«Ақтөбе» — 100!

«Ақтөбенің» мерейлі белесі

Биыл облыстық «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газеті ғасыр биігін бағындырды. Бұл — тек облыс жұртшылығы үшін ғана емес, ұлттық баспасөз бен отандық журналистика тарихындағы айтулы оқиға. Аймақтың қос облыстық басылымы — «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері, сондай-ақ «Үш таған» журналының басын біріктіріп отырған «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншинмен сұхбатымыз осы тақырыпта өрбіді… 

— Әңгімеңізді облыстық газеттің қалыптасу кезеңінен бастасаңыз…

— Ғасырлық шежіресі бар облыстық «Ақтөбе» газеті — республикадағы байырғы әрі танымал басылымдардың бірі. Бұл газеттің тамырлы тарихы, жемісті жолы, игерген белестері бар. Алаштың айбыны Ахмет Байтұрсынұлының «Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп айтқанындай, «Ақтөбе» газеті де өзінің ғасырлық белесінде осы қағидатты берік сақтап, ұстанымынан айныған емес. Бүгінгі облыстық басылымның ізашары «Кедей» газетінің алғашқы саны 1924 жылы 7 маусымда оқырманға жол тартты. «Кедей» алғаш шыға бастағаннан халықтың сауатын ашуға, мәдениетке үйретуге, жаңа заманның бағыт-бағдарын жұртшылық санасына сіңіруге ұмтылған салмақты басылым болғаны аңғарылады. Ел жаңалықтарымен қатар, сол заманның ең өзекті мәселелері — білім алуға шақыру, әйел теңдігі секілді тақырыптар тұрақты түрде жазылып отырған. Газетке жаңа леп ала келген бас редактордың орынбасары Жиенғали Тілепбергенов «Оқшауша» деген айдар ашып, сол айдар журналистердің еркін шығармашылығының мінберіне айналған. Тіл ғылымының теориялық негізін қалаған ғалым Құдайберген Жұбановтың, елдің бас газеті «Еңбекші қазақтан» келген Кенжеғали Абдуллиннің кесек ойлы мақалалары газеттің іргетасы әуелден-ақ мықты қаланғанын көрсетеді.

Егер шежіреге үңілетін болсақ, «Кедейден» соң «Алға», «Социалдық жол», «Социалистік жол», «Батыс Қазақстан», «Коммунизм жолы» сияқты атауларды әр кезеңдерде иеленген бүгінгі «Ақтөбе» жаңа белеске шықты.

Облыстық газетте елге танымал көптеген ақын-жазушылардың қолтаңбасы қалды. Олардың қатарында дегдар ақын Қуандық Шаңғытбаев, танымал қаламгерлер Мұхтар Құрманалин, Табыл Құлиясов, Тобық Жармағамбетов, Құрал Тоқмырзин, Қажығали Мұқанбетқалиев, Есенбай Дүйсенбаев, Мейірхан Ақдәулетұлы, Серікқали Байменше бар.

Бүгінгі «Ақтөбенің» қалыптасу кезеңінде басылымда журналистердің қуатты толқыны қызмет атқарды. Олардың проблемалық мақалалары, ойлы очерктері, семсер тілді фельетондары тіпті республикалық газеттерде де жарияланды. Бірқатарының кітаптары жарық көрді. Нұрқайыр Телеуов облыстық газетті 1965-1992 жылдар аралығында басқарды. Одан кейінгі жылдарда Қуаныш Тектіғұлов, Идош Асқар, Әмір Оралбай, Қасымжан Байсадақов, Бауыржан Өтеулиев басылым тізгінін ұстады. Газетте 60-жылдардан бері қарайғы кезеңде Мұрат Нұртаев, Таңатар Шаңбатыров, Кәдірбай Бекмағамбетов, Төлеміс Меңдіғалиев, Төребек Досқалиев, Смат Қабылбаев, Зейнолла Құлжанов, Марат Мырзағұлов, Әкімжан Оралбаев, Әбдіғани Аймағамбетов, Сағымбай Сембаев, Сексенбай Күлімбетов, Қуаныш Әлжанов, Аманқос Орынғалиұлы, Сатыпалды Сәуірбаев, Сағындық Ниянқұлов, Әлімбай Ізбай, тағы басқа аға буын журналистер абыройлы еңбек етті.

«Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары болып қызмет атқарған халықаралық  «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев «Құрмет» орденімен, журналистер Жақсылық Айжанов, Нұрмұханбет Дияров, Сәтжан Дәрібай «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Облыстық «Ақтөбе» газеті қазіргі уақытта «Ақтөбе Медиа» ЖШС құрамында бірнеше басылыммен қатар жаңа уақыт талабына сай қызмет етеді. Бұл ретте оқырмандармен байланысты нығайта түсу, жұртшылық қажет ететін күн тәртібіндегі көкейкесті мәселелерді көтеру сияқты міндеттер алға қойылған. Бүгінгі күні он бес мыңға жуық таралыммен шығып тұрған басылымда бұрынғы қызмет атқарған қалам иелері қалыптастырған игі дәстүр, ізгілікті мұраттар сабақтастығын тауып келеді.

Бүгінде облыстық басылымдар жаңа кезеңге аяқ басты. Уақыт тынысын тап басып сезіну, ақпарат анықтығы мен шынайылығын қамтамасыз ету, ең бастысы адал көңілді оқырман ойынан шығу, сеніміне ие болу газет журналистерінің басты міндетіне айналды.

— Билік пен халық арасына алтын көпір орнатып келе жатқан газеттің жүз жылдығы барша оқырманымыздың, елдің мерекесі ғой. Жүзжылдық мерейтой аясында қандай іс-шаралар өтті?

— «Кедейден» кемелденген басылымға айналған «Ақтөбе» газетінің 100 жылдығына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хатын жолдады. Оны газетіміздің дәл туған күні — 7 маусымда облыс әкімі Асхат Шахаров редакциямызға арнайы келіп, табыстаған болатын. Сондай-ақ биыл бұқаралық ақпарат құралдары күніне байланысты Астана қаласында өткен салтанатты іс-шараға әр өңірден журналистер жиналды. Сол салтанатта Мемлекет басшысының қолынан Алғыс хат алдым.Онда «Ақтөбе» газеті туралы «Көптеген игі бастаманың ұйытқысы болған қара шаңырақта талай қарымды қаламгер еңбек етіп, өз қолтаңбасын қалдырды. Бүгінде «Ақтөбе» осы сабақтастықты сақтап, жүйрік журналистердің шығармашылық шеберханасына айналды. Сол арқылы ұлттық баспасөздің дамуына зор үлес қосты» деп жазылған.  Президентіміздің бұл Алғыс хаты мен құттықтауы тек «Ақтөбе» газетінің ұжымына ғана емес, облысымызға көрсетілген құрмет деп есептейміз. Біз қашанда оқырмандарымызға ризамыз. «Оқырманын тапқан газет өміршең болады» деген сөзді ылғи айтып жүремін. Сонау 1924 жылы алғашқы саны жарық көрген «Ақтөбенің» бүгінде 100 «жасқа» жетуі, орыс тілінде шығатын «Актюбинский вестник» газетінің де ғасыр жасауы оқырмандарының арқасы деп білеміз.

Аймақтың бас басылымының жүзжылдық мерейтойы жыл басынан бері Ақтөбе қаласында және Байғанин, Мәртөк, Қобда аудандарында ұйымдастырылды. Жалпы, 2017 жылдан бастап «Ақтөбе» газетінің аудандардағы күндерін тұрақты өткізу дәстүрге айналған. Газетіміздің мерейлі жылында да бұл игі дәстүр өз жалғасын тапты. Осы іс-шара барысында сол өңірлерден шыққан елімізге белгілі тұлғалар атындағы сыйлықтар әзірленіп, газеттің белсенді оқырмандарына, әр саланың үздіктеріне, баспасөз жанашырларына берілді.

