«Ваbу Skills»: алғашқы жарыс жеңімпаздары

Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжі мектепке дейінгі тәрбие бөлімінің ұйымдастыруымен алғаш рет «Ваbу Skills» сайысы өтті. Сайысқа №17 «Шұғыла» бөбекжай-балабақшасының мектепалды даярлық тобының тәрбиеленушілері мен колледждің білім алушылары қатысты.
Іс-шарада колледждің мектепке дейінгі тәрбие және оқыту мамандығында оқып жатқан білім алушылар 3 модуль бойынша бақ сынады.
—Жұмысшы мамандықтары жылына байланысты техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялаудың 2025-2027 жылдарға арналған жол картасы қабылданды. Осыған орай өңірде жұмысшы мамандықтар бойынша білім беру сапасын арттыруға бағытталған кешенді іс-шаралар атқарылып жатыр. Жастарды кәсіптік бағдарлау және еңбек нарығының сұранысына сәйкес мамандарды даярлау ісі өңірде қарқынды дамып келеді. Осы жолы сайысқа колледжішілік «WorldSkills» байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысты. Қатысушылардың даярлығы жоғары деңгейде. Білім алушылардың әрқайсысы балалармен жұмыс жасаудың, қарым-қатынас орнатудың әдіс-тәсілдерін меңгерген. Олар сайыс барысында балалармен бірге түрлі тапсырмаларды орындап, қабілеттерін шыңдады, — дейді колледждің мектепке дейінгі тәрбие бөлімінің арнаулы пән оқытушысы Нұргүл Құрманбаева.
Іс-шарада «Шұғыла» бөбекжай-балабақшасыныңтәрбиеленушілері «Қара жорға» биін мың бұрала билеп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Сайыс қатысушысы Әсем Жеңіс балдырғандар жарысқа бір апта бойы үздіксіз дайындалғанын айтады.
— Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту мамандығының4-курсында оқып жатырмын.Балалармен жұмыс жасағанды және көпшілік іс-шараларды ұйымдастырғанды жақсы көремін. Сайысқа құрылысшының киімін арнайы кидік. Мақсатымыз — жұмысшы мамандықтардың әлеуетін арттыру. Ептілікті қажет ететін жұмысшы мамандықтарының мемлекет тарапынан қолдау тапқанына қуаныштымын. Сайыста Ақназар Айқали есімді балабақша тәрбиеленушісіне жетекшілік еттім. Біз әр модуль бойынша жасаған жұмыстарымызды қорғап, сурет салып, зәулім ғимараттардың макетін және құрастырмалы материалдардан бейне жасадық, — дейді ол.
Білім алушылардың өнерін «Шұғыла» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Дина Жетілгенова, «Бәйшешек» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Сандуғаш Әбдішүкірова бағалады. Нәтижесінде 1-орын Әмірхан Серікке, (жетекшісі — Динара Тұрғалиева), 2-орын Сұлтан Медетұлына, (жетекшісі — Айнұр Сағымбаева), 3-орын Ақназар Айтқалиға (жетекшісі — Әсем Жеңіс) бұйырды. Байқау соңында жеңімпаздарға Мақтау қағазы мен жетекшілерге Алғыс хат табысталды.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



