«Құтты болсын ғасырың, «Ақтөбем»
Жұма күні облыстық «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетінің жүз жылдығы аталып өтілді. Ғасырлық мерейтойға Астана мен Алматыдан мәртебелі қонақтар келіп, басылымның беделін көтерді. Келген меймандарды облыс әкімі Асхат Шахаров қабылдады. Мереке басы облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен «Ақтөбе» газеті: «Жүз жыл жылнамасы» тарихи-танымдық көрмесінің ашылуымен басталды. Мерейтой бағдарламасы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Мәңгілік ел» залында болған «Дәуір үні және бүгінгі баспасөз» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференциямен жалғасты. Конференция алдында «Ақтөбе» газетінің 100 жылдығына орай жарық көрген кітаптардың тұсаукесері өтті. Түстен кейін Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры ғимаратында ғасырлық мерекеге арналған салтанатты жиын шымылдығын түрді. Оған облыс әкімі Асхат Шахаров, мәртебелі меймандар, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер және оқырмандар қатысты.
Қабылдау және көрме
«Ақтөбе» газетінің 100 жылдық мерейтойына арналған іс-шара облыстық тарихи-өлкетану музейінде ұйымдастырылған «Жүз жыл жылнамасы» көрмесінен басталды.
Алдымен мерейтойға арнайы келген меймандарды облыс әкімі Асхат Шахаров қабылдады. Құрметті қонақтардың қатарында Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты, Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Төлепбергенов, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Ақтөбе» газеті бас редакторының бұрынғы орынбасары Серікқали Байменше, Қазақстанның құрметті журналисі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай, халықаралық «Түркістан» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, т.б. бар.
Өңір басшысы Асхат Шахаров басқосуда талай танымал тұлғалар басшылық жасап, қаламы қарымды қаламгерлер мен журналистер негізін салған дәстүрді абыроймен жалғастырып келе жатқан «Ақтөбе» газеті заман талабына сай жаңғырып, ғасырлық тойын жаңа жетістіктермен қарсы алып отырғандығын жеткізді.
Кездесу барысында қонақтар «Ақтөбе» газетінің кешегісі мен бүгінгісіне тоқталып, қазақ баспасөзі туралы өзара ой қозғады.
Басқосу соңында өңір басшысы әр мейманға жақында жарық көрген 29 нұсқасы толықтай үш тілде енгізілген Қобыланды батыр жырының 7 томдық жинағын және «Ақтөбе» газетіне — 100 жыл» мерейтойлық төсбелгісін табыстады.
Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан бастаған қадірлі меймандар облыстық тарихи-өлкетану музейінде ұйымдастырылған «Жүз жыл жылнамасы» көрмесін тамашалады.
Музейде басылымның ескі тігінділері мен газетте бұрын еңбек еткен қызметкерлердің фотосуреттері, тұтынған заттары, ұжымның түрлі марапаттары мен ескі жәдігерлер қойылды. Келушілер газет тарихымен танысып, көне жәдігерлерді тамашалады.
Салтанатты іс-шарада сөз сөйлеген Жолдас Батырхан жиналған жұртшылықты «Ақтөбе» газетінің 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
— Осыдан жүз жыл бұрын, яғни 1924 жылы 7 маусымда газет өз оқырманына жол тартқан болатын. Міне, содан бері атауы сан мәрте өзгерсе де, басылым әлі күнге дейін сол оқырмандарымен бірге жасап келеді. Билік пен халық арасында алтын көпір бола білген газет биыл ғасырлық тойын тойлап отыр. Бүгін газет ұжымы керемет көрме ұйымдастырып, келушілерге ұсынып жатыр. Көрмеге басылымның тарихы ғана емес, осы жүз жылдағы жетістіктері де көрсетілген. Баршаңызды «Ақтөбе» газетінің ғасырлық тойымен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, ұжымға шығармашылық табыстар тілеймін. Газетіміз ғұмырлы болсын! —деді ол.
Бұдан кейін Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп басылымның қоғамдағы, облыстың дамуындағы орны жайлы сөз қозғап, жиналғандарға ақжарма тілегін жеткізді.