Мұндағы мақсатымыз — алдыңғы буынның өнегелі өкілдерінің жақсы есімдері жылдар тасасында ұмыт қалдырмай, жас толқынның жадында берік сақталуын ескеру, олардың ұлағат-үлгісін кейінгілерге кеңінен тарату. Облыстың Ойыл, Байғанин, Темір, Шалқар, Ырғыз аудандарында өткен кездесулерде екі рет Денсаулық сақтау министрі болған академик Ишанбай Қарақұлов, қазақ журналистикасының негізін қалаушылардың бірі Жиенғали Тілепбергенов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бек Сүлейменов, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор, Ақтөбе мемлекеттік институтының ректоры болған Әжімағи Смағұлов, көрнекті әскери қайраткер, генерал-майор Жансен Кереев, даңқты тары өсіруші Шығанақ Берсиев, Социалистік Еңбек Ері Өтеу Құдайбергенов, халық емшісі Сүлеймен әулие, Ленинград қорғаушыларының бірі, халық емшісі Елтоқ ата, жауынгерлік «Даңқ» орденінің толық кавалері Сәрсенғали Ешбаев, ғалым-дәрігерлер — Қуандық Дүйсенов, Асылбек Төлеуов, өнегелі ұстаз Нұрман Қорбин, көрнекті ақын-жазушылар — Өтебай Қанахин, Тобық Жармағамбетов, Сағи Жиенбаев, Құрал Тоқмырзин, Өтежан Нұрғалиев, Сәбит Баймолдин, Есенбай Дүйсенбаев атындағы сыйлықтар берілді.

Байырғы басылымның 100 жылдығына орай ақтөбелік альпинистер арнайы сапарға шығып, Тянь-Шаньдағы Сайрам-Өгем жотасында, теңіз деңгейінен 3150 метр биіктікте орналасқан Альтус шыңына «Ақтөбе» газетінің туын тігіп қайтты.  Бұл ғасырлық тарихқа аяқ басқан газет журналистері үшін тарихи оқиға болды.

— «Ақтөбе» мерейлі белеске қандай дайындықпен келді?

— «Ақтөбе» газеті өзінің 100 жылдығы мерекесі қарсаңында «Жүз жыл жылнамасы» айдары аясында оқырманға өткен кезеңнің естелігін ұсынып отыр. Мерейлі жылға байланысты шыққан «Ақтөбе: Жүз жыл жылнамасы» кітабында ғасырлық тарихы бар басылымның өткен кезеңдері, онда қызмет атқарған бірнеше буын өкілдері мен журналистер туралы баяндалады. Сондай-ақ қалам иелерінің естеліктері, құттықтаулар, фотосуреттер, басылым туралы өлеңдер де 1000 данамен шыққан кітапта топтастырылған. Сонымен қатар осы кітаппен бірге басылымның мерейтойына арнайы журнал да шығарылды.

— Мереке қалай тойланады? 

—  «Ақтөбе» газетінің 100 жылдық мерейтойы облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ақтөбе газеті: Жүз жыл жылнамасы» тарихи-танымдық көрмесінің ашылуымен басталады. Содан соң Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Мәңгілік ел» залында «Дәуір үні және бүгінгі баспасөз» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтпек. Бұл іс-шараға жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ғалымдар, еңбек ардагерлері және газет оқырмандары қатысады. Осы басқосуда жаңа кітабымыздың тұсаукесер рәсімі ұйымдастыралатын болады. Ал түстен кейін Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театры ғимаратында салтанатты жиын өтеді, оның шымылдығы облыс шежіресіне айналған «Ақтөбе» газеті туралы фильммен ашылады.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button