Жаңалықтар

АҚТӨБЕДЕ «САЛБУРЫН-2025» САЙЫСЫ ӨТУДЕ

«Сыбаға» фестивалі аясындағы спорт додалары ипподром аумағында да жалғасты. Мұнда «Салбурын-2025» дәстүрлі аңшылық және ұлттық спорт түрлерінен турнир өтуде. Қатысушылар жаппай командалық көкпар, құмай тазы, шырға тарту сайыстарында сынға түсіп жатыр.

Жарыстың ашылу салтанатына облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов, облыстық ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Азат Жүкен және облыстық «Көкпар» федерациясының президенті Фархат Сансызбай қатысты.
Ең алдымен бүркітшілер шырға тартудан жарысты. Кейіннен жаппай командалық көкпар жарысы спортсүйер жанкүйерлердің назарын аударды. Сайыс барысында садақ атудан шеберлік сағаттары да өткізілді. Бүркіт пен тазы баптаған саятшылар арасында кіл мықтылар өзара бақ сынады.
Облысымызда көкпар спортының дамуына елеулі үлес қосып жүрген Фархат Сансызбай кезекті жарысқа 8 ауданнан 60-қа жуық көкпаршы қатысып жатқанын айтты.
— Көкпар ойынына қатысып жатқан шабандоздардың дайындығы жоғары. Әсіресе «Сарыжар», «Әлім ата» сияқты командалар республикалық, облыстық, жарыстарда облыс мерейін асқақтатып жүр. Осы жарыста қатысушылардың деңгейі салым бойынша бағаланады. Жүлде қоры — 200 мың теңге. Ұлттық спорт турнирлері жиі өткізілсе, жастардың да қызығушылығы артар еді. Ұйымдастырылатын жарыстар барысында көрермен халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен де танысуға мүмкіндік алады. Ата-бабамыз ежелден «Аударыспақ», «Теңге ілу», «Көкпар», «Бәйге» секілді ат спорты ойындарын ерекше құрметтеген. Солардың ішінде, әрине, жігітті батылдық пен өжеттілікке, ептілікке баулитын көкпардың орны бір бөлек, — дейді Ф.Сансызбай.
Бала кезінен ат құлағында ойнап өскен шалқарлық Бекнұр Таңатаров сайысқа қызу даярлықпен келген. Ол бүгінде «Әлім ата» командасында топтық жарыстарға қатысып жүр.
— Ұлттық спорт түрлерінің ішінде көкпар спорты қарқынды дамып келеді. Осыған дейін Ақтөбе облысының чемпионы, Азия көкпар лигасының чемпионы атандық. Өзім көкпар тартумен үш жылдан бері айналысамын. Бұл спорт түрі күш пен жігерді талап етеді. Бәйгеде жылдамдыққа басымдық берілсе, ал көкпарда білек пен жүректің күші таразыға түседі. «Қошқар» атты тұлпарым осы жолы да жеңісті қолдан бермейді деген сенімдемін, — дейді көкпаршы.
Айта кетейік, бүгінде облыста 500-ге жуық атбегі, 200-ге жуық көкпаршы мен тазы баптайтын саятшы бар. Алдағы уақытта дәстүрлі додалар жалғасады.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button