Ақтөбе қаласының тұрғыны, газеттің тұрақты оқырманы Зауза Молдабаева көрмеге арнайы келіпті. Ұзақ жылдар бойы медицина саласында еңбек еткен ардагер басылымды іздеп жүріп оқитынын жеткізді.
— Облыстық «Ақтөбе» газетіне жыл сайын арнайы барып жазыламын. Осы газет арқылы өңірімізде болып жатқан оқиғаларды, жаңалықтарды, қаланың тұрмыс-тіршілігін біліп отырамын. Кей кездері газеттен облысымызда ұйымдастырылатын іс-шаралар туралы мағлұмат алып, арнайы барып қатысамын. Өзім бұрын көп жыл дәрігер болып жұмыс істедім. Қазір зейнетте болсам да, бос отырмаймын. Көп ізденемін, газет-журналдар оқимын, қоғамдық іс-шараларға атсалысамын. Бүгінгі көрме туралы естіп, арнайы келіп отырмын. Басылымның тойы құтты болсын! Барша журналистер қауымына шығармашылық табыс тілеймін, —деді ардагер.
Айта кету керек, «Жүз жыл жылнамасы» көрмесі жыл аяғына дейін жалғасады.
Данагүл ҚАЗИХАН.
«Дәуір үні және қазіргі баспасөз»
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Мәңгілік ел» залында «Ақтөбе» облыстық қоғамдық-саяси газетіне 100 жыл толуына орай «Дәуір үні және бүгінгі баспасөз» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияға облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, Қазақстан Республикасының Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, белгілі қаламгерлер Мейрамбек Төлепбергенов, Серікқали Байменше, Қайнар Олжай, халықаралық «Түркістан» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин, ғалымдар, ардагерлер, студенттер қатысты.
Конференция алдында қатысушылар оқу орны алдындағы Құдайберген Жұбановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Одан соң «Ақтөбе Медиа» редакция алқасы дайындаған «Ақтөбе»: «Жүз жыл жылнамасы» кітабы мен арнайы журналының, белгілі қаламгер, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның құрметті журналисі Серікқали Байменшенің «Уақыт уәжі» атты кітабының тұсаукесері болды. Мұнда жаңа кітаптардың ленталарын Сенаттың әлеуметтік-мәденидаму және ғылым комитетінің төрағасыНұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты, Жанарбек Әшімжан, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Төлепбергенов, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов қиды.
Облыстық «Ақтөбе» газетінің 100 жылдығына байланысты жарық көрген «Ақтөбе»: Жүз жыл жылнамасы» кітабында ғасырлық тарихы бар басылымның өткен кезеңдері, онда қызмет атқарған бірнеше буын өкілдері мен журналистер туралы баяндалған. Сондай-ақ қалам иелерінің естеліктері, құттықтаулар, фотосуреттер де топтастырылған.
Конференцияның ашылуында облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан сөз сөйледі.
— Жыл басынан бері өңірімізде облыстық «Ақтөбе» газетінің 100 жылдығына арналған көлемді іс-шаралар өткізілді. Ғасыр биігін бағындырып, өңір руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан облыстық «Ақтөбе» газеті — тарихы терең, жеңісті жолы, шыққан белестері бар өңірдегі бірден-бір басылым. Бүгінгі облыстық газеттің ізашары — «Кедей» газетінің алғашқы саны 1924 жылы 7 маусымда оқырманына жол тартты. Содан бері «Алға», «Социалдық жол», «Социалистік Қазақстан», «Батыс Қазақстан», «Коммунизм жолы» болып өзгеріп, бүгінгі таңда «Ақтөбе» атауымен өңір тұрғындарының сенімді серігіне айналды.
