Жаңалықтар

Ұлттық сапа бәйгесі: Ақтөбе облысының кәсіпорындары бірнеше номинацияда озық

Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы және ұлттық сапа бәйгелерінің лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Биылғы шараға еліміздің барлық өңірінен сапа менеджменті мен әлеуметтік жауапкершілік бағытында озық көрсеткішке жеткен кәсіпкерлер мен ұйымдар жиналды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев лауреаттарды жеке марапаттап, кәсіпкерлерге табысты еңбегі үшін алғыс білдірді. Мемлекет басшысы «кәсіпкерге қолайлы жағдай жасау – мемлекет алдындағы маңызды міндет» екенін атап өтті.

Шарада «Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы Райымбек Баталовтың қатысуымен дәстүрлі «Қазақстанның үздік тауары», «Парыз», «Іскер», «Кәсіби маман», «Ұлы Дала Елі», «Адал Азамат» конкурстарының үздіктері де анықталды.

Ақтөбе облысының атынан қатысқан «Зәру» шаруа қожалығының жетекшісі Бану Тілегенова «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша Президент сыйлығының лауреаты атанды.

Кәсіпорын өңірде санаторлық-пантолық емдеу бағытын дамытып, көпсалалы оңалту орталығын басқарады. Сонымен бірге марал шаруашылығын дамытып, әлеуметтік-инновациялық жобаларды жүзеге асырып келеді.

«Алтын сапа» конкурсы төрт кезеңнен тұрады және жыл сайын өндірістік, тұтынушылық және азық-түлік тауарларының ең үздік өндірушілерін анықтайды.

«ПАРЫЗ» сыйлығының «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясында шағын және орта бизнес субъектілері арасында «Lucrum star» компаниясы жеңіске жетті. Компания директоры — Аслан Шойбеков.

Кәсіпорын өңірдегі мектептермен ұзақ жылдар бойы макулатура жинау жобасын жүзеге асырып келеді. Бір тонна қайта өңделген қағаз 17 ағашты сақтап, 26 мың литр су үнемдеп, көмірқышқыл газының көлемін 165 келіге азайтуға мүмкіндік береді.

«Кәсіби маман» республикалық конкурсында «Үздік кәсіпорын» аталымы бойынша Гран-при «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң ТБК-на табысталды. Компанияның бас директоры — Бауыржан Өтемісов.

«Үздік колледж» Гран-приі Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжіне берілді. Оқу орны дуалды оқытуды енгізіп, тау-кен-металлургия саласы үшін қажетті білікті мамандар даярлауға басымдық береді. Колледж директоры — Бағдашжан Молдашева.

«Кәсіби маман» конкурсы биыл Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылды. Республикалық деңгейде 54 үміткер «Үздік колледж», «Үздік кәсіпорын» және «Үздік тәлімгер» номинацияларында сынға түсті.

Адалдық, ашықтық және қоғамдық құндылықтарды дәріптейтін кәсіпкерлерге арналған «Адал Азамат» сыйлығының лауреаттары қатарында екі ақтөбелік компания бар:

•        «Ақбөбек» оңалту орталығы» ЖШС (директоры — Күлпаршын Айдарханова). Орталық балаларға арналған білім беру, медициналық және ойын-сауық бағыттарын біріктіретін әлеуметтік жоба ретінде танымал.

•        «Eco Madeniet» ЖШС (директоры — Айман Сексенова). Компания өңірде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоғамды тұрақты даму қағидаттарына ынталандыруға үлес қосып келеді.

ТМД елдерінің «Өнім мен қызмет сапасындағы жетістіктері үшін» сыйлығының лауреаттары арасында Ақтөбеден «ПО Глобал – Спецодежда» ЖШС да бар. Кәсіпорын директоры — Надежда Шабаева.

Фабрика жылына 1,2 млн бұйым шығаратын, әлемдік стандарттағы жабдықтармен қамтылған ірі өндіріс орны. Компания металлургия, мұнай-химия, тау-кен, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларына арналған арнайы киім тігумен айналысады.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button