50 қап қоқыс жиналды

Экоплоггинг
Ақтөбе қаласындағы М.Мәметова атындағы аллеяда облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен экоплоггинг сайысы ұйымдастырылды. Сайысқа волонтерлер мен арнаулы оқу орындарының білім алушылары қатысты.
Облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Самғат Артығалиннің айтуынша, плоггинг іс-шарасы көптің жиналып жұмыс жасауының нәтижесінде жүзеге асырылады. Биыл сайысқа 20 волонтер қатысып, қала тазалығына өз үлестерін қосты.
— Былтыр жарыс Ақтөбе су қоймасында өткен-ді. Биыл да аталған жарыс жалғасын тауып, жаңадан құрылған «Volunteer School-2025» жобасының қатысушылары аллеяны күл-қоқыстан тазартты. Ерекшелігі — жастар ырғақты музыканың әсерімен саябақ маңында шашылған қоқысты тез жинап, қапшықтарға толтыруға тырысты. Өйткені марафонда кім жылдам, көп қоқыс жинаса, сол жеңіске жетеді. Осы жолғы марафонда 50 қапшық қоқыс жиналып, қағаздар, пластикалық, шыны бөтелкелер, пакеттер арнайы жүк көлігіне тиеліп, қоқыс полигонына жөнелтілді. Марафонға 20 адамнан жасақталған 4 команда қатысты. Жеңімпаздарға арнайы кубоктар мен сыйлықтар табысталды, — дейді ол.
Сайысқа қатысушылар арасында Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжінің оқушылары да бар. Солардың бірі — Дильяра Мырзайым. Ол экоплоггинг сайысына алғаш рет қатысқан.
— Жарыс қызықты өтті. Жүгіріп жүріп, сайыстық. Плоггинг іс-шарасында шапшаң қимылдап, аллеяның маңайын және сол жақтағы жағалаудың арықтарын тазаладық. Бүгінде «Аңсар» волонтерлік ұйымының мүшесімін. Волонтер болу жастарды ізеттілікке, мейірімге тәрбиелейді. Сондықтан тазалықты жақсы көретін әрбір адам табиғатқа жанашырлықпен қараса екен, — дейді волонтер.
Аталған колледждің оқытушысы Әкімжан Исаханұлы тазалыққа немқұрайды қарамайтын адамдар экологиялық акцияны жалғастырса деген ниетте.
— Сайыс туралы бір апта бұрын хабарланды. Жастар жарыса жүріп, тұрғындарды тәртіп пен тазалықты сақтауға шақырды.Тазалық бәрімізге керек. Өкінішке қарай, тұрғындар экологиялық мәдениетті сақтай бермейді. Бөтелке мен шағын қораптың өзін қоқыс жәшігінің сыртына тастайды. Экоплоггинг жарысына қатысқан жастар аз уақыттың ішінде саябақтың көркіне көрік қосып, мұнтаздай етіп тазалады. Мамыр айында колледждің 20 оқушысы «Жасыл ел» еңбек жасағына жолдама алады. Сондықтан қала тазалығына бейберекет қарамай, еңбек ететін жастардың қатары арта берсін, — дейді колледж оқытушысы.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.




