Жүз жылдың жаңғырығы
Биылғы 7 маусымда облыс баспасөзінің қарашаңырағы саналатын «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетінің алғашқы нөмірінің жарыққа шыққанына 100 жыл толды.
1924 жылы Ақтөбеде «Кедей» деген атпен қазақ тіліндегі губерниялық жаңа газет оқырманға жол тартқан еді. «Кедей» — бүгінгі облыстық газет тарихының бастауында тұрған басылым.
Өлкеміздің, халқымыздың 100 жылдық тарихы қатталған басылым өзінің ғасырлық мерейтойын қалың оқырманымен бірге жыл бойы атап өтті.
Шаңғыдан жарыс өтті
27 ақпанда Ақтөбедегі қысқы спорт түрлерінен облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің алаңында дәстүрлі шаңғы жарысы өтті. Биылғы жарыс облыстық «Ақтөбе» газетінің 100 жылдық мерейтойына арналды.
Жарысқа кәсіби спортшылар да, әуесқойлар да қатысты. Олар Ақтөбе қаласы мен Қарғалы және Мәртөк аудандарының намысын қорғады.
«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин іс-шараның ашылуында сөйлеген сөзінде биылғы жарыс облыстық «Ақтөбе» газетінің 100 жылдығына арналып өткізілетінін атап айтты: «Биыл облыс журналистикасы үшін ерекше мерекелі жыл деп айтуға болады. Өйткені республикамыздың байырғы басылымдарының бірі облыстық «Ақтөбе» газеті қоғамдық-саяси өзінің ғасырлық биігіне көтерілгелі отыр.
Жүзжылдық тарих — елеулі мерзім. Осы кезеңде алғашқы атауын «Кедейден» бастаған басылым, араға жылдар салып, заман ағымына, уақыт талабына сай «Алға», «Социалдық жол», «Социалистік жол», «Батыс Қазақстан», «Коммунизм жолы» болып өзгеріп отырды. 1990 жылдың 12 қазанынан бері «Ақтөбе» атауымен шығып келеді. Газетіміздің атауы бірнеше рет өзгергенімен, өзгермеген бір-ақ нәрсе бар. Ол — басылымның өңір шежіресін байыпты жазуы, адамдардың ерен еңбегін, жақсылықтары мен игіліктерін, ілгері ұмтылыстары мен ізгілікті істерін тұрақты көрсетуі», — деді ол.
Жарыстың қорытындысы бойынша Әлішер Телқабыл, Сезім Балқатова, Бекарыс Айдар, Айым Еркінғалиева, Наталья Галали,Александр Швачко, Айбек Ғабдуллин, Шыңғыс Төлеу және Валентина Калинурова сынды шаңғышылар түрлі жас категориялары бойынша жеңімпаз атанды. Оларды облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы мен «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры құттықтап, арнайы диплом мен естелік сыйлықтар табыс етті.Сондай-ақ ІІ және ІІІ орын алған жүлдегерлер де марапатталды.
Шыңға ту тігілді
2 мамырда Тянь-Шань тауының Альтус шыңында облыстық «Ақтөбе» газетінің туы желбіреді. Бұл акция газеттің 100 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар аясында жүзеге асты.
Альтус Батыс Тянь-Шаньдағы Сайрам-Өгем жотасында, теңіз деңгейінен 3 150 метр биіктікте орналасқан. Нұсқаушы Степан Шифманның жетекшілігімен шыңды бағындырғандар қатарында «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ына қарасты облыстық «Актюбинский вестник» газетінің тілшісі Татьяна Виноградова, сондай-ақ Варвара Диденко, Ибрахим Амангелдиев, Асхат Өтепбергенов сынды ақтөбелік альпинистер, шымкенттік Иван Петрусевич пен ресейлік Игорь Бекетов болды.
Нұсқаушы газет ұжымын құттықтап: «Еліміздегі байырғы басылымдардың бірінің құрметіне ойластырылған қадам сәтті аяқталды. Мен «Ақтөбе» газетінің журналистеріне шығармашылық жетістіктер тілеймін» деді. Бұл тілекке альпинистер тобы түгелдей қолдау білдірді.
Мемлекет басшысының құттықтау хатын табыстады
7 маусым, газеттің туған күнінде облыс әкімі Асхат Шахаров арнайы келіп, ұжыммен кездесіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Мемлекет басшысының құттықтау хатында:
«Құрметті редакция ұжымы!
