Тарих

«Кедейдің» Кенжеғалиы

Серікқали БАЙМЕНШЕ,

филология ғылымдарының докторы,

Қазақстанның Құрметті журналисі,

Қазақстан Республикасының

Ресей Федерациясындағы

Елшілігінің Бірінші хатшысы.

 

ХХ ғасырдағы бүтін дүниені қақ бөлген Қазан төңкерісіне дейін екі өлеңдер жинағын шығарған қазақ ақыны көп пе?  Бұл кезеңде жалпы өлеңші аз болмаса да, қолтаңбасы тасқа басылған нағыз өнерші саусақпен санарлықтай еді ғой… Демек, аумалы-төкпелі, алағай-бұлағай төңкерістерді,  саяси секірістердің сойқанын басынан өткерген ұлттық әдебиет пен баспасөздің өткен ғасырдағы ендік-бойлықтарында әлі де кеңінен танылмаған қаламгерлер тұрғанын мойындауға тура келеді.

Әдетте тарих бәрін  ұмытып кетеді деседі,  бірақ  ұмытып кеткеніңді  еске салып тұратын да сол тарих шіркін екен! Мысалы,  ХХ ғасырдағы ұлт әдебиетінің шежіресінде  ұмытылып-ұмытылмаған Кенжеғали Абдуллин (Ғабдуллин) есімді қазақ  қаламгері бар. Шығармашылық өмір-ғұмыры ХХ ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарымен шектелетін  бұл ақынның шығармаларын зерттеу, еңбектерін қайта жариялау шын мәнінде қолға алынған жоқ.

Кенжеғалиды ұдайы еске салып, ол  жөнінде көбірек айтқан, жұртшылық назарын аударуға тырысқан белгілі жазушы Ғалым Ахмедов еді.  20-жылдары Орынборда ашылған оқу орындарында  «Ахмет, Міржақып, Елдес Омаров, Телжан Шонанов, Әзім Қадырбаев, Мәжит Шомбалов, Мұхтар Мұрзин, Молдағали Жолдыбаев, Кенжеғали Ғабдуллин, Жұмабай Оразалин және басқалар дәріс оқыды» деп жазды ол. Ғалым Ахмедовтың естелігіне сілтеме жасай отырып, алғаш рет К. Ғабдуллин шығармашылығы туралы сөз қозғаған белгілі  ғалым Қабиболла Сыдиықов  оның өмірі туралы деректердің өте аз екендігіне  назар аударды.

Кенжеғали 1896 жылы сол кездегі Орынбор облысының Қуандық ауданына қарайтын  Әлімбет ауылында дүниеге келген. Әлімбеттің  Ақтөбе қаласынан екі жүз шақырымдай  жерде, Қандағаш-Жаманқала (Орск) теміржолының бойына орналасқаны белгілі. Бұрын  Ленин ауданындағы партияның ХVІІІ съезі атындағы  кеңшардың орталығы болса, бүгінде селолық округтың орталығы.  Әлімбет – Жаманқалаға (Орскіге)  таяу, Ресей шекарасына жақын орналасқан ауыл.  «Қарғалы» кеден бекетінің автокөлік өткелі  осы жер атауына қарай «Әлімбет» деп аталады.  Көршілес  Орынбор облысының Қуандық өңірінде Әлімбет өзені бар.  Қазақ  қаламгерлерінің бөгде есім ретінде көп жағдайда туған жерінің атауын, арғы атасының есімін, шыққан руын пайдаланған  тарихи тәжірибесін   ескеретін болсақ, Кенжеғалидың  «әл-Әлімбети», «Әлімбетов», «Кенжеғали бин Ғабдолла», «Серғали әл-Әлімбети»» деген  бүркеншік  аттарды тегін қолданбағаны аңғарылады. Әуелі ауыл молдасынан сауатын ашқан Кенжеғали кейін Қазан қаласындағы жаңа әдіспен оқытатын «Мұхаммадия» медресесінен білім алып, оқытушы болып шығады. Ел ішінде бала оқытумен айналысады.  Мұның дәлелі боларлық деректі профессор Тұрсынбек Кәкішевтің «Садақ» атты роман-эссесінен табуға болады.

