Заманауи кітапхана және кітап күні

Форум
23 сәуір — Ұлттық кітап күні. Осыған орай Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғылыми кітапханасында «Кітапхананың заманауи дамуы — цифрлық дәуірге бейімделу» атты форум өтті.
Философия ғылымының докторы, профессор Амангелді Айталы атындағы ғылыми-ақпараттық кеңістігінде өткен форумға өңірдегі кітапханалардың басшылары мен кітапханашылары қатысты.
Форумның ашылуында сөз сөйлеген университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров:
— Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары оқу орындарының кітапханаларын жаңғырту бағытында белсенді жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде ғылыми кітапханамызға заманауи талаптарға сай болуға мүмкіндік беретін жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Университетіміздің 5 оқу ғимаратында да кітапханабар, бәрінде де абонемент және оқу залдары жұмыс істейді. Қазіргі таңда студенттердің жиі келетін, сабақтан тыс уақытын өткізетін орынға айналды, — деді.
Университеттің әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Еркін Тастанқұлов кітапхана ісін жаңғырту жайында сөз сөйлеп, цифрлық технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтті. Ғылыми кітапхананың қорды жинақтау және сақтау кеңсесінің бас кітапханашысы Сәулет Тәжіғалиева «Жұбанов университеті кітапханасы»: цифрлық дәуірдегі білім мен мәдениет» тақырыбында баяндама оқыды.
— Бүгінде бір миллион данадан астам қоры бар кітапхана университеттің көптеген салаларының талаптарына сәйкес келеді. Сондай-ақ көркем әдебиеттер де бар. Кітапханамыздың сайты бар:library.arsu.kz. Сайтта кітапхана бойынша барлық ақпараттар көрсетілген. Электрондық кітапхана, Web ИРБИС64+ бағдарламасы арқылы онлайн тіркелу және кітаптарға тапсырыс беру, электрондық ресурстарға тіркелу, пайдалану жолдары және жаңа түскен кітаптар тізімі тоқсан сайын жаңартылып ұсынылып отырады. Электрондық кітапханамызда (neb.arsu.kz)10 мыңнан асатын электрондық оқулық бар.
RFID жүйесімен жабдықталған қақпалар орнатылды, ол кітап қорын ұрлықтан қорғауға мүмкіндік береді. Кітапхана аумағынан тіркелмеген кітапты алып шығуға әрекет жасалған жағдайда жүйе автоматты түрде белгі береді.
10 мыңнан астам кітапқа RFID меткалары жапсырылды. RFID технологиясы (радиожиілікті сәйкестендіру) кітаптардың қозғалысын бақылауды жеңілдетеді, кітап беру және қайтару үдерістерін жылдамдатады, есеп жүргізу қателіктерін азайтады.Сонымен қатар цифрландыру мақсатында SMART ARSU мобильді қосымшасы енгізілді, мұнда электрондық кітапхана, шығу парағын толтыру, кітапқа алдын ала тапсырыс беру, бережақ кітап тізімін көру қызметтері жұмыс жасайды. Студенттер SMART ARSU мобильді қосымшасы арқылы кітапхана автоматты түрде тіркеле алады, — деді Сәулет Тәжіғалиева. Сонымен қатар zoom палтформасы арқылы байланысқа шыққан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті кітапханасы директорының орынбасары Петр Лапо, «Жоғары оқу орындары кітапханалары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің президенті, М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасының директоры Гүлжан Иржанова әріптестеріне кітапхана саласындағы соңғы жаңалықтарды айтып, тәжірибелерімен бөлісті.
Бұрынғы біз оқыған кездегі кітапхана мен қазіргі кітапхананың айырмасы жер мен көктей. Студенттердің оқуына, ізденуіне жағдай жасалған. Оқу залдары жап-жарық. Мәселен, форум өткен жер — ғылыми-ақпараттық кеңістік 2023 жылдың желтоқсан айында ашылып, оған профессор Амангелді Айталының аты берілді. Ал осы кеңістік дизайнын университеттің графикалық дизайн мамандығының сол жылғы бітіруші түлектері дипломдық жоба ретінде ұсынған.
Түстен кейін форумға қатысушылар техникалық және физика-математика факультеті кітапханасына экскурсия жасады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Даму және коммуникация басшысы Абзал Жайлаубаев «Ақпараттандыру мен қоғаммен байланыс: цифрлық дәуірдегі кітапханалық стратегиялар», Ақтөбе гуманитарлық колледжі бөлім меңгерушісі Гүлмира Дәулетқалиева «Кітапхана ісі: инновациялық жобалар» тақырыбында баяндамаларын оқыды. Тағы бірнеше спикер zoom палтформасы арқылы сөз сөйледі.
Форумға қатысқан кітапханашылар университет оқытушысы Дина Бекенова ұйымдастырған психологиялық тренингке қатысып, одан соң дөңгелек үстел басында білім алушыларды кітапханаға тарту жолдарын талқылады. Мұнда қатысушылардың бірі оқырманға қызықты тақырыптарды ұсыну маңызды екенін айтса,тағы бірі кітап оқу әдетін бала кезден қалыптастыру қажетдеген пікірін білдірді.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



