Жаңалықтар

Халықтың баласы

Азамат

Әйтеке би ауданына қарасты Т.Жүргенов ауылының учаскелік полиция инспекторы Дархан Кемелтаев — қызметіне жауапкершілікпен қарайтын, ел сеніміне ие болған азамат. Оны туған ауылы ғана емес, бүкіл аудан халқы жақсы біледі.
Жергілікті тұрғындар Дарханды сыпайы мінезі мен әділеттілігі үшін ерекше құрметтейді. Қай кезде де жылы қабақпен қарсы алып, жәрдемдесуге дайын тұратын инспекторды ауыл үлкендері де, жастары да үлгі тұтады. Қандай да бір құқықтық мәселе туындаса, тұрғындар бірінші кезекте Дарханға жүгінеді. Дархан Кемелтаев әрбір адамның сөзін тыңдап, заң шеңберінде шешуге тырысады. Тәртіп сақшысы ретінде ғана емес, ауылдастарына қамқор жан, ел ішінде сыйлы азамат ретінде танылған.
Дархан Нағашыбайұлының өзі осы өңірде туып-өскендіктен, оған бұл жердің тау-тасына дейін ыстық. «Туған топырағымда қызмет ету мәртебесі бұйырғанын өзіме бақ санаймын. Мен үшін бұл — үлкен жауапкершілік», — дейді ауыл баласы.
Әйтеке би — Ресеймен шекаралас орналасқан аудан. Аудан аумағы арқылы Самара-Шымкент республикалық маңызы бар трассасы өтеді. Аумақтың басты шаруа көзі — егін және мал шаруашылығы. Тіркелетін құқықбұзушылықтар да сонымен байланысты. Әдетте малдың қараусыз жайылуы, иесіз жайылған үй жануарларының егінге түсуі, трассаға шығып кетіп, жол апатына себеп болуы секілді келеңсіз жағдайлар кездеседі.
— Ауылда мал бағу мен егін егу — тұрғындардың басты күнкөріс көзі, тіршілігінің негізі. Сондықтан төрт түліктің жоғалуы немесе егіннің бүлінуі — әр отбасы үшін үлкен шығын. Мұндайда біз қарап қалмаймыз. Мал жоғалса, дереу іздеуді бастап, қараусыз жүрген мал егінге түссе, иесін анықтауға бар күшімізді саламыз. Ең бастысы, мәселені ушықтырмай, заң аясында, тез әрі әділ шешуге тырысамыз, — дейді учаскелік полиция инспекторы Дархан Кемелтаев.

Учаскелік полиция инспекторының жұмысы — тек тәртіпті қадағалау емес, сонымен қатар әртүрлі санаттағы азаматтармен тығыз әрі жүйелі қарым-қатынас орнату. Дархан Кемелтаев бұл міндетті абыроймен атқарып келеді. Оның бақылауында бұрын сотталғандар, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандар, маскүнемдікке немесе нашақорлыққа бейім адамдар бар. Дархан Кемелтаев жұмыстан қайтар жолда есептегі 2-3 адамның үйіне міндетті түрде соғып, жағдайын біледі. Себебі құқықбұзушылықтың жолын кесудің бірден-бір амалы — осындай азаматтармен тұрақты байланыста болу. Өткен жылы болған бір оқиға Дарханның әлі күнге дейін көз алдында. Жас мамандарға сабақ болсын, профилактикалық есептегі адамдарды көзден таса қылмасын деп осы оқиғаны оларға жиі айтып отырады.
Сол күні кешқұрым жұмыстан кейін ол есепте тұрған бір адамның үйіне барып тексеріп кетпек болған. Үйге жақындап қалғанда, учаскелік инспектордың алдынан әлгі жігіттің әйелі жанұшыра жүгіріп шығып, күйеуінің өзіне қол жұмсағанын айтқан. Қораға жүгіріп кірген Дархан Кемелтаев ер адамның асылып тұрғанын байқап, бірден құтқаруға кіріскен. Уақтылы жеткен полицейдің жылдам әрекетінің арқасында, ес-түссіз күйдегі жігіт құтқарылып, ауруханаға жеткізілген.
Қызметке алғаш келген күннен бастап Дарханның басты ұстанымы — халықтың шынайы сенімі. Полициядағы 13 жылға жуық қызметінде бұл қағидатын еш өзгерткен емес. Ауылдың тыныштығының да, қызметтегі жетістіктерінің де құпиясы осында.
2024 жылы ауданда болған су тасқыны кезінде де учаскелік полиция инспекторы Дархан Кемелтаевтың күні-түні тасқын су ортасында жүріп тұрғындарды тілсіз жаудан құтқарғанын білмейтін адам кемде-кем.
Дамбы жарылып, көшелерді су ала бастағанда, түн ортасында жарықсыз ауылда етігімен су кешіп, аулалардан секіріп жүріп, адамдарды алып шыққан Дарханның еңбегі туралы Астанаға дейін жеткен. Ауыл полицейі Ақордаға арнайы шақырылып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев майор Кемелтаевтың кеудесіне өз қолымен «Ерлігі үшін» төсбелгісін таққан.
— Маған хабарласып, Президентпен кездесуге барытынымды айтқанда, сенер-сенбесімді білмей, қатты толқығаным да рас. Мен, қарапайым ауыл полицейі, ондай мемлекеттік марапатқа ие болам деп еш ойламадым. «Расымен лайықпын ба?» деп те ойлап қоямын. Ал Ақордада Президенттен марапат алған сәттегі әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, — деп жымияды ол.
Ақордада болған сәтінде Кемелтаев ата-анасын есіне алып, толқығанын айтады. Он баласының ішінде Дарханын ерекше жақсы көріп, үлкен үміт күтетін, әрбір кішкентай жетістігіне арқа-жарқа болып қуанатын әкесі мен анасы осыдан екі-үш жыл бұрын өмірден озған.
«Шіркін, Мемлекет басшысынан марапатталған сәтімді анам мен әкем көрсе, төбесі көкке жетіп қуанар еді-ау» деп толқыдым. Бұл марапат менің ғана емес, барша әріптесімнің еңбегінің жемісі деп білемін» деп тұжырымдайды полицей.
Бүгінде Дарханның өзі — үлгілі жар, төрт баланың қамқор әкесі.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button