесін нақышына келтіре орындап, студент жастардың қошеметіне бөленді. Абай облысындағы «Shakarim University» білім беру жоғары мектебінің өнер кафедрасының аға оқытушысы, мәдениеттану ғылымдарының PhD докторы Еркебұлан Тәтиев айтулы ақынның «Сахилықтың белгісі» өлең-жырын ғылыми-танымдық бағытта талдап, әр тармағында қорғасындай салмақты ойлардың жатқанын жеткізді.
Республикалық әдеби-тарихи, танымдық кешке арнайы қатысқан ақын ұрпақтарының бірі Ертарғын Байназарұлы мен Байғанин ауданындағы Ақтан жырау атындағы Қопа орта мектебінің директоры Анаргүл Әбішова жүрекжарды лебізін жеткізсе, «Ер Ердіге» жыр мектебінің шәкірті Айым Гельманова арқалы жыршының «Азғын тартар қаз бен қу» термесін орындап берді.
Шарада кітапханашылар «Ақпа жырдың Ақтаны» кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасап, жастарға ақынның туындыларын таныстырды.
Кешті қорытындылаған ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақтантанушы Есентүгел Әзи шараны ұйымдастыруға мұрындық болған кітапхана ұжымына және қатысушыларға ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ Ақтан Керейұлының шығармашылығына арналған іс-шаралардың ауқымын кеңейту керектігін айтып, өз ұсынысын ортаға салды.

Аманжол ИСЛАМҒАЛИ,
С.Бәйішев атындағы облыстық
әмбебап-ғылыми кітапханасының қызметкері.
Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button