Жаңалықтар

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР БАСТАЛДЫ

Ақтөбеде «Сыбаға» фестивалі аясында асық ату спортынан «Aktobe open — 2025» халықаралық турнирі басталды.

Айтулы додада Қазақстан, Румыния, Ресей, Монғолия, Пәкістан, Үндістаннан келген асықшылар өзара сынға түсіп жатыр.
Халықаралық жарыстың ашылу салтанатында облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов сөз сөйлеп, ұлттық спорт түрлерін дамытудың маңызына тоқталды.
— Асық ату жарысы дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын болады. Бүгінде осы спорт жастар арасында кеңінен насихатталып келеді. Әсіресе ақтөбелік спортшылардың аяқ алысы жаман емес. Жуырда Ғарышбек Құлыбек Шымкентте өткен республикалық асық ату турнирінде бас жүлдегер атанды. Бұл — ұлттық спорттың дамуының айқын көрінісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр Жолдауында ұлттық спортқа ерекше мән береді. Осындай жарыстарды өткізу арқылы кіл мықтылардың, салауатты өмір салтын ұстанатын спортшылардың шеберліктерін шыңдағымыз келеді, — дейді басқарма басшысы.
Жарысқа қатысушылардың бірі — Әділбек Елдос. 21 жастағы спортшы — бүгінде асық атудан Монғолия ұлттық құрамасының мүшесі.
— 2022 жылдан бері асық атумен айналысамын. Көптеген Азия чемпионаттарында жүлдегер атандым. Өткен жарыстарда асық атудан Қазақстан құрамасымен сайысқа түскенмін. Олар — дәлдік, шапшаңдықты меңгерген спортшылар. Осындай ауқымды жарыстарды ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Оқуды аяқтаған соң азаматтық алып, Қазақстанға көшу жоспарымда бар, — дейді ол.
Халықаралық турнирге асық ату спортының негізін қалаушы, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, асық ату спортынан ұлттық құраманың бас бапкері Жомарт Сабыржанов, Ақтөбе облыстық асық ату федерациясының атқарушы директоры Мұсағали Тасқалиев қатысып, жарыстың әділ өтуін қадағалады. Жарысқа Батыс Қазақстан облысының асық атудан аға жаттықтырушысы Ержан Өтеғали төрелік етуде. Қыздар бес асықтан, ұлдар асық атудан өзара сайысып жатыр. Бұл жарыста облыс намысын Ғарышбек Құлыбек, Саят Қалқабаев, Нұрбек Байниязов қорғайды.
Халықаралық турнир екі күнге жалғасады. Жеңімпаздарға спорт және дене шынықтыру істері комитетінің дипломы мен медалдары табысталады.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button