Облыс әкімі прокуратура қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады

6 желтоқсанда елімізде прокуратура органдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтеді. Бұл күн – құқықтық тәртіпті нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда маңызды рөл атқаратын қадағалау органдарының еңбегін айшықтайтын мереке.
Айтулы күнге орай өңір басшысы Асхат Шахаров Ақтөбе облысы прокуратура органдарының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Ол өз сөзінде қазіргі таңда облыс әкімдігі мен прокуратура органдары Президент бекіткен Әділетті Қазақстанның негізін құрайтын «Заң мен тәртіп» қағидасын бірлесе іске асырып келе жатқанын атап өтті. Сонымен бірге инвесторларды қолдау және бизнес өкілдерінің құқықтарын қорғау бағытында қолға алынған «Прокурорлық сүзгі» және «Жасыл дәліз» жобаларының тиімділігіне тоқталды. Бұдан бөлек, прокуратура қызметкерлеріне әлеуметтік жағдайын жақсартуға қолдау көрсетілуде.
Салтанатты шара барысында Асхат Шахаров прокуратура саласында ұзақ жылдар бойы адал қызмет етіп, қоғамдық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз етуге үлес қосқан бірқатар қызметкерлерді алғыс хатпен марапаттады.



