Басты жаңалықтар

Ескі жылдың есебі

Әне-міне дегенше 2024 жылды да қорытындылайтын мезгіл жетті. Биыл еліміз, соның ішінде облысымыз үшін оңай жыл болмағаны белгілі. Дегенмен өткенге салауат айтып, келер күннен жақсылық күтетін халқымыз ақ тілекпен Жаңа жылды қарсы алады.

Биылғы күнтізбенің соңғы парақтары жабылатын сәтте осы жылы атқарылған игілікті істерді сараптап көрген едік…

7 ауыл сумен қамтылды

Өңірдің орнықты дамуының негізгі факторларының бірі — су желісін тарту. Биыл 2 мыңнан астам тұрғыны бар 7 ауылға тіршілік көзі жетті.

Ауылдарға көгілдір отын тарту міндеті де өзекті болып тұр. 2024 жылы 2 мыңға жуық халқы бар 5 ауылға газ тартылып, тұрғындарды көгілтір отынмен қамтамасыз ету үлесі 95,7 пайыз болды.

Сонымен қатароблыстағы магистральды газ құбырларының жүктеме мәселесі шешілді.

Биыл «Бұқара-Орал» газ құбырының үшінші желісін салу жобасы аяқталуға жақын қалды. Бұл алдағы 50 жылда облыс орталығындағы газ тапшылығын шешуге толық мүмкіндік береді.

Жаңарған жолдар

Облыс географиялық орналасуына байланысты мол транзиттік әлеуетке ие. Жергілікті маңызы бар жолдардың сапасын арттыруға биыл 64,5 миллиард теңгеге 193 жобаны іске асыру көзделді.

Осы жылдың қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі 78 пайызға жетті. Өңірде 500 шақырымнан астам жол жабындысы төселді.

Облыс орталығы —Ақтөбе қаласында 200-ден астам немесе 47 шақырым көшені нормативтік жағдайға келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Халықаралық Самара-Шымкент автожолыныңАқтөбе-Хромтау бағытында бүгінде 2 учаске бойынша барлық қажетті құжаттама әзірленді. Ақтөбе қаласының Өлке тұрғын алабынан Хромтау ауданы Ақжар ауылына дейін учаскеде 4 жолақты тасжолдың негізін салу және коммуникацияларды қайта құру жұмыстары басталды.

Сонымен қатарреспубликалық «Орталық-Батыс» көлік дәлізінде орналасқанҚандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз (401 шақырым) республикалық автожолын орташа жөндеу жұмыстарыжалғасып жатыр. Қазіргі уақытта 25 шақырым жол пайдалануға беріліп, «Қазавтожолмен» бірлесе жұмыс жүргізіліп жатыр.

Бұған қоса, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Атырау облысымен байланыстыратын 90 шақырымдық республикалық маңызы барАқтөбе-Қандыағаш автожолының құрылысы аяқталды.

АЙТПАҚШЫ…

 «Таза Қазақстан» акциясына облыстың 418 мың тұрғыны қатысып, 106 мың аула, 1500әлеуметтік нысан аумағы тазартылып, елді мекендерде 363 мың ағаш егілді.

333 миллиард теңгенің өнімі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында агроөнеркәсіп кешеніне жан-жақты қолдау көрсетіліп, бұл саланы дамытуға баса назар аудару қажеттігін ескерткені белгілі.

Биыл өңірдің ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 15,5 миллиард теңге қаражат бөлінді. Оның ішінде мал шаруашылығы — 5,9 миллиард теңге, өсімдік шаруашылығы — 1,3 миллиард теңге, инвестициялық салымдар — 2,7 миллиард теңге, басқа бағыттарға— 5,6 миллиард теңге.

Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде осы жылдың 11 айында 333 миллиард теңгеге өнім өндірілді. Жіктеп көрсетсек: мал шаруашылығы — 174,8 миллиард теңге, өсімдік шаруашылығы — 155,2 миллиард теңге, орман және балық шаруашылығы — 3 миллиард теңге.

Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2900-ден астам жоба мақұлданып, 15 миллиард теңгеге 2706 жоба қаржыландырылды. Қалған өтінімдерге қатысты тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Мал шаруашылығы саласында төрт түліктің өсімі орташа есеппен 110 пайызды құрады (ірі қара — 119,6 пайыз, қой—100 пайыз, жылқы — 118,6 пайыз, түйе— 108,3 пайыз).

