Еріктілердің еңбегі еленді

Слет
Өткен жұма күні Ақтөбе қаласында «Aqtobe volunteers award» облыстық слеті өтті.
Облыстық волонтерлік фронт-офисі ұйымдастырған шарада еріктілер қозғалысын дамыту мәселесі қозғалып, жыл бойы ерекше көзге түскендер марапатталды.
— 5 желтоқсан — Халықаралық волонтерлер күніне орай өткізіліп отырған слет барысында үздіктерді марапаттап қана қоймай, жастарды әлеуметтік жауапкершілікке ынталандыруды да көздедік. Сол бағытта тәжірибе алмасып, әдістемелік оқыту құралы мен үздік тәжірибелер жинағын таныстырдық. Жалпы, қазіргі таңда облыстық волонтерлік фронт-офисте 15 амбассадор мен 20-ға жуық ментор табысты еңбек атқарып жүр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау — халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету — қанымызға сіңген қасиет. Волонтерлік қызметтің басты мақсаты да бірге жұмылып, халыққа қызмет ету» деп волонтерлік саланың қоғамдық өмірде маңызы зор екенін тілге тиек еткен еді. Яғни біздің іске мемлекеттік қолдау бар. Сондықтан жұмысымыз жандана түсетініне кәміл сенеміз, — дейді жоғарыда аталған фронт-офистің өкілі Жоламан Асанұлы.
Жиында белсенді еріктілер 18 номинация бойынша үздік деп танылды. Айталық, Темірлан Жолдыбай мен Ақбаян Бөпежан «Жылдың үздік волонтері», Бектас Есен «Ең үздік амбассадор», «Медик волонтер» волонтерлік тобы мен «Жас сақшы» қоғамдық бірлестігі «Жылдың үздік волонтерлік тобы» атанды. Сол сияқты бір топ жас түрлі аталым бойынша марапатталды. Оларға атқарушы билік өкілдері, жергілікті мәслихат депутаттары диплом мен естелік сыйлық тапсырды.
— Біздің басты мақсатымыз — жігіттер мен қыздардың арасында экомәдениетті қалыптастыру. Сенбіліктерді жиі өткіземіз. Тазалық акцияларымыздың ерекшелігі — қоқысты сұрыптап жинаймыз. Сондай-ақ біз «Ақтөбе» футбол клубының басшылығымен меморандумға қол қойып, әр ойыннан соң жанкүйерлермен бірге стадионды жинауды әдетке айналдырдық. Біз сияқты тұрақты түрде стадион жинайтын волонтерлер тобы Қазақстанда жоқ. Концерттер, мәдени-көпшілік іс-шаралардан кейін де осындай акция ұйымдастырамыз. Осы еңбегіміз бағаланған болуы керек, Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет «Жыл үздігі» аталымымен марапаттады. Бүгін, міне, еңбегіміз тағы еленіп жатыр, — дейді «Eco madeniet» еріктілер қозғалысының жетекшісі Темірлан Жолдыбай.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.