«Кедейдің»кемелденуіне ең алғашқы кезеңдерде қазақтың зиялы азаматтары Жиенғали Тілепбергенов, Құдайберген Жұбанов аянбай еңбек етті. Сондай-ақ әр жылдары газет редакциясында Қуандық Шаңғытбаев, Ізтай Мәмбетов, Тобық Жармағамбетов, Мұқтар Құрманалин, Құрал Тоқмырзин, Есенбай Дүйсенбайұлы, Қажығали Мұхамбетқалиев, Нұрқайыр Телеуов, Әкімжан Оралбаев, Қуаныш Тектіғұл, Идош Асқар, Зияш Телеуова, Әмір Оралбай, Мейірхан Ақдәулетұлы, Серікқали Байменше, Аманқос Орынғалиұлы, Жанғабыл Қабақбаев, Ертай Ашықбаев, Бауыржан Бабажанұлы, Сағындық Ниянқұлов және тағы басқа сөз зергерлері еңбек етті. Қазіргі таңда облыстық басылым жаңа кезеңге аяқ басты, — деп облыстық басылым ұжымын газеттің ғасырлық тойымен құттықтады.
Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп:
— Облыстық басылым тарихында қызмет етіп, араласқан, атсалысқан, зейнетке шығып, ұрпақ тәрбиелеп отырған ардагерлер, орта буын, жас буын, «Ақтөбе» газетінің 100 жылдығы құтты болсын! Мерейтойға орай облыстық тарихи-өлкетану музейінде үлкен көрме өтті. Көрмеде жүзжылдықтың қысқаша баянын көргендей болдық. Әрине, өңірдің бүкіл шежіресін қаттап, тасқа түсірген осы — «Ақтөбе» газеті. Басылымның әр сөзі қаттаулы, ел жадында сақтаулы. Газет сөзі ескірмейді.Бұл — өшпейтін тарих. Ұрпақ алмасады. Ал ұрпақ тарихқа қайта айналып, үңілмей тұрмайды. Өзіне керегін іздейді, керекті дерегін іздейді.
Мұрағат ісіне кенжелеу кіріскен елміз ғой. Осы ретте іздеуші өзіне керегін қаттаулы тұрған газеттің сарғайған беттерінен таба алады.
Қазақ баспасөзінің тарихында елеулі орны бар «Ақтөбе» газетінің мерейтойықазақ баспасөзінің тойы деп қабылдауымыз керек, — деді.Сонымен қатар ол ұлттық құндылықтар туралы да пікір білдірді.
Одан кейін сөз сөйлеген Парламент Мәжілісінің депутаты, Жазушылар одағының мүшесі Жанарбек Әшімжан да журналистердің еңбегін ерекше атап өтті.
—Ақтөбе облысыныңәкімі Асхат Берлешұлының қабылдауында болдық, мерзімді басылымдарға қатысты ұсыныстарымызды, ой-пікірімізді айттық.
Еліміздегі дәстүрлі газет-журналдарды, телеарналар мен радиоларды бірінші кезекте мемлекет қолдауы керек.
Жанкештілікпен жұмыс істеп жатқан осы «Ақтөбе» газетіндегі әріптестерімнің еңбегі орасан.Мен үшін әлеуметтік желіде танымал бір блогердің парақшасындағы 1,5 миллион жазылушысынан гөрі «Ақтөбе» газетіндегі 15 мың оқырманның құрметі де, құны да зор, — деді Жанарбек Әшімжан.
Қазақстанның құрметті журналисі,«Алтын жұлдыз» жалпыұлттық жүлдесінің лауреатыМейрамбек Төлепбергенов:
— «Ақтөбе» газетінің 100 жылдығы — қазақ баспасөзінде, рухани мәдениетінде үлкен оқиға. Бізге дейін болған ата-бабаларымыздың рухына тағзым еттік.Журналистердің еңбектері еленіп жатыр. Осыны ескеріп, елеп отырған облыс басшысына, «Ақтөбе Медиа» компаниясының директоры Раукен Сағызбайұлына рақмет! — деп басшылықтың назар аударып отырғанын тілге тиек етті.
Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Серікқали Байменше өзінің «Ақтөбе» газетінен түлеп ұшқанын айтты.
— Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің дипломын алып, облыстық «Ақтөбе» (ол кезде «Коммунизм жолы») газетіне қызметке келгенімде жиырма бір жаста екенмін. Содан бері тура қырық жыл өтіпті. Шалқар өңірінде өткен балалық, бозбалалық шақты айтпағанның өзінде, тура осы жолда қаншама адамдармен жолдас, сырлас, сұхбаттас болдым. Солардың ішінде маған ең жақыны, сырымды бөлісіп, жанымды түсініп, жүрегімнен жылы орын алғаны деп қаламдастарымды — журналистер қауымын айта аламын.
Мен қайда жүрсем де, ыстық ұям «Ақтөбе» газетін, оның ұжымын ұмытпаймын.
Облыстық газетте қызмет еткен тұстарым ылғи көңілімнің төрінде шуақтанып тұрады. Құбаш Қожамұратов, Смағұл Мұқашев бастаған аға буынның көзін көрдік. Одан кейінгі — бүгінде олардың ізін басқан келесі толқын — ағаларымыздың соңынан ілестік, — деп «Кедей» газетінің редакторлары Ізмұхамбет Құрамысов, Дәрібай Хангереев, Әзімбай Лекеров, Жиенғали Тілепбергеновтерді тізбектеп, әрқайсысына тоқталып өтті.
Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай«Кедейден» «Ақтөбеге» дейінгі аралықтағы газетте жарияланған өнер тақырыбындағы мақалалар мен өлең, әңгімелерді санап тауысу мүмкін еместігін, мәдениет пен әдебиетке орын беруден бұл басылым республика бойынша даусыз алдыңғы қатарда келе жатқанын атап өтті.
—Облыстан шығып Алматыны мекен еткен жерлестерін газет әсте, ұмытпағанына Қуандық Шаңғытбаевтың өлеңдерінің топтамасын жариялағаны дәлел болады. Онда:
Қалыпты-ау шалдар азайып,
Қатары сиреп кетіпті.
Жүйткір-ау күндер ғажайып,
Отыз жыл ғана өтіпті,—деген жолдар бар.
Бұл тағы бір ақтөбелік тамаша ақын Сағи Жиенбаевтың «Ауыл қарттары» өлеңіне әлде жалғасып, әлде оны бастап жатқандай әдемі әсер береді. Сағидың да бірнеше топтама жырлары «Коммунизм жолында» жарық көрген.
Әлі де «Ақтөбе» газеті мектепоқушыларының тырнақалды өлеңдерін толассыз жариялайды. Сабақтастық деген —осы.
Берекелі күз келсе,
Көркем қала аумағы.
Айналаны жайнатар
Алтын теңге жауғаны, —деген өлеңі 2024 жылы газетке шыққан 4-сынып оқушысы Мансұр Санақ болашақта Қуандық, Сағи, Өтежан аталары сияқты арқалы ақын болар. Мәселе — тұсауды кім кескенінде. Мансұрдың тұсауын «Ақтөбе» газеті кесіп отыр ғой, — деп баяндады Қайнар Олжай.
Философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов «Ақтөбе» газетінің авторы әрі оқырманы ретінде пікірін білдіріп, редакция қызметкерлерін ғасыр биігіне шыққан басылымның мерейтойымен құттықтады.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Абат Пангереев «Ақтөбе» газеті мен университет арасындағы іскерлік байланыстар туралы әңгімеледі.
— «Ақтөбе» газетінің ғасыр биігіндегі ғибратты тойы — ортақ мереке, айтулы сәт. Тұтас ғасыр ұлт шежіресін тасқа қашаған қарашаңырақ басылымның дәуір тынысын бедерлеудегі тарихы да, тағылымы да теңдессіз.
«Ақтөбе» газеті мен Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті арасында мәдени, рухани, іскерлік байланыс жақсы жолға қойылған. 1998 жылы университетімізде журналист мамандарды даярлайтын мамандық ашылды.Қазақ әдебиеті кафедрасы жанынан ашылған мамандық 2000 жылы өз алдына жеке кафедра болып бөлініп шықты. «Болашақ журналистерге кімдер сабақ береді?» Осы сұрақ туындағанда облысымыздың журналистика ұстаханасына айналған «Ақтөбе» газеті мен Ақтөбе облыстық телеарнасында жұмыс істеген тәжірбиелі мамандарды шақырдық. Яғни студенттерге Әмір Оралбай, Аманғали Сәтер, Баян Сәрсенбина, Амантай Өтегенов, Сәтжан Дәрібай сияқты майталман журналистер сабақ берді. Жалпы, Жұбанов университетінде практик мамандарды оқытушылық қызметке шақыру тәжірибесі бұрыннан бар.
