Есірткі еркіндіктен айырады


М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде «Менің таңдауым — есірткісіз болашақ!» тақырыбында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шара өтті.
Жиынға полиция қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ еріктілер қатысты. Олар жастармен ашық әңгіме құрып, есірткінің зияны, заң алдындағы жауапкершілік және салауатты өмір салты туралы кеңінен түсіндірді.
Кездесудің мақсаты — жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттырып, зиянды әдеттерден аулақ болуға үндеу.
Облыстық мәслихат депутаты Марат Қойлыбаев жастарды зиянды әрекеттерден аулақ болуға шақырып, олардың құқықтық сауаттылығын арттырудың маңыздылығына тоқталды.
— Жастар заңды білуі керек. Құқықты білмеу жауапкершіліктен босата алмайды. Кейде жастықпен білмей жасаған бір әрекет үлкен қайғыға, орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Сондықтан жоғары оқу орындарында заңға қатысты арнайы пәндер енгізілуі қажет деп есептеймін. Құқықтық сауатты жас артық қадамға бармайды, — деді депутат.
Облыстық полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы басшысының орынбасары Асхат Асқаров кездесуде жастарға бұл қылмыстың салдары өте ауыр екенін ескертті.
Ал ерікті Сергейдің басынан өткен оқиғасы студенттердің ерекше назарын аударды. Сергей жеңіл ақша таппақ болып есірткі қылмысына қалай кіріп кеткенін байқамай қалған.
— Есірткінің кесірінен 10 жылымды түрмеде өткіздім. Ақша табамын деп қателікке бой алдырдым. Ешкім менің жолымды қайталамасын. Қазір ерікті болып жастарды зиян әдеттерден аулақ болуға шақырып жүрмін. Өз өмірімді мысал қылып айтамын. Жеңіл ақша табамын деп өмірін өкінішпен өткізбесе екен деймін. Қазір жастарға мүмкіндік көп. Спортпен айналысып, басқа да кәсіппен шұғылдануға болады, — деді ол.
Шара соңында полиция қызметкерлері қызметтік иттердің жұмысын көрсетіп, оқу-жаттығу барысында олардың есірткі қылмысымен күрестегі маңызды рөлін жеткізді.
Кәмшат ҚОПАЕВА.