«Ақтөбе» газетінің 100 жылдық мерейлі белесі құтты болсын!
Ғасырлық тарихы бар басылым алғашқы саны жарық көрген күннен бастап қазыналы өңірді өркендетуге атсалысып келеді. Газеттің әрдайым өзекті мәселелерді көтеріп, шынайы ақпарат таратуы, тағылымды әрі танымдық мақалалар жариялауы — соның айқын дәлелі.
Көптеген игі бастаманың ұйытқысы болған қара шаңырақта талай қарымды қаламгер еңбек етіп, өз қолтаңбасын қалдырды. Бүгінде «Ақтөбе» газеті осы сабақтастықты сақтап, жүйрік журналистердің шығармашылық шеберханасына айналды. Сол арқылы ұлттық баспасөздің дамуына зор үлес қосты.
Өзіндік дәстүрі бар беделді басылым болашақта да қалың оқырманның көзайымы болып, ел үмітін ақтай береді деп сенемін.
Баршаңызға бақ-береке, толайым табыс тілеймін!», — деп жазылған.
«Әр парағында — тарих тағылымы»
«Ақтөбе» газетінің жүзжылдық белесіне орай сондай-ақҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, Парламент депутаттары, облыс әкімі Асхат Шахаров, облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, Қазақстан Журналистер одағының басқарма төрағасы Сейітқазы Матаев, орталық және еліміздің басқа өңірлеріндегі басылымдар басшылары, т.б. құттықтау хаттар жолдады.
Ерлан Қарин өзінің құттықтау хатында: «Бастауында Құдайберген Жұбанов, Жиенғали Тілепбергенов сынды тұғырлы тұлғалар тұрған газетте көптеген ақын-жазушы мен журналист жұмыс істеді. Олар түрлі тақырыпқа қалам тербеп, халыққа қалтқысыз қызмет етті», — деп атап өтті.
Облыс әкімі Асхат Шахаров өз лебізін: «Бір ғасыр аз уақыт емес. Осы жүз жылда атауы сан рет өзгергенімен, «Ақтөбенің» алған бағыты, мақсат-мұраты өзгерген жоқ — басылым әрдайым тарихтың талай соқпағынан өткен елмен бірге болды, оқырманның «көзі, құлағы һәм тіліне» айналды, халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдады, елмен бірге қуанып, бірге шаттанды», — деп жеткізді.
Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі газет ұжымын ғасырлық мерейтойымен құттықтай отырып: «Бір ғасыр бұрын төте жазумен «Кедей» деген атпен шығып, уақыт өте келе беделі биік басылымға айналған «Ақтөбе» газеті әр парағында тарих тағылымын дәуір үнімен бейнелеп, кешегі мен бүгіннің арасын жалғап келеді… Газет ұжымы ана тіліміз бен ұлттық санамызды сақтауға, төл мәдениетіміз бен тарихымызды насихаттауға, елдігімізді нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келеді», — деп атап көрсетті.
Ғасырлық үлеске — алғыс
28 маусым — Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай ПрезидентҚасым-Жомарт Тоқаев «Ақтөбе» облыстық қоғамдық-саяси газетінің шығармашылық ұжымына еліміздің және өңірдің қоғамдық-саяси өмірін жариялап, көрсетуге қосқан үлесі үшін Алғыс жариялады.
Мемлекет басшысы Алғыс хатты Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай Ақордада өткен салтанатты жиында «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншинге тапсырды. Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Алғысы биыл 4 ұжымға берілді, «Ақтөбе» газеті солардың бірі болды.
Шахматшылар жарысты
Облыстық «Ақтөбе» газетінің 100 жылдығы мен Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 90 жыл толуына орай Ақтөбеде қаламгерлер арасында шахматтан жарыс өтті.
Бұл жарысты Бұқаралық ақпарат қызметкерлерінің күні қарсаңында Қазақстан Журналистер одағы мен Жазушылар одағының облыстық ұйымдары бірлесіп ұйымдастырды.
«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншинқұттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттіліктер тіледі.
Жарыс қорытындысы бойынша ардагер журналистер — Нұрмұхамбет Дияров пен Жақсылық Айжанов, жас жазушы Әлихан Жақсылық, «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның қызметкері Есенжан Керіков, «Aqtobe» телеарнасының қызметкері Арман Қошқарбаевтар дипломдар және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Жазушылар одағы облыстық ұйымының басшысы Бауыржан Құрманқұлов жүлдегерлерге марапаттарын тапсырып, шығармашылық табыстар тіледі.
