«Таза Қазақстан»Басты жаңалықтар

«Мектеп орманшылығы» жобасы басталды

Өңірде республика бойынша алғаш рет қолға алынған экологиялық бағыттағы «Мектеп орманшылығы» жобасы басталды. Игі бастама облыс әкімі Асхат Шахаровтың тікелей қолдауымен жүзеге асып отыр. Жобаның негізгі мақсаты — орман қорын көбейту, жас ұрпақты табиғатты аялауға баулу және экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Ақтөбе орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінде өткен шарағаоблыс әкімі Асхат Шахаров, қала әкімі Азамат Бекет, облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева қатысты.
Өңір басшысы оқушылармен бірге көшеттерді отырғызып, экологиялық бастаманың іске асуына қолдау білдірді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен  жүріп жатқан «Таза Қазақстан» ұлттық акциясы аясында қолға алынған бұл іс-шара өңірде алғаш рет жүзеге асып отыр. Бұл — тек экологиялық акция ғана емес, жас ұрпақтың бойында табиғатқа деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған ерекше жобалардың бірі. Бұл жоба қаламыздан бөлек, бірнеше аудан орталығында да басталды. Мәселен, Қобда, Ойыл, Мәртөк, Әйтеке би аудандарымен қоса, бір мезгілде 500-ден аса оқушы 700-ге жуық ағаш екті. Олар осы ағашты суарып, күтіп-баптауды да үйренеді. Біздің басты мақсатымыз — тұрақты экологиялық мәдениет қалыптастырып, табиғи ресурстарды тиімді басқарудың заманауи тәсілдерін енгізу. Барша өңір тұрғындарын осындай игі бастамаларға үлес қосуға шақырамын, — деді А.Шахаров.
Білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның айтуынша, Ақтөбе орта мектебі, Х.Доспанова атындағы №14 орта мектеп, Ф.Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназиясы Ақтөбе орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Бұл құжат аясында тараптар «Мектеп орманшылығы» жобасын бірлесіп жүзеге асырып, оқушылардың экологиялық білімін арттыру бағытында тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізетін болады.
Оқушылардың еккен ағаштарына тұрақты түрде күтім жасауы олардың экологиялық жауапкершілігін арттырып, табиғатқа деген жанашырлықты қалыптастырады. Олар аптасына бір мәрте арнайы кесте бойынша орманға келіп, ағаштарын суарып, түптеп, күтеді. Бұл  сабақтан тыс уақытта да іске асады, кейде биология пәнінің аясында өткізіледі. Оқушылардың қауіпсіздігін сақтау үшін арнайы мектеп автобустары бөлінді. Жазғы демалыс кезінде де бұл жұмыстар жалғаса береді. Орманшылар да оқушылармен бірге жүріп, оларды қажетті дағдыларға үйретеді, — деді Б.Күзембаева.
23 мың гектар жерді алып жатқан орман ішінен оқушылар үшін 0,5 гектар жер бөлінген.
Бүгін оқушылар төрт түрлі ағаш екті: қылқанжапырақты қарағай, терек, қайың және шаған. Олар — аптасына екі мәрте суаруды қажет ететін өсімдіктер. Біз балаларға ағаш отырғызу, оны күтіп-баптау, дұрыс суару және түптеу сияқты жұмыстарды үйретеміз. Осы арқылы болашақ орманшыларды тәрбиелеуге үлес қосамыз.
Жалпы,мекемемізде 127 қызметкер жұмыс істейді, 30-ға жуық техника бар. Қазіргі көктемгі маусымда орманның басқа да учаскелеріне ағаш егу жұмыстары қатар жүріп жатыр
, — дедіАқтөбе орман шаруашылығының шеберіБекет Жадырасынов.
Жобаға қатысушы Олжас Марат табиғатты қорғаушылар қатарына қосылуға мүмкіндік алғанына ерекше қуанышты екенін жеткізді.Бұл экологиялық сауаттылықты арттыруға, табиғатты аялауға әрі болашақта ел табиғатын қорғаушы білікті мамандардың қалыптасуына үлкен бастама болары сөзсіз.
Табиғатты қорғау жолында еңбек етіп жатқаныма өте қуаныштымын. Бүгін біз өз қолымызбен ағаш ектік. Егер әр адам жыл сайын бір тал егуді әдетке айналдырса, еліміздің экологиялық жағдайы жақсарып, табиғатқа деген жауапкершілігі артар еді,— деді ол.

Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button