Журналистика мамандығын бітірген түлектеріміз еліміздің беделді бұқаралық ақпарат құралдарында жемісті қызмет атқарып жүр. Мейрамгүл Сатаева, Гүлжан Базылқызы, Арайлым Нұрбаева, Айнұр Жалмағанбетова, Кәмшат Қопаевалар«Ақтөбе» газетінде жұмыс істеп, облысымызға белгілі журналистер болып қалыптасты.
«Ақтөбе»газеті — жай ғана ақпараттық ресурс емес, тәуелсіз Қазақстан тарихының маңызды бөлігі. 100 жыл ішінде революциялық оқиғалар мен кеңес дәуірінен бері тәуелсіздікке, қазіргі мемлекеттің қалыптасуына дейінгі елеулі өзгерістердің куәсі және қатысушысы болды, — деді Абат Пангереев.
Жиырма жылдан астам уақыт «Ақтөбе» газетінің бас редакторы болған Бауыржан Бабажанұлы — бүгінде халықаралық «Түркістан» газетінің бас редакторы.
— Мен осы газетке редактор болып келген кезімде Смағұл Мұқашев ағамыздың 90 жылдығы болып жатты. Газетке сұхбат алдық. Сұхбаттың бірінші сөйлемін оқығанымда, жүрегім дір ете қалды: «Бұл бәлкім, менің ең соңғы сұхбатым шығар». Расында, сол Смағұл ағаның соңғы сұқбаты болды. Бірде Смағұл Мұқашевтің соңына НКВД қызметкерлері түсіп, ол түрмеге түседі. Күн сайын ұрады, соғады. Кейін ақталып шығады ғой, сонда дәл сол өзін азаптаған НКВД-ның ғимараты редакцияға беріледі, ал басшысының бөлмесіне бас редактор болып өзі жайғасады. Адамның тағдыры деген өзі қызық дүние ғой.
Сол секілді «Ақтөбе» газетінің тарихы терең. Әлі зерттелуге тиіс деп есептейміз. Осы облыстық басылымға 2000 жылы бас редактор болып келдім, Осы жерде менің ағаларым отыр: Аманқос, Жанғабыл, Нұрмұханбет. Ал Ертай ағаммен тізе қосып отырып, жұмыс істедік. Абат Шамұлы айтқан, Жұбанов университетінің түлектері Мейрамгүлдің, Айнұрдың, Арайлымның, Гүлжанның, Кәмшаттың алғашқы жазған мақалаларының бәрі есімде. Осы газетті алға сүйреп келе жатқан азаматтардың бірі Сәтжан Дәрібаймен біраз жыл қатар жұмыс істедік. Облыстық басылымның 100 жылдығы құтты болсын! — деді Бауыржан Бабажанұлы естеліктерімен бөлісіп.
Кештің тізгінін ұстап отырған Қ.Жұбанов атындағы университеттің проректоры Рақым Бекназаров «Ақтөбе» газеті мен оқу орны бұрыннан әріптестік байланыста екенін атап өтіп, Құдайберген Жұбановтың «Кедей» газетіне «Қыр баласы», «Шекті», «Қараша бала» деген бүркеншік есімдермен жазып тұрғанын атап өтті. Осы жиында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің филология факультетінің студенттері арасында облыстық басылымның 100 жылдығына орай өткізілген байқаудың жеңімпазы Ақнұр Асылбекова баяндама жасады.