Ең ардақты оқырмандар — ауылда
Бір ғасыр уақыт бойы газетіміз ауыл жұрты үшін басты ақпарат көзінің бірі болды. 100 жылдық мерейтой тұсында бірқатар ауданда оқырмандармен кездесулер өтті.
Маусым айында«Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның директоры Раукен Отыншин бастаған, құрамында «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Сәтжан Дәрібай және басылым қызметкерлері, еңбек ардагерлері мен қоғам қайраткерлерібар делегация Байғанин өңіріне іссапармен барды. Мерейтой аясындағы аудандарға сапар осы киелі Байғанин топырағынан бастау алды. Сапардың бірінші күнінде «Кіші Жазушылар одағы» атанған Жарқамыс ауылында оқырманмен кездесу өтті.
Осы жиында шаңырақ көтерген тойлары «Ақтөбе» газетінің туған күнімен тұспа-тұс келген жас отау иелері — Жандос Қаныбекұлы мен Нұржайна Дүйсенбайқызына және Жарқамыс орта мектебінің директоры Самал Жиенбаеваға құттықтау хат пен сыйлықтар табыс етті.
Мерейтойлық іс-шаралар келесі күні аудан орталығы Қарауылкелдіде жалғасты. Делегация мүшелері алдымен Елтоқ ата бейітіне тағзым етіп, ата рухына Құран бағыштады. Одан соң облыстық «Ақтөбе» газетінің тілшісі болған Ибадулла Сұлтановтың үйіне барып, марқұмның жары Ұрқия апаны басылымның 100 жылдығымен құттықтады.
Сапар барысында Тобық Жармағамбетов, Қажығали Мұқанбетқалиұлы атындағы мектептерде және аудандық орталықтандырылған кітапханада іс-шаралар өтті.
Ал мерейтойлық сапар аясындағы басты шара аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Мұнда оқырмандар көп жиналды.Олар алдымен «Жүз жылдық жылнама» атты көрмені тамашалады. Мәдениет үйінде өткен жиында аудан әкімі Айбек Көпенов, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин сөз сөйледі. Одан соң әр салада еңбек етіп жүрген газет жанашырлары марапатталды.
Сонымен бірге аудан әкімі «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның басшысы, журналист, Байғанин топырағының перзенті Раукен Отыншинге «Байғанин ауданының құрметті азаматы» атағының берілуіне орай төсбелгі мен куәлік табыс етті.
Осындай жылы шырайлы кездесулер Мәртөк, Қобда, т.б. аудандарда жалғасты.
Әр ұжымда оқырман бар
Облыс орталығында да газеттің мерейтойына орай оқырмандармен кездесулер өтті. Сәуірдің соңғы күнінде «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның баспасөз клубында редакция ұжымы мемлекеттік қызметшілермен кездесті.
Ғасырлық той аясында өткен кездесуге облыстық департаменттер мен басқармалардың, сондай-ақ аудандардан келген мемлекеттік органдар қызметкерлері қатысты.
Алдымен ұжым басшысы Раукен Отыншин қонақтарды «Ақтөбе» газетінің тарихымен, бүгінгі тыныс-тіршілігіментаныстырды. Жиында облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің бас редакторлары — Сәтжан Дәрібай мен Гүлсім Назарбаева да сөз сөйледі.
Маусым айында облыстық мемлекеттік архивте газеттің ғасырлық мерейтойына орай «Кедейден» «Ақтөбеге» дейін» атты танымдық іс-шара өтті. Бұл жиынға екі ұжым қызметкерлері, сондай-ақ архивте зерттеу ісімен айналысып жүрген өлкетанушылар, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті тарих факультетінің студенттері қатысты.
Облыстық мемлекеттік архив қызметкерлері осы іс-шараға орай «Ақтөбе» газетінің өткен тарихынан құжаттық көрме әзірлепті. Жиналғандар алдымен осы көрмені тамашалады.
Жиында екі ұжымның басшылары, журналистер сөз сөйлеп, газет пен архив қызметкерлерінің әрдайым бірлесе жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті.