403 мың гектар дәнді дақылды алқаптан 559 мың тонна өнім алынды. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда, 130 мың тоннаға көп.

Ауыл шаруашылығы саласын бұдан әрі дамыту мақсатында алдағы жылдарда инвестиция көлемі 51 миллиард теңге болатын 95 жобаны іске асыру жоспарланған.

Сонымен біргеагроөнеркәсіп кешен субъектілерін несиелендіру бағдарламасы бойынша шамамен 32 миллиард теңгеге 10 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.

9 мектеп пайдалануға берілді

2024жыл облыстың білім беру саласы үшін де тың жобаларға толы болды. Қазіргі таңда облыста 619 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеп, онда 45 мыңнан аса бала тәрбиеленіп жатыр. Биыл 2262 орындық 24 балабақша ашылды.

Балабақшаларда 239 кеңес беру пункті жұмыс істейді. Балалары мектепке бармайтын ата-аналар үшін 14 колл-орталық бар.

Білім беруді цифрландыруға ерекше көңіл бөлінді.Айталық, ата-аналарға бала күтімі бойынша кеңес беретін «Беске дейін үлгер» мобильді қосымшасы іске қосылды. Сондай-ақ мектеп жасына дейінгі балаларды дамытудың жеке картасы цифрлық форматқа аударылды.

Орта білім саласында білім сапасын арттыруға бағытталған іс-шаралар  жүзеге асырылды. Облыстағы 434 мектептің 280-і ауылда болса, оның 201-і шағын жинақты. Шағын жинақты мектептерді қолдау мақсатында «Цифрлық технологияларды пайдалана  отырып, Ақтөбе облысының шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту» пилоттық жобасы іске асырылды. Жобаға 12 тірек және 134 шағын жинақты мектеп, 11 мыңнан астам оқушы және 3,5 мыңға жуық педагог қамтылды.

​Облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтанның айтуынша, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаржылай қолдауымен пилоттық жобаға кірген тірек және шағын жинақты мектептердің материалдық-техникалық базасы нығайтылды. ​Жоба өңірдегі ауыл мектептері проблемаларын анықтауға және оның оңтайлы шешілуіне ықпал етті. Ауыл мектептерінде  білім сапасы 11 пайызға артты. Облыста 5 білім беру округі құрылды (2-еуі —Ақтөбе қаласында, 3-еуі — Мәртөк, Хромтау және Шалқар аудандарында). Бұл округтердің мақсаты — ауылдық жерлердегі білім сапасын арттыру, мектептердің, балабақшалардың, колледждердің және қосымша білім беру ұйымдарының білім беру сапасын жақсарту.

Осы жылы 39 мектептің құрылысы жүргізілді. Соның 9-ы пайдалануға берілді. Атап айтсақ, Әйтеке би ауданы Комсомол ауылындағы 60 орындық мектеп-интернаты бар 270 орындыққа арналған орта мектеп, Ырғыз ауданы Жарма ауылындағы 60 орындық мектеп, Қобда ауданы Терісаққан ауылындағы 60 орындық мектеп, Мұғалжар ауданы Ембі қаласындағы 320 орындық мектеп, Алтынды ауылындағы 60 орындық мектеп, Талдысай ауылындағы 100 орындық мектеп, Шалқар ауданы  Қарашоқат станциясындағы 120 орындық орта мектеп, Ақтөбе қаласы №49 орта мектептің қосымша құрылысы мен Қызылжар тұрғын алабында 320 орынға арналған мектеп, сондай-ақ облыстық М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа қосымша спорт залы жасақталды.

Бұл 3 апатты, 2 орын тапшылығы қалыптасқан, 4 бейімделген мектептің мәселесін шешті.

Мұнымен бірге56 ауыл мектебі жаңғыртылып, 51 білім беру ұйымына күрделі жөндеу жүргізілді.

2024 жылы бірқатар білім беру ұйымы қауіпсіздік құрал-жабдықтарымен қамтылды:150 мектептің бейнебақылау жүйесі жаңартылды, 68 білім беру ұйымына «Алақан» бірыңғай жүйесі енгізілді.

— Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеруді мақсат тұтатын  «Мамандығым — болашағым» жобасы жүзеге асырылып, облыс бойынша жаңа мамандықтар атласы әзірленді.Өңірдің білім саласын дамытуға бағытталған шаралар жалғасын таба бермек, — дейді өңірдің бас ұстазы.