— «Кедей» газетінің тарихы — қазақ баспасөзінің қалыптасу және даму жолының айқын көрінісі. Құдайберген Жұбановтың осы басылымдағы ағартушылық қызметі оның ұлттық мәдениет пен білімді дамытуға қосқан зор үлесін көрсетеді. Бүгінгі баспасөз осы құндылықтарды жоғалтпай, жаңа технологиялармен үйлесімді дамыған жағдайда ғана өзінің тарихи миссиясын жалғастыра алады.Ұлттық құндылықтарымызды сақтап, жаңа ұрпаққа жеткізу — бәріміздің ортақ парызымыз. Осы орайда «Ақтөбе» газеті сияқты басылымдар өз миссиясын адал атқарып, халықтың сүйікті басылымы болып қала бермек. Мерейтойларыңыз құтты болсын! Ұлттық баспасөзіміздің мерейі әрдайым үстем болғай! — деді студент Ақнұр Асылбекова.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.
Мерейтой салтанаты
«Ақтөбе» газетінің ғасырлық тойына арналған салтанатты іс-шара Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрында ұйымдастырылды. Облыс әкімі Асхат Шахаров ардагер журналистерді, газет ұжымы мен оқырмандарын мерейлі мерекемен құттықтады.
Алдымен аймақ басшысы газеттің мерейтойына арнайылап келген құрметті меймандармен бірге қазақ әдебиетінің классиктері — Тахауи Ахтанов пен Қуандық Шаңғытбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.Содан соң театр сахнасында облыс әкімі құттықтау сөз сөйлеп, «Ақтөбе» газетінің қоғамдағы орнын, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесі ерекше екенін атап өтті. Сондай-ақ ол ғасыр жасаған басылымның әлі де мағыналы мақалалар мен жағымды жаңалықтардың жаршысы болатынына сенім білдірді.
— «Ақтөбе» газеті қай кезде де елдің бүгіні мен ертеңіне арналған іс-шараларға белсене атсалысты. Әр кезеңнің алға қойған міндеттеріне сәйкес қоғамға қызмет етіп, тиімді идеология құралы ретіндегі рөлін лайықты атқарып отырды. Өңірдің қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени-әлеуметтік өмірінің айнасы ретінде танылған басылым облыстағы өзекті мәселелер мен шешімін күткен проблемалар туралы батыл жазды. Олардың дер кезінде шешілуіне барынша үлес қосты. Газет өткен жылдар ішінде қарапайым халықты билік орындарымен жалғап тұратын дәнекер ретінде де рөл атқарды. Оқырман хаттары мен ұсыныс-пікірлеріне мол орын беріліп, арнаулы беттер жарық көріп тұрды. Бір ғасыр — аз уақыт емес. Осы жүз жылда «Ақтөбенің» алған бағыты, мақсат-мұраты өзгерген жоқ. Алдағы уақытта да, «Ақтөбе» газетінің ұжымынан жағымды жаңалықтар, мағыналы мақалалар күтеміз, — деді Асхат Шахаров.
Содан соң облыс әкімі «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Сәтжан Дәрібай мен беттеуші Шолпан Мұхамбеталинаны Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен марапаттаса, «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Мейрамгүл Сатаеваға, басылым журналистері — Арайлым Нұрбаева мен Айбек Тасқалиевке «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгесін табыстады. Сондай-ақ салтанатты жиында «Ақтөбе» газетінің тілшілері — Индира Өтеміс, Айнұр Жалмағанбетова, Гүлжан Базылқызы мен Ақмарал Мұқашевалар облыс әкімінің Алғыс хатын иеленді.
