Өзбекстанмен алыс-беріс молаяды

Ынтымақтастық
Облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов өңір басшысының тапсырмасымен Өзбекстан Республикасына жұмыс сапарымен барып, Ташкент қаласындағы «TEXNOPARK» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметімен танысты.
Ақтөбелік делегацияның сапарға шығудағы мақсаты — өңіраралық байланысты нығайту, индустриалды аймақтарды зерттеу, бірлескен жобалар мен инвестициялық әріптестік мүмкіндіктерін қарастыру.
«TEXNOPARK» ЖШС 2019 жылы құрылған, жалпы аумағы — 106,5 гектар, оның ішінде 50 гектары — өндірістік аймақ. Қызметкерлер саны —5500. Мұнда 21 жоба іске асырылып жатыр. Жобалардың жалпы инвестициялық құны 371,5 млн АҚШ долларынан асады. Тауарлар ішкі нарықпен қатар, экспортқа да бағытталған.
Технопарк аясындағы негізгі өндірістердің ішінде газ есептегіштер, тұрмыстық тоңазытқыштар, кір жуатын машиналар, өнеркәсіптік кондиционерлер, лифтілер мен эскалаторлар, сорғылар, пресс-формалар мен штамптар, есік-терезе фурнитурасы, панельдік радиаторлар, металлоконструкциялар, өнеркәсіптік мұздатқыштар, PIR толтырғыш сендвич панельдер, мыс құбырлар мен фитингтер және HPL панельдер бар.Өндірілген тауарлар Қазақстан (27 млн доллар), Ресей, Украина, Әзірбайжан, Грузия, Армения, Тәжікстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Румыния, т.б. елдерге экспортталады.
— Екі ел арасындағы достық пен бауырластық байланыс берік. Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтің бастамаларымен бұл байланыс жаңа деңгейге көтерілді. Сауда, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, мәдени-гуманитарлық салалар — басты назарда. Біз Өзбекстанмен жаңа бірлескен жобалар жасауға, тәжірибе алмасуға дайынбыз,— деді Абзал Әбдікәрімов.
Ресми деректерге сүйенсек, Ақтөбе мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы былтыр 52,4 млн АҚШ долларына жеткен. Өзбекстанға ферроқорытпа, металл бұйымдарын, химиялық өнімдер, құрылыс материалдары және ауыл шаруашылығы өнімдері тасымалданады.
Сапар аясында Ақтөбе қаласының халықаралық әуежайы маңында құрылған арнайы экономикалық аймақ таныстырылды. Аймақта 65 бағыт бойынша жобалар іске асыру көзделуде.
«Өзбекстан кәсіпкерлерін Ақтөбе облысымен ынтымақтастыққа шақырамыз. Бірлескен өндіріс, ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу, логистика салаларында жобалар жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Біз өзара тиімді серіктестікке дайынбыз. Сапарымыз нәтижелі, келіссөздеріміз табысты болатынына сенеміз. Ақтөбе облысына инвестиция құюға, серіктестікті кеңейтуге шақырамыз», — деп сөзін қорытындылады Абзал Әбдікәрімов.
Сондай-ақ Ташкент қаласында облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов пен «BMB HOLDING» компаниясының халықаралық қатынастар және инвестициялар жөніндегі бас директорының орынбасары Хайрулла Набижоновтың кездесуі өтті.
Басқосу барысында облыс әкімінің орынбасары Ақтөбе өңірінің экономикалық әлеуеті, соның ішінде көкөніс пен жеміс-жидек өнімдерін экспорттау мүмкіндіктері туралы мағлұмат берді. Атап айтқанда, облыс аумағында жаңа экономикалық аймақ құрылғаны және осы аймақтардың резиденттері саналатын инвесторларға салықтық және кедендік жеңілдіктер берілетіндігі ерекше атап өтілді.
Сонымен қатар Ақтөбе облысы Ресей Федерациясы мен Қытай Халық Республикасына апаратын негізгі сауда жолдарының тоғысқан жерінде орналасқандықтан, бұл өңірде ірі логистикалық орталық құруға қолайлы географиялық жағдайлар бар екені айтылды.
Кездесуде «BMB HOLDING» компаниясының негізгі қызмет бағыттары мен іске асырылып жатқан инвестициялық жобалары да таныстырылды. Артынша өзара инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері күн тәртібіне қойылды.
Кездесу соңында Абзал Әбдікәрімов «BMB HOLDING» компаниясын Қазақстандағы ірі сауда желілері мен дистрибьюторлық компаниялармен таныстыру арқылы өзара сауда ынтымақтастығын жолға қою үшін қолғабыс етуге дайын екенін білдірді.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.



