«Есіңде ме Қарабұтақ, Тахауи…»

Жұмыс сапары
Ақынның мерейтойына қызу дайындық жүріп жатыр
Облыс әкімі Асхат Шахаров Әйтеке би ауданына барған жұмыс сапары аясында
Қарабұтақ ауылдық округінің қазіргі жағдайымен тынысып, жергілікті тұрғындармен кездесті.
Бүгінде Қарабұтақ ауылының тұрғындары Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Қуандық Шаңғытбаевтың 100 жылдығын мерекелеуге белсенді түрде дайындалып жатыр.
Ақын өмірінің көп бөлігін Алматы қаласында өткізгенімен, осы ауылда дүниеге келген, оқыған. Ол туралы көп естеліктер туған жерінде сақталған. Қазір ақын туған мекенде 3153 адам тұрады, 617 түтін бар.
Облыс әкімі алдымен Қ.Шаңғытбаев атындағы мектепке барды. Биыл мамыр айында мұнда 364 млн теңгеге күрделі жөндеу басталады, мердігер ұйым — «Строй мастер» ЖШС. Жұмыстарды тамыз айына дейін аяқтау жоспарлануда.
Сондай-ақ ауыл халқы ақынның 100 жылдығына арналған мерекелік шараларға қызу дайындық үстінде. Мереке аясында ауданда еске алу кеші өтеді, жергілікті шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерт ұйымдастырылады, мектепке іргелес аумақтар абаттандырылады.
Ауданда абаттандыру жұмыстарына көп көңіл бөлінген. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Қарабұтақ ауылында Әліби Қойлыбаев атындағы орталық саябақ салынған. 2018 жылдан бастап меценат Қайрат Қойлыбаев оны дамытуға жыл сайын өз қаражатын салып келеді. Кәсіпкер бөлген қаражаттың жалпы көлемі — 40 млн теңге.
Саябақта ойын және спорт алаңдары, концерттік сахна, ағаштарды суаруға арналған ұңғыма бар, жарықтандыру да ұйымдастырылған. Енді кәсіпкер ауылға воркаут пен ойын алаңдарынсалуды жоспарлап отыр. Биыл тағы бір кәсіпкер Жасталап Жанбауов жалпы сомасы 20 млн теңгеге ауылдағы гүлзарды жабдықтауға ниетті.
Сонымен қатар биыл ауылдаавтогаз және жанармай құю станцияларын, қонақүй мен екі кемпинг салу, Сәтпаев, Жамбыл және Есентеміров көшелерін орташа жөндеу жоспарланып отыр. «Қазпошта» ғимараты Өнер мектебі ретінде қайта жаңартылмақшы. Белқопа мектебіне жапсарлас акт залы, спортзал мен шеберхана салу бойынша жобалар әзірленіп жатыр, сондай-ақ аталған ауылда су құбырының құрылысы аяқталуда, бұл округті орталықтандырылған ауызсумен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жарөткел ауылында да құрылыс қарқын алмақ. Мұнда жаңа 60 орындық мектептің құрылысы қолға алынады.
Округте әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Мұнда амбулатория, медпункт, 5 мектеп, спорттық ангар, 170 орындық ауылдық клуб, кітап қоры 68 мың данадан асатын кітапхана, сондай-ақ «Жастар» стадионы, шағын футбол алаңы және хоккей корттары бар.
Жергілікті тұрғындар облыс әкімімен кездесуде өнер мектебіне жаңа ғимарат салуды сұрады. Себебі ескі ғимарат шығармашылық үйірмелерге барғысы келетін жастар үшін тарлық етіп отыр.
Өңір басшысы проблемалық мәселелерді шешудің маңыздылығын атап өтті. Дәлірек айтқанда, жақын арада тұрғындарды ұзақ уақыт мазалаған септик мәселесі шешілетін болды.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, округте жайлы өмір сүруге барлық жағдай жасалған. Олар билік пен кәсіпкерлердің бастамаларына риза және ауыл бұдан әрі жақсы жаққа өзгеретініне сенім білдірді.
— Ауылымыз көркейіп, жылдан-жылға дамып келеді. Облыс әкіміне, аудан басшылығына, жомарт кәсіпкерлерге рақмет. Қуандық Шаңғытбаевтың 100 жылдығына орай осындай үлкен жұмыс атқарылып жатқаны ерекше қуантады. Бұл — бәріміз үшін маңызды оқиға,— деді Қарабұтақ ауылы тұрғындарының бірі.
Облыс әкімі тұрғындармен кездесу барысында ауылдарды дамыту, жергілікті жерлерде өмір сүру жағдайларын жақсарту және әлеуметтік маңызды бастамаларды қолдау басым бағыттар қатарындаекенін алға тартты.
— Мұның бәрі — биліктің, бизнестің және тұрғындардың бірлескен жұмысының нәтижесі. Қарабұтақ — тарихы бар, болашағы зор ауыл. Біз округті абаттандыру мен дамытуға бағытталған бастамаларды одан әрі қолдайтын боламыз. Бүгін айтылған барлық мәселе қаралатын болады және олардың әрқайсысы бойынша нақты шешім қабылданады. Бірде-бір үндеу назардан тыс қалмайды,— деді Асхат Шахаров.
Кездесуден кейін облыс әкіміАралтоғай ауылдық округіндегі «Берік АБ»ЖШС-ның шаруашылығын қарады.
2013 жылы кәсіпкер Берік Аяпов құрған қожалықбүгін асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп отыр. Қазіргі таңда серіктестік меншігінде 19 мың гектардан астам ауылшаруашылығы жері бар. Шаруашылықта 10 адам жұмыс істейді. Негізгі бағыт — асылтұқымды ірі қара мен ұсақ мал, сондай-ақ жылқы өсіру. Қожалықта жалпы саны 1596 ірі қара, 3114 ұсақ мал және 1425 бас жылқы бар.
2018-2019 жылдары кәсіпкер 100 бас қазақтың ақбас сиырын, 2022 жылы 100 бас герефорд тұқымын және 1100 бас асылтұқымды мұғалжар жылқысынсатып алған. Серіктестік 5 трактор, 2 тіркеме, жеңіл автокөліктер және басқа да заманауи техникалармен жабдықталған.
Облыс әкімі қожалықты аралап, кәсіпкермен тілдесті. Мұндай шаруашылықтардың өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығы үшін маңызы зор екенін алға тартты. Асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту — елдің аграрлық саясатындағы басымдықтардың бірі екенін жеткізді.
— «Берік АБ» шаруа қожалығы ауылда тиімді өндіріс құрудың озық үлгісін көрсетіп отыр. Мұнда асылтұқымды база сәтті дамып, жұмыс орындары құрылуда. Мұқтаж жандарға да көмек көрсетіледі. Бұл — бизнестің нақты әлеуметтік жауапкершілігі,— деді өңір басшысы.
Д.ҚАЗИХАН.



