Жаңашыл жастар ұсынған жаңа жобалар

Жасанды интеллект
Aqtobe IT Hub орталығында «Demo Day» атты Startup Orda платформасы аясында дайындалған стартап жобалардың таныстырылымы өтті. Оған 20-ға жуық жоба авторы мен сарапшылар қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба төрт ай бұрын басталған. Жаңашыл жобаларымен көзге түскен қатысушылардың жұмысын белгілі сарапшылар бағалады.
— Алдымен инкубациялық бағдарламаға іріктеу болды. Жобаға 16 жастан бастап өтінімдер қабылданды. Қатысушылар стартап академиясынан біліктіліктерін шыңдап, сертификат алған соң ғана өздерінің жобаларын ұсынуға мүмкіндік алды. Осы бағдарлама аясында 200-ден астам жас Астана қаласында арнайы курс оқыды. Кезекті іс-шарада 67 жобадан іріктелген, 20 қатысушының жұмыстары қорғалды. Ең басты талап — бұл жоба қоғамға пайдасын әкелетін, әлеуметтік, білім және басқа да салаларды қамтитындай болуы шарт. Егер жастардың жобалары инвесторлар тарапынан қолдау табатын болса, олардың ғылыми ізденісіне көмек беруге даярмыз, — дейді IT Hub менеджері Елнұр Жалғасов.
Кездесу барысында жоба авторлары жасаған жұмыстарын таныстырып, сарапшы мамандардың сұрақтарына жауап берді. Қатысушылардың жобаларын Кирилл Голубев, Дана Исабаева, Анарбек Өтеғұлов, Тимур Шалекенов, Мейірбек Мұқатов сынды сарапшылар бағалады. Мұндай ауқымды іс-шараға алғаш қатысқандардың бірі — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенті Бекжан Тілектесов.
— Республикалық деңгейде бастау алған стартап жобаларға іріктеу туралы бір университетте оқитын Қайрат Жақсылықовтан естідім. Жобам жасанды интеллектінің мүмкіндігін толық пайдалануға мүмкіндік береді. «Fill AI» бағдарламасына негізделген жоба арқылы кез келген адам белгілі бір курсты меңгере алады. Мысалы, сіз аспаз болғыңыз келсе, осы бағдарламаға тіркеліп, сұранысыңызды толық сипаттап жазасыз. Соған қарай сізге қажетті сұрыпталған ақпараттар негізінде курс базасы әзірленеді. Google арқылы ақпарат сұрасаңыз, ол сізге барлық ақпаратты шығарып береді. Ал бұл бағдарламаның ерекшелігі — нақты сіздің сұранысыңызға қарай жұмыс істейді. Алдымен бет-әлпетіңіз арқылы генерациядан өтіп, қажетті тапсырмаңызды лезде орындай аласыз. Жобам қолдау тауып жатса, болашақ жас мамандарға осы бағдарламамды пайдалануды үйреткім келеді, — дейді ол.
Ал «Жеткізу» қосымшасының құрылтайшысы Темірбек Сағынғалиев болса, болашақта өз жобасын әуежайларға ұсынғысы келеді. Оның жобасы арқылы жолаушылар қажетті құжаттарын діттеген жеріне қауіпсіз жеткізе алады.
— Бүгінде көптеген адам қарбаласпен жүріп, маңызды құжаттарын немесе басқа да ұсақ-түйек заттарды ұмытып жатады. Ал менің ойлап тапқан қосымшам арқылы жолаушылар басқа адамның құжатын, кілтін немесе мөрін арнайы платформаға тіркеп, өзімен бірге алып кете алады. Қызметті пайдалану 5 мың теңге болса, оның он пайызын қосымша ұстайды. Өзім робототехника саласында оқушыларды үйретемін. Қазір түрлі тапсырманы орындайтын нейрошлемдерді басқаруды шәкірттерім меңгеріп жатыр. Жасанды интеллектіні дұрыс қолдана білу жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, — дейді ол.
Кездесу соңында қатысушылардың жобаларына қатысты ұсыныстар айтылып, жоба авторларына сертификат табысталды.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.






