Ырғызда бөгеттер салынып, су құбырлары жөнделді

Жұмыс сапары
Ырғыз ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Асхат Шахаров су тасқынына қарсы атқарылған жұмыстармен танысты.
Биыл көктемгі тасқын мен маусымдық су басудан елді мекенді қорғау үшін Ырғыз ауылында бөгет салынды. Жобаны жүзеге асырған мердігер ұйым — «BNB Stroy Group» ЖШС. Бөгеттің ұзындығы — 3,6 шақырым, биіктігі —3 метр.
Жұмыстар былтырғы қазан айынан биылғы қаңтар айына дейін жүргізілді. Жобаның жалпы құны — 217,3 млн теңге. Құрылыс барысында топырақты нығайту және нысанның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін сазды құм қолданылған.
—Бұл — бүкіл аудан үшін стратегиялық маңызды нысан. Бөгеттің арқасында Ырғыз ауылындағы алты мыңнан астам тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырмыз. Бұл тек үйлер мен инфрақұрылымды қорғау ғана емес, бұл – халықтың ертеңгі күнге деген сенімі мен тұрақтылығының кепілі, — деді облыс әкімі.
Ырғыздағы бөгет халықты су тасқынынан қорғау мақсатында салынған бір ғана нысан емес. Былтырғы тасқыннан кейін Ырғыз ауданында Жайсаңбай, Құйылыс, Белшер, Мамыр және Құтикөл ауылдарында да су шаруашылығы құрылыстарын салу туралы шешім қабылданды. Бұл шаралар елді мекендердің су тасқынына қарсы тұрақтылығын жүйелі түрде арттыруға және өмірлік маңызы бар инфрақұрылымды қорғауға бағытталған.
Асхат ШахаровЫрғыз-Нұра автожолындағы су өткізу құрылғыларының жөнделу жайымен де танысты. Мұнда «Сантехцентр» ЖШС жүзеге асырып жатқан жоба аясында 13 жаңа құбырсалынып, 6 ескі құбыр жөнделетін болады.
— Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне шығатын жаңа автожол жобасының басталғанын жариялады. Бұл жаңа магистраль елдің орталық және батыс өңірлерінің арасындағы жолды едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл — ауқымды жоба, Ырғыз ауданының дамуына жаңа мүмкіндік береді. Біз аймақтық деңгейде осы өзгерістерге дайын болуымыз керек, — деп атап өтті Асхат Шахаров.
Сапар аясында облыс әкімі Жайсаңбай және Белшер ауылдарындағы бөгеттерге де әуеден шолу жасады.
Бағдарлама жемісі
Облыс әкімі ауданға жұмыс сапары аясында кәсіпкерлік нысандарын да аралады. Мәселен, жуырда Ырғыз ауылында ашылған «Райана» наубайханасы — «Ауыл аманаты» жобасының жемісі.
Наубайхана иесі Айгүлім Ақатай — үш баланың анасы, жеке бизнесін ашу үшін көп еңбектенген кәсіпкер. Ол аталған бағдарлама аясында 6,6 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, қажетті жабдықты сатып алып, өндірісті жолға қойған.
Бүгінде мұнда күн сайын 250 бөлке нан пісіріледі. Бір бөлке нанның бағасы — 180 теңге. Кәсіпкер бүгінде бір адамды жұмыспен қамтып отыр.
Асхат Шахаров әйелдер кәсіпкерлігі ауылдардың дамуы үшін ерекше маңызды екенін атап өтті.
—Мемлекет бастамашыл азаматтарды қолдайды. Әйелдердің жауапкершілікті өз мойнына алып, жеке кәсібін сүйіспеншілікпен дамытқанын көру — өте қуантарлық іс, — деген облыс әкімікәсіпкердің жаңа бастамасына табыс тіледі.
Ырғыз ауданының әкімі Нұрлан Қызбергенов атап өткендей, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша былтыр 479,69 млн теңгеге 73 жоба мақұлданған. Мәселен, шағын бизнес саласында — 8 жоба, өсімдік шаруашылығында бір жоба және мал шаруашылығы бойынша 64 жоба іске асырылған. Ырғыз ауылдық округінде 32 тұрғын бағдарлама бойынша несие алған. Биыл 30 млн теңгеге үш жоба мақұлданған. Қазір құжаттарды рәсімдеу жүріп жатыр.
Жаңа кітапхана
Асхат Шахаров Ырғыз ауылындағы жаңа аудандық орталықтандырылған кітапхананың жұмысымен танысты. Жалпы ауданы 815,5 шаршы метр болатын заманауи екі қабатты ғимаратты «SAK групп» ЖШС салған. Жобаның жалпы құны — 384,6 млн теңге.
Мекеме директоры Айгүл Нұрмаханова облыс әкіміне кітапхана ұжымын таныстырып, техникалық жабдықталуы мен оқырмандармен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Оның айтуынша, қазіргі таңда мұнда 11 кітапханашы мен 12 кіші қызметкер жұмыс істейді. Ауданда барлығы 4 кітапхана бар, онда 30 кітапханашы қызмет етеді. Жаңа нысан 24 кабинеттен тұрады, 10 компьютермен және көпфункциялы техникамен жабдықталған. Алдағы жоспарлардың бірі — кітапхана аумағын абаттандырып, ағаш егу.
— Заманауи нысандар, соның ішінде кітапхана жаңа мәдени әрі зияткерлік ортаны қалыптастыратыны сөзсіз. Әсіресе бұл жастар үшін маңызды. Мұнда түрлі іс-шаралар мен ағартушылық жұмыстар жүргізілуі керек. Жастар мұнда тек кітап оқу үшін ғана емес, білімін тереңдетіп, даму үшін келеді, — деді облыс әкімі.

Мектеп мемлекет меншігіне алынады
Ырғыз ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі былтыр көктемде су тасқынынан зардап шеккен Нұра ауылына барды.
Аймақ басшысы апатты мектептің орнына жеке кәсіпкер салған жаңа білім ордасын көріп, жергілікті тұрғындармен кездесті.
Былтырғы су тасқынынан кейін Нұрадағы өзекті мәселелердің бірі осы мектеп мәселесі еді. Темірбек Жүргенов атындағы бұрынғы орта мектептің ғимараты апатты деп танылған. Жеке инвестор «Қуанышбек» ЖШС Сарыоба жерінде 100 орындық жаңа оқу орнын салып, оның жанынан шағын орталық ашуға септігін тигізді. Қазір оқу орнында 105 бала оқып жатыр, 38 педагог жұмыс істейді.
Айта кету керек, қазіргі уақытта нысанды мемлекеттік меншікке рәсімдеу ісі жүріп жатыр.
Облыс әкімі жаңа ғимаратты аралап, ұжыммен әңгімелесті және мектеп құрылысына қаражат салған кәсіпкердің әлеуметтік жауапкершілігін атап өтті.
Бұдан соң Асхат Шахаров жергілікті тұрғындармен кездесті. Нұралықтар әкімге мектеп айналасын абаттандыру және жол салу туралы өтініштерін білдірді.
Өңір басшысы ауылдағы жол құрылысы жақын арада жұмыс жоспарына енгізілгенін алға тартты. Сондай-ақ ауылда воркаут және балалар алаңы, Мәдениет үйі, фельдшерлік-амбулаториялық пункт салынатынын айтты.
Д.АЙДАР.