Бала оқытуды  өмірінің басты ісіне айналдырған Кенжеғали жазу-сызумен айналысуды да ерте қолға алған. Ауыл мектебінде жүріп  шәкірттер күшімен газет шығаруға деген талпынысын айтпағанның өзінде,  1912-1914 жылдары  Қазан  қаласының баспаханаларынан «Ислам негізі»  атты аударма еңбегін, «Қазақ балаларына жәрдем» деген қазақша әліппені, «Өнеге яки нәмуне» деп аталатын дауыстап оқуға  арналған оқу құралын жеке кітап етіп шығаруы  сөзсіз назар аударуға тұрады. Бұл  — қазақ тіліндегі  алғашқы оқулық үлгілері.

Кенжеғалидың әдебиет тарихындағы орнын айқындайтын өлшем – оның 1917 жылғы төңкеріске дейін екі өлеңдер жинағын шығаруы. Бұлар «Қазақтың қамы» (1913) және «Ұран» (1914) деп аталған. Бұларға қосымша, ХХ ғасыр басындағы ұлттық мерзімдік басылымдарға төл шығармаларымен қатысып тұрғанын дәлелдейтін фактілер де аз емес. «Айқап» журналына «Газет-журналдар туралы» деген  шағын хабары, екі  өлеңі  жарияланыпты. Мысалы, «Қайғым һәм үмітім» (1914) деп аталған өлеңінде ақын  өз сөзінің халыққа өтпей-жетпей жатқанына өкініш білдіреді, өзінің  шын ойын жұрттың әлі сезіп болмағанын, ел дертіне шипа тапсам деген үміті зор екендігін жан қайғысы ретінде  ұсына отырып,  түбінде айтқан сөзінің далаға кетпейтініне, елдің осыны түсініп алға қарай ұмтылатынына,   болашағын ойлап, білім-ғылым білсе  «әмме ағзасын» алтынмен бояғандай боларына  үміт артады.  Бұл ойларын  «Елім» (1915) атты өлеңінде:

Сен өссең,

Күнде жасап, өсем, елім.

Су сепкен оттай өшсең,

Өшем, елім, — деп  әрі қарай жалғап, қалың қазақ елінің  замананың дауылынан аман-есен қалуын тілейді.

«Айқаптың» жай оқырманы дәрежесінде ғана қалмай, төлтума еңбектерінің басылым беттерінен көрінуі Кенжеғалидың таным-түсінігінің, білім өрісінің, шығармашылық  қабілетінің деңгейін байыптауға мүмкіндік береді.  Сонымен бірге қаламгерлік мұраты журнал шығарушылармен (М.Сералин, С.Торайғыров, Ә. Ғалимов) де,  бір мақсат топтастырған  авторлар қауымымен  (Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, т.б.) де қаншалықты  ұштасып жатқанын   аңғартады.

Кенжеғали  «Қазақ» газетінің де  шынайы оқырманы болған және хабар-ошарлар жазып тұрған. «Ушител һәм мұғалімдерге» (1917) деген мақаласында ел ішіндегі оқу-білім жайын қозғайды, оқытушылардың бас қосып, пікір алысуы қажеттігін сөз етеді. Сондай-ақ  кезінде осы газет көтерген адамның аты-жөні  орысша жазылғанда қосылып жүрген «ов» пен «ова» туралы пікірсайыс (1915)  та Кенжеғалиды бейтарап қалдырмапты.

«Қазақтың қамы», «Ұран» аталатын екі кітабы К. Ғабдуллиннің өз өлеңдерінің жинағы» дейді  зерттеуші Қ.Сыдиықов. Бұлар — 1912 және 1914 жылдары Қазан қаласындағы  Каримовтар баспаханасында басылған, жалпы көлемі жетпіс беттей болатын, отыздан астам өлең-жырын топтастырған  жинақтар. Осы уақытқа дейін қайта жарияланым көрмеген, бүгінгі оқырман үшін мазмұн-мағынасы мүлде белгісіз туындылар.

