Жұмысшы жастар — жеңімпаз

«Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы — Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қызметкерлері республикалық «Кел, шырқайық!» телевизиялық байқауында топ жарды.
Жұмысшы мамандықтары жылы аясында республикалық «КТК» арнасында ұйымдастырылған«Кел, шырқайық!» музыкалық шоуына қатысқан жерлес «Хром» командасы көпшілікті тәнті етті. Мамандығы өнерден алыс металлургтер шығармашылық қабілетін көрсетіп, қазақ тіліндегі попурримен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
—Бұл додаға бізді жұмысшы мамандар ретінде шақырған еді. Командамыздың құрамында өзімді қосқанда 6 зауыт қызметкері болды. Атап айтсам, балқыту цехының кран машинисі Айман Құттымұратова, металлургиялық жабдықтарды жөндеу цехының электрогазымен дәнекерлеушісіЖаңасыл Жанқабылов,инженер-рентгеноскопист Әсемгүл Аймағамбетова,шихта машинисі Шымболат Қайратұлыжәне логистика басқармасының қойма есебі және қойма шаруашылығын басқару жөніндегі менеджері Нұрия Қуандықова.
Жоба барысында өз жұмысымыз жайында кеңірек түсіндіріп, саланың қыр-сырын айтуға тырыстық. Нәтижесінде әріптестеріміздің, көрермендердің қолдауымен бірінші орынға ие болдық.
Жеңімпаздар кубогын зауытымыздың музейіне тапсырдық. Бізге сеніп, байқауға жіберген ұжымымызға алғысымызды айтамыз,— дейді команда капитаны, балқыту цехының балқытушысы Дастан Қазбек.
Бағдарлама түсірілімінің соңында металлургтер жобаның қонақтарына, қазылар алқасына естелік сыйлықтар таратып, Ақтөбенің сәлемін жеткізіпті.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.