Басты жаңалықтар

Жыл оқиғалары

Биыл өңірдің экономикалық өсімі 106 пайызға жетті. Экономиканы дамытудың бір бағыты — инвестиция көлемі де артты: 764 миллиард теңге.  Аймақта бір мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, ірі жобалар іске қосылды. Көктемдегі су тасқыны облыс орталығы мен өңіріміздің бірқатар аудандарында тұрғындарды әбігерге түсіргені баршамызға белгілі. Дегенмен ел Үкіметі мен  жергілікті биліктің, халықтың бірлескен күш-жігерінің арқасында бұл қиын кезеңді де өткердік.

Газетіміздің жылжабар санында аймақтажыл бойы атқарылған осындай  ауқымды жұмыстарды саралап, ең маңызды оқиғалар мен жаңалықтардыоқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Жыл сапары

Желтоқсан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облысымызға жұмыс сапарымен келді. Президент өңірдегі бірқатар өндірістік кәсіпорынды аралап, әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақтөбеге жұмыс сапары Хромтаудағы «Болашақ» шахтасын аралап көруден басталды. Шахтаның қуаттылығы жылына 7,5 миллион тонна хром рудасын өндіруге жетеді.

Жаңа нысанда 1800 жұмыс орны құрылып, тартылатын инвестиция көлемі 1 триллион теңгеден асады.

Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Хромтау жоғары тау-кен техникалық колледжіне барды. Президентке бұл білім ошағы еліміздің батыс өңіріндегі тау-кен саласына мамандар даярлайтын жалғыз кәсіптік оқу орны екені баяндалды. Содан соң Мемлекет басшысы №1 Хромтау орта мектебін аралады. Мемлекет басшысы Ақтөбе қаласындағы болат құбырларын шығаратын зауыттың жұмысымен де танысты.Кәсіпорын жылына 20 мың тонна өнім өндіреді. Құны 3,5 миллиард теңге болатын нысан биыл шілде айында пайдалануға берілген еді.  Президентіміз бұл сапарында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму барысымен де танысты.

Жыл құрылтайы

Атырауда Ұлттық құрылтайдың үшінші жиыны өтті. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев және құрылтай мүшелері қатысты. Былтыр түркі әлемінің алтын бесігі —  Түркістанда жалғасқан еді.

«Ұлттың бірегейлігі, халықтың консолидациясы, жаңа қоғамдық этика». Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысындағы Президент сөзін осы үшауыз сөзбен сипаттауға болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді алға жылжыту үшін идеологиялық тұғырнама іспеттес алты құндылықты тізіп шықты. Әрі елдің болашақтағы бейнесін «Әділетті Қазақстан — Адал азамат — Озық ойлы ұлт» деген үштаған ұғымға сыйғызды.

Бұған дейін құрылтайдың алғашқы жиыны ұлт ұясы — Ұлытауда, былтыр түркі әлемінің алтын бесігі Түркістанда өткен еді.

Жыл оқиғасы

Көктемде қардың күрт еруіне байланысты еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны болды. Тасқын салдарынан облыста 4 мыңға жуық үй зардап шекті (4 087 үй, жеке тұрғын үй —1 468, саяжай үйі —2 619).Техникалық тексеру қорытындысы бойынша 1013 үй апатты деп танылды. Бұл жағдайға байланысты ҚР Премьер-министрі, Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабты басқарған Олжас Бектенов Ақтөбеге келіп, тасқынға байланысты жағдайды тексеріп, Мемлекет басшысының тапсырмаларының жергілікті жерлерде орындалу барысымен танысты.Бірқатар су қоймаларын тікұшақпен аралап, су тасқынынан зардап шеккен үйлерге барды, сондай-ақ ахуалдық орталықтың жұмысымен танысып, республикалық штабтың отырысын өткізді. Сапар барысында Олжас Бектенов су басқан үйлердің жай-күйін қарап, тұрғындардың баспаналарын қалпына келтіру және басқа да қосымша қолдау шараларын көрсетуге қатысты сұрақтарына жауап берді.