Кенжеғали Ғабдуллин жиырмасыншы жылдардың орта шенінен бастап өз еңбектеріне «К. Абдуллин», «К.Абдолдаұлы» деп қол қоя бастаған. Мұның әртүрлі себебі болуы мүмкін. Бірақ  ең басты себеп — 20-жылдары А.Мартыненко құрастырып шығарған «Алашорда» атты құжаттар  жинағында  есімінің аталуы деп ойлаймыз. Талайдың тағдырын шешкен осы жинақтың кезінде біртуар  азаматтардың өмір-ғұмырына  елеулі әсер еткені айтылып та, жазылып та жүр. Кенжеғалиға қатысты да осыны айтуға болады.

Жинақта  жазылғанға сенсек,   Жаһанша Досмұхамедов басқарған Алашорда үкіметінің жігіттері генерал Толстовтың отрядымен бірге  большевиктерге  бүйрегі бұратындарды қатаң жазалайды. Торғайдағы кеңес өкіметі жойылып, бұрынғы қалалық және жергілікті өзін-өзі басқару қалпына келтіріледі және ендігі  билік Ресейдің адмирал Колчак басқаратын уақытша  үкіметіне беріледі.   Сондай-ақ олар Таран отрядын қарусыздандырып, қырып-жояды. Осы оқиғалар Орынбордағы дербес армия штабына хабарланады. Бұл туралы «Алашорда» жинағында «Для сообщения  о событиях, разоружения и уничтожения  отряда был для связи со штабом отдельной Оренбургской  армии командирован их представитель, некий Габдуллин  Кенжегали, который явился в штаб армии 11 мая 1919 г.»   Егер осы байланысшыны біз сөз етіп отырған Кенжеғали дейтін болсақ, бұл оның 1918-1919 жылдары Алашорда сапында болғанын білдіреді.  Ақтөбе облыстық мұрағатынан алынған  отызыншы жылдардағы кейбір құжаттарда  Кенжеғали Абдуллин «алашордашыл», «халық жауы» деп көрсетіліпті. Қалай дегенде де, А. Мартыненконың жинақтаған жазбасы дұрыс болсын, бұрыс болсын,  Кенжеғали есімінің  кеңестік заманда көрінбеуінің   сыры   осы дерекпен тікелей байланысты жатқанын жоққа шығара алмаймыз.

Мұны Кенжеғалидың бірінші биографы  жазушы Ғалым Ахмедов жазбалары толық қуаттайды. «Алашорда в документах» деген кітапта, — дейді ол, —  екі арада Кенжеғали жүрді деген,  архивте оның аты жоқ, бірақ бұрын мұғалім болған, өлең кітаптары шыққан Кенжеғали 1937 жылы осы отқа күйді».

Кеңес заманындағы жұрт қорқатын құжатта («Алашорда») «некий Кенжегали Габдуллин» деп аталған соң, Кенжеғалидың өз ататегін «Абдоллаұлы», «Абдуллин» деп өзгертуі әбден мүмкін нәрсе. Ал «Ғабдолланың» «Абдолла», «Ғабдолданың» «Абдолда» болып өзгеруі   қолданысымызда жиі кездесетін жәйіт.   «Ғайсаның» «Айсаға», «Ғұмардың» «Омарға», «Ғалиханның» «Әлиханға», «Ғабдірәсілдің» «Әбдірәсілге» айналуы сияқты үрдіс, бұл  тіліміз үшін аса жат құбылыс емес. Сайып келгенде, Кенжеғали Ғабдаллиннің – Кенжеғали Ғабдуллиннің – Кенжеғали Абдуллиннің – Кенжеғали Абдолдаұлының бәрі бір адам екендігі  Ғалым Ахмедов  қалдырып кеткен деректермен   толық сәйкес келеді.

