Еңбек еткеннің еңсесі биік
Алтынбек ЫСМАЙЫЛ,
жұмысшы жас.
Мемлекет басшысының республикалық газетке берген сұхбатынан елде жұмысшы жастарға қамқорлықтың ерекше жасалатынына кезекті рет көзім жетті. Әрі биыл – жұмысшы мамандықтар жылы екені белгілі.
«Мен түрлі жиындарда жастарымыз туралы жиі айтамын. Өйткені олардың болашағын ойлап, шын жүректен тілеулестік білдіремін. Еліміздің тағдыры – жастардың қолында. Біз отаншылдығын нақты ісімен көрсететін әрі мәдениеті жоғары ұрпақ өсіруге міндеттіміз. Реформаның бәрін жастардың игілігі үшін жасап жатырмыз. Бұл – әншейін әдемі сөз емес, мемлекет стратегиясының түпкі мәні», – деп Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбат беруі жоғарыдағы сөзімді айғақтайды.
Сондай-ақ Президент жас азаматтарымыз дүниетанымы тұрғысынан жасампаз, ойлау қабілеті жағынан сындарлы болуға тиіс екендігін атап өтті. Замандастарымның белсенді, тәртіпті, білімпаз, еңбекқор болғанын мен де қалаймын. Тәуелсіздік ұрпақтары ауыр жұмыстан қашпаса деймін.
Өзімнің Дөң тау-кен байыту комбинаты Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы шахтасының ұңғылаушысы болғаныма бірнеше жылдан асты. 8 жылдық еңбек өтілім бар. Бұйыртса, жұмысымды әрі қарай жалғастыра беремін.
Жастарға айтарым, жұмыстың жаманы болмайды. Адал еңбек қай кезде де бағаланады. Сондықтан еңбек етуден жалықпайық. Өйткені еңбек еткеннің еңсесі қашанда биік.
Хромтау ауданы.