Келер жылы 11,1 мың оқушыға арналған 13 жайлы мектеп құрылысы аяқталғалы отыр. Бұған қоса, шалғай ауылдарда жергілікті бюджет және басқа қаржы көздерінен 4300 орындық 14 мектеп салынбақ. Жалпы, білім мекемелері бойынша 3 үш ауысымды, 2 апатты мектептер мәселесін шешу мақсатында 2025 жылы 25 жаңа мектеп салынады деп күтілуде. Бұдан бөлек ерекше балаларға арналған 300 орындық балабақшаның құрылысы басталады.

ТАРИХИ ЖЕҢІС ҺӘМ АҚТӨБЕЛІКТЕРДІҢ ҮЛЕСІ

Биыл күзде Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары еліміз үшін ғана емес, жалпы әлемдік спорт саласы үшін елеулі жаңалық болды. Аталған доданың қорытындысы бойынша қазақстандық команданың көш бастағаны белгілі. Тарихи жеңісте ақтөбеліктердің де үлесі бар: біздің өңірден қатысқан 6 спортшының барлығы олжалы оралды. Оның 3-еуі — жеңімпаз.Атап айтсақ,қазақ күресінен — Назерке Азаматова мен Бақыт Құсақбаева, ал тоғызқұмалақтан Мөлдір Серікқызы I орынды иемденді. Ал өзбек халқының ойыны — күраштан Әділет Шалғынбекұлы күміс, Бекнұр Бектай қола жүлде иеленсе, түрік халқының зияткерлік ойыны — мангаладан Азамат Хайдар үшінші орын алды. Көшпенділер ойындары аясында өткен әлемдегі тұңғыш ат марафоны — «Ұлы дала жорығы» бәйгесінде Ақтөбе облысының командасы үздік үштікті түйіндегенін айта кету керек.

Жаңа емханалар — тұрғындар игілігіне   

Биыл денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер аз емес. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 11 заманауи медициналық нысан пайдалануға берілді. Атап айтсақ, Алға ауданындағы Тоқмансай, Қарабұлақ ауылдарында, Мәртөк ауданындағы Аққайың, Байторысай ауылдарында, Темір ауданындағы Алтықарасу мен Ақсай ауылдарында, Мұғалжар ауданындағы Бірлік, Қожасай және Саға ауылдарында, Хромтау ауданындағы Тасөткел ауылында, сондай-ақ Шалқар ауданындағы Қаратоғай ауылында емдеу мекемелері ашылды. 1,9 млрд теңгеге 14 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді.

Биыл өңірдегі медицина мекемелерінің құрал-жабдықтарын жаңартуға 4,5 миллиард теңге бөлінді. МРТ аппаратынан бастап маммография, анестезия аппараттары, фиброскан, бейнеколкоскоп, адам эмбриондарын өсіруге арналған инкубатор, рентген түтігі, басқа да қондырғылар алынды.

Сондай-ақ 243,3 миллион теңгеге 17 санитарлық автокөлік сатып алынды, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрбол Тымпиев.

Ауылдағы кадр тапшылығын шешу үшін Ақтөбе қаласынан 25 дәрігер елді мекендерге ауысып, 8,5 миллион теңге көлемінде әлеуметтік қолдауға ие болыпты. Сонымен қатар ауылдық жерге барған 15 жас маманға 3 миллион теңгеден көтермеақы берілген.

Айта кетейік, жыл басталғалы (20 желтоқсанға дейін) облыс бойынша 16700-ге жуық бала өмірге келген.

Салауатты өмір салты һәм бұқаралық спорт

Биылғы ресми деректерге сүйенсек, өңір халқының 43 пайызы, яғни 407,916 адам спортпен жүйелі түрде айналысады. Жыл бойы 200 мыңнан астам адам қатысқан 3 мың бұқаралық спорттық іс-шара ұйымдастырылған.

Ал спорттық нысандар саны 1704-ке жетіп, осы жылы 13 спорт кешені, 1 бассейн және 30 спорт залы есігін айқара ашқан. Жалпы, қазіргі таңда 37 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді.

Ақтөбелік спортшылардың қоржыны да едәуір молайған. Биылдыққа барлығы 211 медаль: 107 алтын, 49 күміс және 55 қола медаль жеңіп алған.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button