1917 жылғы қос төңкерістен кейін Кенжеғали өлеңдері көп жарияланбаған. Бұл кездері ол негізінен педагогикалық әрі журналистік  қызметпен айналысқан. Байтұрсынұлы Ақымет, Шонанұлы Телжан шығарған «Оқу құралы» (Қызылорда, 1927 ж.) атты хрестоматиялық үлгідегі кітапта  «Абдоллаұлы Кенжеғалидың» «Жас ұлан» деген өлеңі кездеседі.

Кенжеғали 1925 жылы Ақтөбенің «Кедей» газетіне ауысыпты, бұл астананың Орынбордан Қызылорда қаласына көшуіне байланысты болса керек. «Кедей» газетінде істей жүріп, Құдайберген Жұбанов, Жиенғали Тілепбергенов, Шақ Үдербаевтармен бірге, 1925-1926 жылдары Ақтөбеде ұйымдастырылған  педагогикалық техникумның алғашқы ұстаздарының бірі болған. Осы педтехникумда білім алып шыққан көптеген адамдардың естелігінде  өздерін оқытқан ұстаздар қатарында Кенжеғали Абдуллиннің де есімі аталады.

1925 жылы еңбек жолын жалғастырған Ақтөбедегі «Кедей» газеті — оның қаламгерлік таланты, әсіресе журналистік қарымы, баспасөздегі ұйымдастырушылық  қабілеті ерекше байқалған басылым.  Газеттің 1925-1930 жылдардағы нөмірлерінен кездесетін «К.», «К.А», «Кенжеғали» деп қол қойылған  көптеген шығармалардың авторы сол деп ойлаймыз. Әрине, бұл кезеңде ол өлеңді көп жазбаған, есесіне сол тұстағы ұлттық баспасөзде кең өріс алған оқшау сөздерге  көп мән берген. Газеттен Қазақстан өкіметінің Қызылорда қаласына көшіп келуіне  байланысты жазылған «Алақай!» деген бір өлеңін (20.04.1925) ғана кездестірдік.

1925-1929 жылдары «Кедейге» Ә.Лекеров, Д.Хангерев, Ж.Жәнібеков жауапты редактор болып жүргенде көптеген нөмірлерге уақытша редактор ретінде Жиенғали Тілепбергенов пен Кенжеғали Абдуллин кезек  қол қойып отырған. Ал 1929 жылғы 1-нөмірден бастап мамыр айының аяғына дейін уақытша редактор ретінде қол қойып келген Кенжеғали Абдуллин 27-нөмірден бастап –  газеттің жауапты редакторы.  Кенжеғалидың басқаруымен шыққан сол жылғы 7 маусымдағы 29-нөмір тұтастай «Кедей» газетінің бес жылдығына арналған.

«Егемен Қазақтан» газетінің тарихына байланысты құжаттарда 1921 жылы Орынборда «Еңбекшіл қазақ» газетінің бірінші редколлегия мүшесі ретінде (Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Таутан Арыстанбеков, Нәзипа Құлжанова, Молдағали Жолдыбаев, Аманғали Сегізбаевтармен бірге)  түскен Кенжеғалидың да суреті жарияланған   Профессор Е.Смайыловтың еңбегінде де Сәкен Сейфуллиннің кезінде  Кенжеғалиды газет жұмысына тартқаны айтылады. Мұның бәрі оның  жиырмасыншы жылдардың бас кезінде Орынборда Қазақтың ағарту институтында, «Еңбекшіл қазақ» газетінде жұмыс істегеніне дәйек бола алады.

1928 жылы Ақтөбе губерниядан  дербес округке айналды, 1930 жылы округтер ажырап, ауданға бөлінді. Кенжеғалидың газеттегі жауапты редакторлығы да осы бөлініске орай   30-жылдың бас кезінде аяқталды.  Ол 1925-1930 жылдары «Кедей» газетінде Әзімбай Лекеров,  Жиенғали Тілепбергенов, Жанұзақ Жәнібеков, Абдолла Құлбекұлы сияқты қаламгерлермен бірге жұмыс істеді.