Вице-премьер Қанат Бозымбаев та тасқыннан зардап шеккен Ойыл, Қобда, Темір және Мұғалжар аудандарында болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Сондай-ақ салынып жатқан үйлердің қарқыны мен сапасын тексерді.

Жыл қоныстойы

Аймақта су тасқыны мәселесін шешу мақсатында ERG, «Болат Өтемұратов» қоры және «BI Group» сияқты ірі бизнес өкілдерінің қаражаты есебінен жалпы сомасы 25 млрдтеңгеге 500 үй салынып, 513 дайынүй сатып алынды.

Сондай-ақ 3 мың тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге 9,8 млрд теңгеге өтемақы берілді.Бұдан бөлек мемлекет қолдауының арқасында бүгінде 13 білім беру, 2 спорт және 1 денсаулық сақтау нысаны жөндеуге және құрылысына, сондай-ақ 47 шақырым автожол, 23 көпір және 22 гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіруге толық қаржы бөлінді. Сонымен бірге су тасқыны салдарынан зардап шеккен
63 шағын орта бизнес өкіліне, қираған 80 мал кешені мен малшы үйлеріне және 493 шаруашылыққа қарасты11 мыңнан астам мал басына өтемақы төлеуге толық көмек көрсетілді.

Жыл марапаты

Биыл маусымда Ақордада су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді қатысқан азаматтарды салтанатты марапаттау рәсімі өтті.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе су қоймасының тасып кетуінің алдын алуға атсалысқан «Қазводхоз» филиалының бақылаушысы, краншы Шыңғыстау Әбдиевті марапаттады.

Осы жылдың наурыз айының соңында Шыңғыстау Әбдиев пен басқа да мамандар (электрик, инженер, механик және жол диспетчерлері) Ақтөбе су қоймасындағы екінші құлыпты іске қосып, ашып, оның толып кетуіне жол бермеді. Зейнеттік демалыстағы Шыңғыстау Әбдиев қиын кезде Ақтөбедегі «Қазводхоздың» өтінішіне бірден жауап берді. Зейнеткер жарты сағаттың ішінде ақауларды жоюға көмектесті. 36 жылдық тәжірибесі бар маман кранға отырып, екінші клапанды ашты. Осылайша, Ақтөбе су қоймасынан қажетті көлемдегі суды дер кезінде босатып, оның асып кетуіне жол бермеуге мүмкіндік туды.Бұған дейін Су шаруашылығы және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Шыңғыстау Әбдиевке Алғыс хат жолдаған еді.

Қазіргі таңда су шаруашылығы ардагері жас әріптестеріне кәсіптің қыр-сырын үйретіп жүр.

 Жыл таңдауы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында атом энергетикасын дамытуға баса мән берді.

Осыған байланысты биыл 6 қазанда Атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум өтті.  АЭС бойынша референдумда7,5 млн адам өз таңдауын жасады. Ақтөбе облысы бойынша таңдау жасағандардың көрсеткіші —72,31 пайыз.

Жыл озаты

Елордада мемлекеттің гендерлік саясатын жетілдіру мақсатында Қазақстанның еңбекші әйелдерінің І форумы ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Ақтөбе облыстық шұғыл медициналық бекетінің аға фельдшері Сая Ыбырайқызын «Еңбек озаты» төсбелгісімен марапаттады.Естеріңізге сала кетсек, ақпан айында әлеуметтік желі қолданушыларын қолайсыз ауа райына қарамастан, қызметіне адалдық танытқан медицина қызметкерлерінің ерлігі тәнті еткен еді. Олар ақтүтек боранда жаяу қар кешіп, жүрек талмасы ұстаған науқасқа барып, қажетті ем-домын жасады.

 Жыл құрылысы

Ақтөбе-Атырау-Астрахан республикалық маңызы бар жолдың Ақтөбе-Қандыағаш аралығындағы 96 шақырымы қайта жаңғыртылып, 4 жолақты жол қолданысқа берілді.

Жол құрылысына 691 мың тонна асфальтбетон қоспасы төселді, 10 көпір, төрт жол өтпесі, темір жол арқылы бір жол өтпесі салынды, сегіз демалыс алаңы, 18 автобус аялдамасы жабдықталды. Сонымен қатар 1795 жарықтандыру тірегі орнатылды. Бұл жолмен тәулігіне 10 мыңнан астам көлік өтеді.