Кеш барысында Парламент Сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың «Ақтөбе» газетінің ұжымына жолдаған құттықтау хатын оқып берді.««Ақтөбе» —қазақ баспасөзінде өзіндік орны бар іргелі басылымдардың бірі. Алғаш «Кедей» деген атаумен жарық көрген газет осы аралықта өңірдің нағыз айнасына айналды.Басылым облыста ғана емес, тұтас елімізде соңғы 100 жылда болған оқиғаларды хатқа түсіріп, халыққа жеткізді.Сондықтан бұл газетті өңір тарихының хронологиясы, ұлт шежіресінің бір тарауы деуге толық негіз бар.Газет қай кезеңде де аймақтың әр ауданы мен шалғай ауылдарындағы өзекті мәселелерді назардан тыс қалдырмай, халық пен билік арасындағы алтын көпір міндетін атқарды. Сол арқылы облыстың ілгері жылжуына үлкен үлес қосты.Төл әдебиетіміз бен руханиятымызды дамыту жолында да газеттің алар орны бөлек. Өңірден шыққан ақын-жазушылардың басым бөлігінің тырнақалды туындылары алғаш дәл осы басылымда жарық көруі — соның жарқын көрінісі.Тәуелсіздік алған тұста газет тілшілері ұмыт болған есімдерді қайта жаңғыртып, қазақ тарихының кем-кетігін түгендеу ісіне де белсенді түрде атсалысты.Қазіргі таңда редакция осы жолдан айнымай, ғасырдан бері жалғасып келе жатқан сабақтастықты өз деңгейінде сақтап келеді», — деген мәтінде жазылған құттықтау хатты ол «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншинге табыстады.
Сондай-ақ ол өз сөзінде оқырман қатарын көбейту мәселесіне де тоқталды.
— Сөзде қуат бар. Сөз адамның жүрегін жылытады. Сөз үмітсіздікке салынған адамға үлкен үміт, сенім сыйлайды. Сөзбойға күш-қуат береді. Бұл — сөздің қадірі. Сол сөз қадірін білетін адамдардың барлығы осы жерде отыр және 100 жыл — бір ғасыр бойы біздің «Ақтөбе» облыстық газеті қаншама ұрпақты тәрбиелеп келді. Газет — сауаттылықтың сақшысы. Қазақ тілін, мемлекеттік тілді қолданудың, оның аясын кеңейтудің, сауатты хат-хабар алмасудың, жазудың сақталуына қазақ газеттері үлкен рөл атқарды. Қазіргі заман, яғни жаңа технология, жаңа медия келгелі, қоғам газетке емес, қолындағы ұялы телефонға үңілетін жағдайға келді. Тоғыз жасында билік айтқан Әйтеке, Төле, Қазыбек билердің ұрпақтары қазір тоғыз жасында төрт сөйлемнің басын құрап айта алмайтын, жаза алмайтын, болмаса 4-5 жасқа дейін тілі шықпаған ұрпақ өсіп келе жатыр. Ал олардың тағдыры, ертеңі қандай болады? Бұл — үлкен мәселе. Қазір егіні бар орағы жоқ, орағы бар, оратын адамы жоқ, газеті бар, оқырманы жоқ жағдайға қарай бет алып бара жатырмыз. Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов ағаларымыз басшылық жасағанда, «Жұлдыз» журналы 300 мыңның үстінде таралған уақыт болды. «Лениншіл жас», «Жас Алаш» газеттерінің де осындай данамен таралған уақыттары болған. Қазір оқырман іздейтін жағдайға жеттік. Оқырман үшін күрес — тіл үшін күрес. Оқырман үшін күрес — Тәуелсіздік үшін күрес. Мемлекет тілсіз бола алмайды. Мемлекеттің тілі — мемлекеттің мәңгілік өмір сүруіне кепілдік беретін үлкен құрал, үлкен пәрмен, бұл — үлкен энергетика. Сол үшін оқырман қатарының азаймауын,көбейтудіойластырған абзал, — деген белгілі журналист, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп бүгінде «Масс-Медиа» туралы Заң қабылданып, Мемлекет басшысымемлекеттік тілді дамытуға, жаңа креативті индустрия құруға маңыз беріп жатқан жағдайда, газет оқырманы қатарын жоғалтып алмауға, оны жас ұрпаққа эстафета ретінде табыстаудың маңызы зор екенін ерекше айтты.
Мерекелік іс-шарада жергілікті өнерпаздар ән мен күйден шашу шашты. Іс-шара соңында газет ұжымы облыстық филармония артистерімен бірге Сәтжан Дәрібайдың сөзіне жазылған Орал Байсеңгірдің әні «Ақтөбе» газетінің әнұранын орындады.
Алла ЖАРЫЛҚАСЫН.