Кенжеғали Абдуллин отызыншы жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газетінде  жұмыс істепті («1936 жылы Шымкентте көрдім. Облыстық газетте жұмыс істейді екен. Созақта аудандық газетте де істеді ғой деймін…» дейді Ғ.Ахмедов).  Оның бұл жылдары Ақтөбеден Шымкентке келуінің сыры бізге белгісіз. «Кедей» газеті екіге бөлінген соң, жоғары ұйымдар қаламы қалыптасқан журналисті істе пайдалану үшін  сонда жіберген болуы мүмкін. Әлде өз тілегімен келді ме?

«Оңтүстік Қазақстан»  газетіне 1932 жылғы 9 сәуірдегі нөмірінен бастап жауапты редактор ретінде  Бейсембай Кенжебаев қол қойған. Бейсекең келгенде, Кенжеғали осы газетте жұмыс істеп жүрген сияқты. Өйткені басылым беттерінен Кенжеғалидың бірер мақалаларын, ал  1933 жылы газеттің бірнеше нөмірлеріне уақытша жауапты  редактор,  редактордың орынбасары ретінде қол қойғанын көруге болады.

Әрине «алашордашыл» деген қоңырауы бар Кенжеғалидың отыз жетінің от-жалынынан шет қалуы мүмкін емес еді.  Кенжеғалиды 1937 жылғы 22 желтоқсанда ұстайды.  Бұл кезде ол Алматы облысы аумағында, бір деректе — Алматы қаласында тұрған екен. Осы өңірдегі қызметі, әсіресе өмірінің соңғы кездері әлі де жұмбақтау,  тереңірек зерттеуді талап етеді. Алайда оның тұтқындағы тағдыры  тез шешілген, ұсталғаннан кейін бір апта ішінде Алматы облыстық  НКВД басқармасы жанындағы үштік бірден «Халық жауы» деп танып, 1937 жылғы 29 желтоқсанда ату жазасына кескен.

Кенжеғали  «Халық жауы» деген  қара жамылғыдан осыдан 22 жыл бұрын ғана  «құтылды». КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1989 жылғы 16 қаңтардағы Жарлығына сәйкес Алматы облыстық прокуратурасы 1989 жылғы 11 сәуірде  Кенжеғали Абдуллинді  толық ақтады.

Жинақтай келгенде, ақын Әбділда Тәжібаев айтқандай,  «қазақ әдебиетіндегі қасиетті орындары атаусыз тұрғандардың» бірі, біздің ойымызша — осы Кенжеғали ақын болса керек. «Егемен Қазақстан» газетінің  тұңғыш санының жарық көргеніне 80 жыл толуына байланысты шыққан  басылымның арнаулы  нөміріндегі  «Болғанда мен – тоқсанда, ол сексенде…»  деген бас тақырыппен берілген сұхбатта (Егемен Қазақстан, 1999, 17 желтоқсан) жазушы Ғалым Ахмедов ағамыз тағы да ағынан жарыла сөз қозғайды: «…Айтқандайын, — дейді ол, — 20-жылдары газетте қызмет істеген Кенжеғали Ғабдуллин деген ақын жігіттің жақсы аты шығып жүретін. Ұмыттым ғой, әйтпесе өлеңдері қуатты әрі әсерлі болатын. Қазанда «Ғалия» медресесін бітірген ақын төрт өлең кітабы мен әліппе тәрізді оқулығын қазан төңкерісіне дейін-ақ жазған деуші еді…». Ал Сәкен Сейфуллин мен Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына арналған «Сайыс» атты кітабында профессор Тұрсынбек Кәкішев Кенжеғалиды «мағжаншыл» ақын ретінде атап өткен. Ғалымның бұл пікірі Кенжеғали туралы әңгіменің жаңа бір арнасын ұсынады.  Яғни, қаламы жүйрік ақынның 30-жылдардағы поэзия майданындағы бәсең қимылы, тіпті кейінгі тағдыры Мағжан Жұмабаевтың басына түскен нәубетпен тікелей байланысты өрбігенін аңғартады.

