Елек жағалауы тазара түсті


Сенбі күні өткен жалпықалалық сенбілік аясында жастар Елек өзенінің жағалауын тұрмыстық қалдықтардан тазартты. «Таза қала — таза жағалау» экологиялық акциясына «Жасыл ел» еңбек жасағы, колледж оқушылары мен еріктілер белсене қатысты. Олар Елек айналма жолынан Көктем-1 көпіріне дейінгі жолға тазалық жүргізіп, табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстарға жұмыла кірісті.
Қалалық әкімдіктің ұйымдастыруымен өткен сенбілік барысында тазалық жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылып, қажетті техникалық құралдар мен арнайы көліктер бөлінді. Айта кету керек, мұндай санитарлық іс-шара жыл сайын көктем мен күз мезгілінде тұрақты түрде өткізіліп келеді.
— Жаңа көпірден айналма жолға дейінгі аумақта көп мөлшерде қоқыс жиналған. Бұл, негізінен, күзгі мезгілде демалушылардан қалған қалдықтар. Сондықтан қала тұрғындарының демалыс орындарында тазалық сақтау мәдениетін арттыруқажет. Сондай-ақ санитарлық патрульдер, ескерту белгілері мен қоқыс жәшіктерін де орнатқан дұрыс. Біздің колледж әрқашан осындай игі істерге белсене атсалысуға дайын, — деді Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің«Автоматтандыру және басқару» бөлімінің меңгерушісі Дархан Шанбаев.
70-тен аса жас қатысқан сенбілік жұмысына қалалық әкімдіктен төрт техника жұмылдырылған.
Көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің оқытушысы әрі «Жасыл ел» штабының менеджері Лаура Ержанова да тазалық сақтау мәдениетіне қатысты өз ойын білдірді:
— Қоғамдық орындарда тазалықты сақтау мәселесін тиімді шешу үшін бейнебақылау жүйелерін енгізіп қана қоймай, айыппұл салу тетіктерін де біріздендіріп, нақты жүйелеу қажет. Тек осылай ғана тұрғындардың экологиялық тәртіпке деген жауапкершілігін арттыруға болады, — деді ол.
Ал жастар болса, тазалықтың табиғат пен қоғам үшін маңызды екенін айтып, мұндай шараларға алдағы уақытта да қатысуға дайын екенін жеткізді.
Айта кетейік, сенбілік барысында он тоннаға жуық қоқыс арнайы техникамен полигонға шығарылды.
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.