Ал тарих магистрі, өткен ғасырдың 20-50 жылдары арасындағы қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісіне орай облыстық архивте зерттеулер жүргізген Дәурен Сайынов: «Біз тарихты хандардың, батырлардың, белгілі тұлғалардың тағдыры арқылы зерттеп, сол арқылы танып келдік. Енді соңғы кезде «Қарапайым халықтың өмірі қалай болды екен?» деген сауалға бет бұрдық. Осы тұрғыдан алғанда, қарапайым жандардың 100 жыл бұрынғы өмірін зерттеп-білемін деген адам үшін «Кедей» газетінің көне тігінділері — құнды деректерге тұнып тұрған бір әлем. Облыстық газет беттерінен көп зерттеуші іздегенін таба алады», — деп атап өтті.
Айта кетейік, облыстық архивте «Ақтөбе» газетінің өткен ғасырдың 20-жылдарының соңынан бергі тігінділері сақталған.
Тарихи-танымдық көрме
20 желтоқсанда облыс орталығында «Ақтөбе» газетінің жүз жылдығы кең көлемде атап өтілді. Ғасырлық мерейтойға Астана мен Алматыдан мәртебелі қонақтар келді. Оларды облыс әкімі Асхат Шахаров қабылдады. Құрметті қонақтардың қатарында Парламент Сенатының депутаты, Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанарбек Әшімжан, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Төлепбергенов, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Ақтөбе» газеті бас редакторының бұрынғы орынбасары Серікқали Байменше, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай, халықаралық «Түркістан» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, т.б. бар. Басқосу соңында өңір басшысы әр мейманға жеті томдық «Қобыланды батыр» жинағын және «Ақтөбе» газетіне — 100 жыл» мерейтойлық төсбелгісін табыстады.
Мереке облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен «Ақтөбе» газеті: «Жүз жыл жылнамасы» тарихи-танымдық көрмесінің ашылуымен басталды.
Көрмеге басылымның ескі тігінділері мен газетте бұрын еңбек еткен қызметкерлердің фотосуреттері, тұтынған заттары, ұжымның түрлі марапаттары, басқа да жәдігерлерқойылды.
Салтанатты іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Ақтөбе қаласының тұрғыны, газеттің тұрақты оқырманы Зауза Молдабаева құттықтау сөз сөйледі.
«Жүз жыл жылнамасы» көрмесі жылдың аяғына дейін жалғасты.
«Дәуір үні және бүгінгі баспасөз»
20 желтоқсанда өткен іс-шаралардың бірі — «Дәуір үні және бүгінгі баспасөз» атты ғылыми-тәжірибелік конференция. Жиын Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Мәңгілік ел» залында өтті.
Конференциядан бұрын қатысушылар оқу орны алдындағы Құдайберген Жұбановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Конференцияның ашылуында облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан сөз сөйлеп:
— «Кедейдің» кемелденуіне ең алғашқы кезеңдерде қазақтың зиялы азаматтары Жиенғали Тілепбергенов, Құдайберген Жұбанов аянбай еңбек етті. Сондай-ақ әр жылдары газет редакциясында Қуандық Шаңғытбаев, Ізтай Мәмбетов, Тобық Жармағамбетов, Мұқтар Құрманалин, Құрал Тоқмырзин, Есенбай Дүйсенбайұлы, Қажығали Мұхамбетқалиев, Нұрқайыр Телеуов, Әкімжан Оралбаев, Қуаныш Тектіғұл, Идош Асқар, Зияш Телеуова, Әмір Оралбай, Мейірхан Ақдәулетұлы, Серікқали Байменше, Аманқос Орынғалиұлы, Жанғабыл Қабақбаев, Ертай Ашықбаев, Бауыржан Бабажанұлы, Сағындық Ниянқұлов және тағы басқа сөз зергерлері еңбек етті. Қазіргі таңда облыстық басылым жаңа кезеңге аяқ басты», — деп, газет ұжымын ғасырлық мерейтоймен құттықтады.
Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп:
«Қазақ баспасөзінің тарихында елеулі орны бар «Ақтөбе» газетінің мерейтойын қазақ баспасөзінің тойы деп қабылдауымыз керек», — деп атап өтті.
Сондай-ақ конференцияда Парламент Мәжілісінің депутаты, Жазушылар одағының мүшесі Жанарбек Әшімжан, Қазақстанның құрметті журналисі,«Алтын жұлдыз» жалпыұлттық жүлдесінің лауреаты Мейрамбек Төлепбергенов, филология ғылымдарының докторы, профессор Серікқали Байменше, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай, халықаралық «Түркістан» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, ақтөбелік ғалымдар сөз алып, қазақ баспасөзінің өткені мен бүгіні, ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы рөлі жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды.