Кеңес заманында атын атау мүмкін болмай, іздеушісіз қалған Кенжеғалидың есімін жаңғыртуға,  сөз мұрасын мұқият зерттеп,   әдебиет тарихындағы өзіне лайық орнын айқындауға, шығармашылығын ел арасында кеңінен насихаттауға    қазір шүкіршілік ететін жағдайлар бар. Елдегі ақсақалдар арасынан Кенжеғалиды білетін,  тіпті көрген адамдар, туысқандары     табылып қалуы да мүмкін. Бұл ретте «әуп!» деп кірісетін әуелгі іс ақтөбеліктер тарапынан қолға алынып жатса, құба-құп дер едік.  Осы ыңғайда, Ақтөбе  өңірінің бір перзенті райымен, Кенжеғали ақынның ХХ ғасыр басында арабша әліппен жарық көрген «Ұран», «Қазақтың қамы» деп аталатын өлең жинақтарын осы күнгі  қазақша қаріпке түсіруге  талаптанып жүрген жайымызды хабарлай өтсек дейміз.  Жеке мұрағатымызда жерлес қаламгердің фотосуреті  де бар.  Сондай-ақ  Кенжеғалидың  ұлттық мерзімдік басылымдарда шашырап жатқан басқа да еңбектерін жинақтап, бүгінгі ұрпаққа ұсынсақ,  алашшыл азаматтың соңында қалған сөздеріне халқының бір қайырылғаны болар еді деп ойлаймыз. Ақтөбедегі «Кедей» газетінің  қалыптасуына жүрдек те жүйрік  қаламынын күшімен, қуатты шығармашылық әлеуетімен  елеулі үлес қосқан һәм 1929-1930 жылдарда газеттің  жауапты  редакторы болған Кенжеғали Абдуллин туралы беташар әңгімемізді түйіндей келе, осынау ұлт арысының жақсы есімінің атажұртына қайта оралуы мен  шығармаларының  өз үйіріне қосылу сапары ұзақ та ұлағатты болсын деген  тілегімізді қоса жолдағымыз келеді.

Мәскеу қаласы.

(Арнайы «Ақтөбе» газеті үшін)

Басқа жаңалықтар

2 Comments

  1. Cәлеметсіздер ме? Кенжеғали Ғабдуллиннің тікелей ұрпағы боламын.(қызынан тараған) Болашақта арманым әрі міндетім деп санаймын осы кісінің еңбегін мұрғаттардан алып, қазақшаға аударып, кітап қылып шығару. Осы күнде әзірге бір жинағын ғана аударттым. Өзім студент болғандықтан, кітап қылып шығару түгелдей шығармашылығын мүмкіндігім жоқ. Өзімде төрт кітабы төте тілінде бар, қалған жинақтары Мәскеу қаласында екен. Отбасы жайлы біраз деректер мен фотосуреттер бар. Ендігі кезекте ,сол сұм жылдарда белгісіз болып қалған дарынды ақын Алаш азаматтарының есімін келешек ұрпаққа таныту, шығармашылықтарын жинақтау біздің жастардың қолында. Әлі талай -талай архив қорында шаң басып жатқан еңбектерді қарастыру,жинастыру,таныту міндетіміз. Егер Кенжеғали Ғабдуллин (атам) жайлы басқада мәлімет білетін болсаңыздар хабарласыңыздар, сіздерден хабар күтемін: тел моб. 8705 136 78 94.

    1. Гүлзат, саламатсыз ба? Менімен хабарласыңыз. Эл.почтамды жоғарыда көрсетілген ұялы телефоныңызға жаздым. Бұл кісі туралы мен көп уақыттан бері зерттеу жүргізіп келемін. Газет-журналдарда, кітаптарымда арнаулы мақалаларым бар. Ескі араб тілінен екі кітабын бүгінгі қаріпке түсіріп қойғам. басқа да құжаттар, суреттері бар. Хабарласайық, кездесейік. арманда кеткен алаш арысының адал есімін жаңғыртайық. Құрметпен, осы мақала авторы. Қажет деп тапсаңыз, менің телефонымды «Ақтөбе» газетіндегі әріптестерден ала аласыз (Мен осы газеттің бұрынғы қызметкерінің бірімін).

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button