Айналаны тазалау — туған жерге деген сүйіспеншіліктің үлгісі
Артур ӘЗИЕВ, «Жасыл ел» облыстық штабы төрағасының орынбасары:
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ANA TILI» газетіне берген «Мақсатым — экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбатын
бір деммен оқып шықтым. Сұхбатта, әсіресе, біздің жұмысымызға қатысты тұсына ерекше тоқталғым келеді. Президент: «Таза Қазақстан» акциясы қоғамға экологиялық мәдениеттің жаңа талаптарын енгізу идеясынан бастау алады. Халықтың бұл бастамаға барынша қолдау білдіргеніне тәнтімін. Әсіресе жастарға ризашылығымды білдіргім келеді. Қазақстан азаматтары мұның кезекті бір науқан емес, озық ойлы қоғам қалыптастыру жолындағы идеологиялық платформа екенін түсінді. Біз, түптің түбінде, табиғаттың байлығына және күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге немқұрайлы қарайтын жағымсыз әдеттен біржола арылуымыз қажет. Тазалықты сақтау және табиғатты аялау ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуға тиіс. Өркениетті елдердің бәрі осыны ұстанады», — депті. Қасым-Жомарт Кемелұлы өткен жылы бұл акцияға 3,8 миллионға жуық адам қатысып, 1,5 миллион тоннадан астам қоқыс жиналып, 3,2 миллионнан астам көшет егілгенін айтты. Осының өзі азаматтарымыздың сана-сезімі жоғары, олардың елімізді өзгертуге нақты іспен үлес қосуға дайын екенін ерекше атады.
Жалпы біз «ТазаҚазақстан» республикалық акциясы аясында жастарды патриоттық бастамаға тарта отырып, облыс қалалары мен ауылдарын абаттандыру бағытында көптеген іс-шара өткіздік. Былтырғы маусымда жастар ауқымды жұмыстар атқарды. Соның ішінде «Таза қала — таза жағалау», «Туған қалаңа ағаш сыйла», «Менің атаулы ағашым», «Бұлақ көрсең, көзін аш!», «Ардагерлерді ардақтайық!», «Jasyl cross-2024», «Ұрпақтар сабақтастығы» және басқа да экологиялық акциялар ұйымдастырылды. Мыңдаған жас осындай маңызды және ауқымды челленджді қолдады. Осындай іргелі жұмыстардың нәтижесінде облыс жастары 300 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарып, орман алқаптарын тазартуға ерекше басымдық берілді.
Біз аумақтарды тазалап, абаттандырып қана қоймай, басқаларға туған жерге деген сүйіспеншіліктің үлгісін көрсеттік.