«Ақтөбе» — 100!

«Ақтөбе» қоғамдық-саяси газеті ғасыр тойын атап өтті

Басылымның 100 жылдық мерейтойына арналған шара Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрда ұйымдастырылды. Облыс әкімі Асхат Шахаров ардагер журналистерді, газеті ұжымы мен оқырмандарын мерейлі мерекемен құттықтады.  

Алдымен өңір басшысы ғасыр тойына арнайылап келген құрметті меймандармен бірге қазақ әдебиетінің классиктері Тахауи Ахтанов пен Қуандық Шаңғытбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Театр сахнасында облыс әкімі құттықтау сөз сөйлеп, «Ақтөбе» газетінің баспасөздегі орнын, оның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесі ерекше екенін атап өтті, әлі де мағыналы мақалалар мен жағымды жаңалықтардың жаршысы болатынына сенім білдірді.

««Ақтөбе» газеті қай кезде де елдің бүгіні мен ертеңіне арналған шараларға белсене атсалысты. Әр кезеңнің алға қойған міндеттеріне сәйкес қызмет етіп, тиімді идеология құралы ретіндегі рөлін ойдағыдай атқарып отырды. Өңірдің қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени-әлеуметтік өмірінің айнасы ретінде танылған басылым облыс аймағындағы өзекті мәселелер мен шешімін күткен проблемаларды батыл жазды. Олардың дер кезінде шешілуіне барынша үлес қосты. Газет өткен жылдар ішінде қарапайым халықты билік орындарымен жалғап тұратын дәнекер ретінде де рөл атқарды. Оқырман хаттары мен ұсыныс-пікірлеріне мол орын беріліп, арнаулы беттер жарық көріп тұрды. Бір ғасыр аз уақыт емес. Осы жүз жылда «Ақтөбенің» алған бағыты, мақсат-мұраты өзгерген жоқ. Алдағы уақытта да, «Ақтөбе» газетінің ұжымынан жағымды жаңалықтар, мағыналы мақалалар асыға күтеміз», – деді ол.

Асхат Шахаров  салтанатты шарада «Ақтөбенің» бірқатар қызметкерін алғыс хатпен марапаттады. Ал тілшілер Мейрамгүл Рахатқызы, Арайлым Нұрбаева және Айбек Тасқалиев «Ақпарат саласының үздігі» атанды.

Кеш барысында Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Мерекелік шарада өңір өнерпаздары ән мен күйден шашу шашты. Шара соңында мерейтойлық газет ұжымы облыстық филармония әртістерімен бірге Сәтжан Дәрібайдың сөзіне, Орал Байсеңгірдің музыкасына жазылған және  Бақытбек Зейнеловтің аранжировкасымен өңделген газеттің әнұранын орындады.

1924 жылдың 7 маусымында «Кедей» деген атпен басылған газет әр жылдары түрлі атаулармен жарық көріп, әр заманның талабына сай оқырманға қызмет етіп келеді. Еске салайық, биылғы жылдың 7 маусымында газет ұжымына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хатын жіберген еді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button