Ғалымға құрмет көрсетілді

Конференция
М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің Аққағаз Досжанова атындағы конференц-залында кардиолог, профессор Бекболат Жолдиннің 75 жылдығына арналған «ХХІ ғасыр кардиологиясы: кардиоонкология, жүрек жеткіліксіздігі және липидологиядағы инновациялар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынға Ресей, Грузия және Қырғызстаннан 26 медицина саласының маманы қатысты.
Іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов ғалымды мерейтойымен құттықтады.
— Сіздің өмір жолыңыз — медицинаны, ғылымды және қоғам игілігін шынайы жақсы көретін тұлғаның үлгісі. Сіздің жетекшілігіңізбен дайындалған ғылыми зерттеулер The Lancet, Nature, European Journal of Heart Failure сияқты беделді халықаралық журналдарда жарияланды. Сіз Қазақстандағы кардиоонкология саласының негізін қалаушылардың бірі болып, ESC және EUROASPIRE жобаларының бас зерттеушісі ретінде жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша өңірлік регистрлердің құрылуына белсенді атсалыстыңыз.
Сіздің профессорлық кеңестеріңіз, дәрістеріңіз, ғылыми еңбектеріңіз бен әдістемелік құралдарыңыз бірнеше буын дәрігерлері үшін үлгі болды. Бүгінгі күнде де болашақ мамандар даярлауға белсене араласып, науқастарға кеңес беріп, резиденттерді оқытып, шеберлік класстар өткізіп, жас мамандармен баға жетпес тәжірибеңізді бөлісіп келе жатқаныңыз — біз үшін үлкен мақтаныш, — деді облыс әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ жиында оқу орны ректорының міндетін атқарушы Талғат Әбілов профессорға Марат Оспанов атындағы төсбелгіні тақты. Сонымен қатар Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Әсет Жеткізгенов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереев және Қазақстан кардиологтар қауымдастығының президенті СәлімБеркінбаев құттықтау сөз сөйледі.
Аталған іс-шараның аясында шеберлік сағаты өтті. Оның екеуі резидентураның білім беру саласына, ал үшеуі кардиологиядағы визуализация мен интервенцияның заманауи тәсілдері мен гастроэнтерологиядағы пәнаралық мәселелерге арналды.
Сондай-ақ конференция аясында оқу орнының жеті кафедрасынан 13 резидент қатысқан «Жас ғалымдар» байқауы өтті. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



