«Астана опера» театры келді

Жұмысшы мамандықтары жылы аясында опера труппасы мен оркестрі гастрольдік сапармен Ақтөбе және Хромтау қалаларында өнер көрсетті.
Өнер жұлдыздары ең алдымен Ақтөбе ферроқорытпа зауытына барып, өндірісті аймақтың тыныс-тіршілігімен танысты. Жұмысшылармен бірге ән шырқап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Гастроль Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының қолдауымен ұйымдастырылды.
Өнер орталығында жұмысшы мамандардың балаларына арналған концерт өтті. Балдырғандар Сергей Прокофьевтің «Петя мен Қасқыр» симфониялық ертегісін тамашалады. Содан соң «Астана опера» театрының өнерпаздары облыс тұрғындарына арнап концерттік бағдарламасын ұсынды. Салтанатты шараның ашылуында Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Ержан Абдулабеков сөз сөйлеп, күндіз-түні аянбай еңбек етіп жүрген жұмысшыларға ризашылығын білдірді.
— Жұмысшы мамандардың беделін арттыруға бағытталған түрлі жобалар жүзеге асырылып жатыр.Былтыр баспана кезегінде тұрған 100 жұмысшы маманға жаңа пәтердің кілттері табысталды. Бұған дейінгі жылдары «Астана опера» театрының өнерпаздары Eurasian Resources Group компаниясының қолдауымен зауыт және кәсіпорын жұмысшыларына Джоаккино Россинидің «Жібек саты» опера-буффасын ұсынған еді. Бұл жолы олар жұмысшы мамандар мен олардың отбасы мүшелерін қазақ және шетел опералық туындыларымен қуантты. Опера труппасы мен дирижерлер құрамы компаниямыздың қолдауымен Хромтауда жаңадан ашылған 400 орындық мәдениет орталығында концерт беріп, металлургтермен бірге Абайдың әндерін шырқады. Театрдың бас концертмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Долорес Үмбетәлиеваның сүйемелдеуімен опера труппасы солистерінің орындауында «Түрлі дауыстар әлемі» атты концерттік бағдарламасын ұсынды. Алдағы уақытта да жұмысшы мамандарды қолдауға бағытталған іс-шаралар жалғасын таба бермек, — дейді зауыт директоры.
Сондай-ақ концерттік бағдарламада «Астана Опера» театрының дирижері Абзал Мұхитдиннің сүйемелдеуімен Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясының қазақ камералық хорының көркемдік жетекшісі, дирижері Мербол Құспанов бастаған ұжым мүшелері бір сахнада өнер көрсетіп, қазақ және шетел классикаларынан туындылар орындады.
— Гала-опера МұқанТөлебаевтың «Біржан мен Сара» операсындағы «Айтыс» сахнасымен ашылды. Композитор Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан Шегенің термесі, Ғазиза Жұбанованың «Еңлік – Кебек» операсынан Еңліктің, Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсынан Айсұлудың арияларын, Абайдың «Көзімнің қарасы», Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әндері гастрольдік бағдарламаға көрік берді. Бұдан бөлек шетел композиторларының әйгілі туындылары да шырқалды. Орындаған бағдарламамыз кез келген тыңдаушы үшін өте жеңіл болды деп ойлаймын. Концертте флейта мен скрипка аспабына жазылған музыкалар да орындалды. Бір қуанарлығы, опера театрының ұжымы ақтөбелік өнерпаздармен толығып келеді. Олардың дені — тенор дауысты әншілер. Бұл өңірден әлі де талай өнер жұлдыздарының шығатынына сенеміз, — дейді «Астана Опера» театрының солисі Шыңғыс Расылхан.
Концерттік бағдарламаны тамашалағандардың бірі— Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жұмысшысы Талғат Досов. Ол опера бағытындағы концертке алғаш келгендігін айтады.
— Концерттен керемет әсер алдым. Әсіресе қазақ әдебиетінің шоқтығы биік туындылары көрерменін баурап алды. Сонымен қатар концерт залының фойесінде жұмысшы мамандықтары жылына орай жасақталған «Қауіпсіздік өнері» фотокөрмесін тамашаладым. Онда театр артистерінің фотосуреттері, қауіпсіздік техникасы мен оны сақтаудың маңыздылығы бейнеленген. Жұмысшылардың мәртебесін арттыратын осындай іс-шаралар көп болсын. Елордалық өнерпаздарға шығармашылық табыс тілеймін, — дейді ол.
Айта кетейік, «Астана Опера» театрының жұмысшы мамандықтары жылы аясындағы кезекті гастрольдік сапары Рудный мен Павлодар қалаларында жалғасады.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.