100 жылдық той
Осы күні Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрында «Ақтөбе» газетінің ғасырлық тойының қорытындысы ретінде салтанатты жиын өтті. Облыс әкімі Асхат Шахаров газет ардагерлері мен ұжымын мерейлі мерекемен құттықтады.
Алдымен аймақ басшысы мен газеттің мерейтойына арнайы келген меймандарқазақ әдебиетінің классиктері — Тахауи Ахтанов пен Қуандық Шаңғытбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Облыс әкімі жиында сөйлеген сөзінде: «Өңірдің қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени-әлеуметтік өмірінің айнасы ретінде танылған басылым облыстағы өзекті мәселелер мен шешімін күткен проблемалар туралы батыл жазды. Олардың дер кезінде шешілуіне барынша үлес қосты. Газет өткен жылдар ішінде қарапайым халықты билік орындарымен жалғап тұратын дәнекер ретінде де рөл атқарды. Оқырман хаттары мен ұсыныс-пікірлеріне мол орын беріліп, арнаулы беттер жарық көріп тұрды. Алдағы уақытта да, «Ақтөбе» газетінің ұжымынан жағымды жаңалықтар, мағыналы мақалалар күтеміз», — деді.
Бұдан соң марапаттарға кезек берілді. Облыс әкімі «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Сәтжан Дәрібай мен беттеуші Шолпан Мұхамбеталинаға — Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасын, «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Мейрамгүл Сатаеваға, басылым журналистері — Арайлым Нұрбаева мен Айбек Тасқалиевке «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін табыстады. Сондай-ақ тілшілер — Индира Өтеміс, Айнұр Жалмағанбетова, Гүлжан Базылқызы мен Ақмарал Мұқашева облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың «Ақтөбе» газетінің ұжымына жолдаған құттықтау хатын оқып беріп, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншинге табыстады. Сенат төрағасының хатында: «Басылым облыста ғана емес, тұтас елімізде соңғы 100 жылда болған оқиғаларды хатқа түсіріп, халыққа жеткізді.Сондықтан бұл газетті өңір тарихының хронологиясы, ұлт шежіресінің бір тарауы деуге толық негіз бар.Газет қай кезеңде де аймақтың әр ауданы мен шалғай ауылдарындағы өзекті мәселелерді назардан тыс қалдырмай, халық пен билік арасындағы алтын көпір міндетін атқарды. Сол арқылы облыстың ілгері жылжуына үлкен үлес қосты», — делінген.
Салтанатты жиын жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты.Соңынан газет ұжымы облыстық филармония артистерімен бірге Сәтжан Дәрібайдың сөзіне жазылған Орал Байсеңгірдің әні — «Ақтөбе» газетінің әнұранын орындады.
«Ақтөбе»: «Жүз жыл жылнамасы»
Ғасырлық мерейтойына орай «Ақтөбе» газеті жыл бойы арнайы айдарлар арқылы газеттің тарихы, мұнда қызмет еткен тұлғалар туралы, әр жылдардағы газет кейіпкерлерінің бүгінгі тағдыры жайлы материалдарды, кейіпкерлер мен оқырмандардың лебіздерін үзбей беріп тұрды.
Осы мерейтойға орай «Ақтөбе Медиа» редакция алқасы дайындаған «Ақтөбе»: «Жүз жыл жылнамасы» кітабы мен арнайы журналы, сондай-ақ белгілі қаламгер, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның құрметті журналисі Серікқали Байменшенің «Уақыт уәжі» атты кітабы жарыққа шықты. Олардың тұсаукесері «Дәуір үні және бүгінгі баспасөз» ғылыми-тәжірибелік конференциясының аясында өтті.
Облыстық «Ақтөбе» газетінің 100 жылдығына байланысты жарық көрген «Ақтөбе»: Жүз жыл жылнамасы» кітабында басылымның кезең-кезеңге бөлінген тарихы, онда қызмет атқарған бірнеше буынның өкілдері мен журналистер туралы деректер берілген. Сондай-ақ қалам иелерінің естеліктері, құттықтаулар мен фотосуреттер топтастырылған.
А.САРЫБАЙ.