Жұмысшы мамандықтары жылы

Ферроқорытпа өндірісіндегі сапаны бақылайтын маман

Еселі еңбегімен әріптестері арасында құрметке бөленіп, кәсіпорынның дамуына үлес қосып жүргендердің бірі — Ақтөбе ферроқорытпа зауытының шихта машинисі Марат Есіркенов. Кейіпкеріміз осы салада 30 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді.

Өз ортасында жоғары кәсіби білігі мен жауапкершілік қасиеттерімен белгілі Марат балқыту цехының шихта дайындау учаскесінде еңбек етеді. Қызметінің жай-жапсары туралы сұрағанымызда жігіт ағасы әуелі жұмысқа алғаш қабылданған кезі мен тәлімгерлерін еске алды.

Кәсіби маман болуыма зауыттағы тәлімгерім Таңсары Қыдыралиннің сіңірген еңбегі зор. Ол тек өндіріс орнындағы көрген-білгенін ғана емес, жас маман боп келген маған ең бірінші кезекте жақсы адам болу керектігін, өз жұмысын сүю — басты мұрат екенін ұғындырды. Мені жұмысқа қабылдаған цех басшысы Көбеген Чулановтан да үйренгенім көп. Әрқашан осы сөзі есімнен кетпейді: «Егер сіз адамдардың бар ынтамен жұмыс істегенін қаласаңыз, барлығына ыңғайлы және шынымен қызықты болатын атмосфераны құруыңыз керек». Расында, ұжымдық еңбекте топтасып жүрудің, бәріміздің «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып жұмыс істеуіміздің пайдасы зор. Әсіресе, балқыту цехында командалық рух қажет, — дейді әңгімелесушіміз.

Шихта машинисінің міндетінешикізатты ұсақтау һәм ұнтақтау және араластыру процестерін басқару кіреді. Шикізаттың сапасын бақылап, қоспаның оңтайлы параметрлері дұрыс орналасуын реттейтін, артынша шихтаның әр партиясы қажетті талаптарға сай болуы керектігіне жауап беретін маман, бір сөзбен айқанда, ферроқорытпа өнімінің сапасын қадағалайды.

Әрдайым ізденетін Марат енді кейінгі толқынға бағыт-бағдар беріп, өзі тәлімгер болып жүр. Тәжірибесін шыңдап, білімін жетілдіруді де ұмытпайды.

— Зауыттағы шихта дайындау учаскесі  — ферроқорытпа өндірісіндегі технологиялық процестің негізгі бөлігі. Онда балқыту пештерінде одан әрі өңдеу үшін қажетті шикізатты дайындау жүргізіледі. Өндірістің барлық келесі кезеңдерінің тұрақтылығы мен тиімділігі шихтаның дұрыс дайындалуына тікелей байланысты,— деп жұмысының қыр-сырын түсіндірді Марат.

Зауытта атқарған еңбегі ескеріліп, әр жылдары облыс әкімі, кәсіпорын басшысынан марапат алған шихта машинисі өз жұмысын ерекше жақсы көретінін атап өтті.

«Қазхром» компаниясына қарасты «Еуразия» медициналық орталығында еңбек ететін зайыбы екеуі 5 бала тәрбиелеп отырған металлург биыл елімізде жұмысшы мамандықтары жылы жарияланғанына бек қуанышты. Оның ойынша, қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу арқылы жастарды отансүйгіштікке, қол қусырып отырмауға тәрбиелеуге болады. «Қай жұмыстың болсын, жаманы жоқ. Тек адалынан болса жеткілікті. Және қатардағы жұмысшы болу арқылы қоғамға көп пайда әкелуге болады. Ең бастысы, әр адам қолынан келетін іспен айналысуға тиіс», — деп сөзін түйіндеді зауыт қызметкері.

 «Ақтөбенің» анықтамасы 

ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРЫ САНАТЫНА КІМДЕР ЖАТАДЫ?

Ұлттық статистика бюросы таратқан мәліметке сүйенсек, елімізде 2,3 миллион адам жұмысшы мамандығы бойынша еңбек етеді.

Олар: көлік және байланыс саласы: жүк көліктерінің жүргізушілері, автобус жүргізушілері, такси жүргізушілері, электровоз жүргізушілері, т.б.; құрылыс және өндіріс саласы: құрылысшылар (монтаждаушылар, шеберлер, тас қалаушылар), дәнекерлеушілер, слесарьлар, электриктер, жабдық операторлары, құрылыс бригадирлері, сылақшылар; қызмет көрсету саласы: сантехниктер, құбыр өңдеушілер, қонақүй қызметкерлері, кондитерлер, аспаздар, үй шаруашылығы қызметкерлері; ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы: тракторшылар, шаруа қожалықтарындағы жұмысшылар, жер өңдеушілер, малшылар; өнеркәсіп және тау-кен саласы: кеншілер, теміржолшылар, металл өңдеушілер, шахталар мен кен орындарының жұмысшылары; балық шаруашылығы мен су транспорты: балық аулаушылар, су транспортының жұмысшылары; энергетика және коммуналдық қызметтер: электрмонтаждаушылар, жылу жүйелерін жөндеушілер, газ және су жүйелерін жөндеушілер, электр қуатын өндірушілер мен тарату қызметкерлері, су және жылу энергетикасының оператормен жұмыс істейтін қызметкерлері; өндіріс және механика: автокөлік жөндеушілер (автослесарлар, автомобиль механиктері), құралдар мен станоктар операторлары, машинистер, металлургия және химиялық өндірістің жұмысшылары, машина жасау шеберлері;

тамақ өнеркәсібі және аграрлық сала: ет, сүт, ұн өндірісінің жұмысшылары, өсімдік өсірушілер, мал дәрігерлері; сауда қызметкерлері: сатушылар, кассирлер, дүкен қызметкерлері, курьерлер жатады.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button