Жаңалықтар

«Аңсаған сәби»: өңірде 5 жылда 450-ге жуық бала дүниеге келді

Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында отбасылық-демографиялық жағдайдың күрделілігін ерекше атап өтіп, Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске қосуды және экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) жүргізу квотасын 7 есе арттыруды тапсырған болатын. Бағдарлама іске қосылғаннан бері Ақтөбе облысында перинаталдық денсаулық пен бала сүюді армандаған отбасыларды қолдау мәселесінде елеулі өзгерістер орын алды. Бағдарлама аясында бүгінгі күнге дейін облыстың 1527 жұбына квота берілді. Нәтижесінде 448 бала дүниеге келді.

«Бағдарама аясында пациенттер еліміздегі 19 орталықта экстрокорпоральді ұрықтандыру жүргізді. Оның ішінде отбасылық жұптың 37% Ақтөбедегі перинаталдық орталықты таңдады. Бүгінде 448 сәби өмірге келді. Олардың арасында 26 егіз, бір үшем бар. Сонымен бірге қазір 71 әйел жүкті. Келер жылға 311 квота бөлініп отыр, — деді Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Аманжолова.

Облыстың бас репродуктолог дәрігері Светлана Есенаманованың айтуынша, 2017 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Ақтөбедегі экстрокорпоральді ұрықтандыру орталығында «Аңсаған сәби» бағдарламасының іске қосылуымен жұптардың квота алу үшін кезек күту мәселесі толықтай шешілді.

«Бұрын біздің орталыққа бөлінетін квота саны жылына 40-50 шамасында болатын. Жұптар тегін квота алу үшін кезегін жылдап күтетін. Соңғы 5 жылда мемлекеттік бағдарламаның іске қосылуымен бұл мәселе толықтай шешілді. Қазіргі таңда жыл сайын 300-ге жуық квота бөлінеді. Күту кезегі едәуір азайды. Ол үшін алдымен учаскелік дәрігерге қаралып, дайындық жүргізеді. Қазіргі кезде 1400 әйел дисперсерлік есепте тұр» – дейді Светлана Есенаманова.

«Аңсаған сәби» бағдарламасының жүзеге асырылуы – жай ғана статистика емес, бұл – шынайы адамдардың тағдыры, махаббат пен отбасын құруға деген ұмтылыстың көрінісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button