Жыл фестивалі

 Аймақта алғаш рет ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге арналған «Сыбаға» фестивалі өтті. Ұлттық құндылықтарды жаңғырту, ұрпаққа рухани тәрбие беру және қоғамдағы бірлік пен ынтымақтастықты нығайту мақсатында ұйымдастырылған іс-шара бес күнге созылды. Әр күн қазақ халқының дәстүрлері мен өнерін тереңірек танытуға арналды.

Қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет ғұрпын, жалпы өмірлік философиясын жаһандану заманымен ұштастыруды мақсат тұтқан ауқымды фестиваль жұмысы «Тағылым»: «Ұлттық рух тұғыры» тақырыбында өткен ғылыми-тәжірибелік конференциямен басталды. Басқосуда белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері тарих, мәдениет және ұлттық сана тақырыптарында ой қозғап, ортаға салды.

Фестиваль аясында «Дәуір дефилесі» ұлттық киімдер сән көрсетілімі, қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі,«Береке» ұлттық тағамдар гастрономиялық көрмесі, «Салбурын — 2024» атты дәстүрлі аңшылық және ұлттық спорт түрінен турнир ұйымдастырылды. Фестивальдің соңғы күнінде ақтөбелік кәсіпкерлер 1000-ға жуық ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылар, қоғамның осал топ өкілдеріне сыбаға үлестірді. Яғни қайырымдылық акциясы аясында шаруа қожалықтары, кәсіпкерлер ірі қара, жылқы мен түйе сойып, оның етін таратты.

Жыл көрмесі

 Әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергенге арналған көрме туған жері Ақтөбеде ашылды.  Ол «Дүние дидарындағы Димаш» деп аталды. Облыстық тарихи өлкетану музейінде ашылған көрмеде талант иесінің балалық шағы ғана емес, өнерде жеткен жетістіктері қамтылған. Киген киімдері, халықаралық додаларда алған жүлделері көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлері тарту еткен кәдесыйлар да көрмеге қойылған. Оның ішінде атақты Джеки Чанның  Димашқа берген сыйлығы да бар.

Көрменің ашылуына Димаштың ата-анасы Қанат және Света Айтбаевтар, әншінің ұстазы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов қатысты.

Жыл жобасы

 Президент тапсырмасына сәйкес Ақтөбе қаласында 700 орындық драма театры және 35 мың көрерменге арналған көпфункционалды стадион бой көтермек.Ақтөбеге сапары кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыс әкімі Асхат Шахаров  Ақтөбе қаласында салынатын жаңа құрылыс нысандарының макетін таныстырды. Олардың қатарында осы аталған жобалардың шағын нұсқасы көрсетілді.

Жыл мерейтойы

Негізі 1869 жылы 28 маусымда қаланған, еліміздің солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан Ақтөбе қаласына биыл 155 жыл толды. Шаһардың мерейтойына байланысты қалада түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.

**

Облыстық «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетінің 100 жылдығы аталып өтті. 1924 жылы 7 маусымда «Кедей» деген атпен алғашқы саны жарық көрген бүгінгі «Ақтөбе» газетінің 100 жылдығына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хатжолдады. Оны газетіміздің дәл туған күні — 7 маусымда облыс әкімі Асхат Шахаров редакциямызға арнайы келіп, табыстады. Сондай-ақ биыл бұқаралық ақпарат құралдары күніне байланысты Астана қаласында өткен салтанатты іс-шарада Президент «Ақтөбе» газеті ұжымына Алғыс хат табыстады.

Газеттің ғасырлық тойында облыстық тарихи-өлкетану музейінде  «Ақтөбе» газеті: «Жүз жыл жылнамасы» тарихи-танымдық көрмесі ашылып, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Мәңгілік ел» залында «Дәуір үні және бүгінгі баспасөз» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры ғимаратында ғасырлық мерекеге арналған салтанатты жиын өтті. «Ақтөбе» газетінің 100 жылдығына орай жарық көрген кітаптар таныстырылды.

 Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button