Жүз жыл жүгі аумаған
Қайнар ОЛЖАЙ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
«Ақтөбе» газетінің кешегісі мен бүгінгісіне шолу
І. Тарих танымында
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың облыс тұрғындарына жаңа 2024 жылға құттықтауы «Ақтөбе» газетінің 21446-шы нөміріне шыққанда оқырмандардың көзіне мына жолдар да түскені даусыз: «Қол жеткізілген оң нәтижелерге әрбір ақтөбеліктің қосқан үлесі зор».
Әкім бір жылды айтса, пікірді одан әрі дамытып «бір ғасырда қол жеткізілген оң нәтижелерге «Ақтөбе» газетінің, оның бірнеше жүздеген журналистері мен қызметкерлерінің қосқан үлесі зор» деу керек. Бұл — жай сөз ойнату емес, басылымның әр онжылдықтағы нөмірлерін парақтай отырып жасалған тұжырым.
«Ақтөбе» газетінің 100 жылдық жолында алдымен байқалатыны— аймақтың тынысы тайға таңба басқандай болып басылым бетінде сақталғаны. Әр-беріден соң бір аймақтың емес, байтақ қазақ даласының ғасыр бойына бастан кешкені газет парақтарына көшкен екен.
1924 жылы қазақ еліне сырттан таңылған жұмысшы-шаруа билігідеген саяси құрылым орныққан соң Ақтөбе губерниялық партия және атқару комитеті 17наурызда қазақ тілінде губерниялық газет шығару туралы шешім қабылдаған. Өкімет өндірісте —жұмысшыға, ауылда кедейге арқа сүйейтінін танытқандықтан газет «Кедей»деп аталды. Ол кезде Ақтөбе қуатты өндіріс қалыптаспаған өңір еді.
Жиырмасыншы жылдардың басында «кедей» сөзі сәнге айналып, бақандай төрт басылымның атауына айналған. Ташкенттегі Орта Азия коммунистік университетінде 1923 жылдан «Кедей айнасы» атты журнал шыққан. «Кедей сөзі» газеті 1920 жылдан Сібір облысына қарасты Ақмола губерниялық бюросының органы болды. Бірақ губерния емес, облыс орталығы Омбы қаласында басылған. «Кедей айнасында» Сәкен Сейфуллин мен Өтебай Тұрманжановтың өлеңімен мақалалары, «Кедей сөзінде» Міржақып Дулатовтың мақалалары, сын-сықақтары жарық көрген. Төртінші басылым — «Кедей тілі»Астрахан губерниялық партия комитетінің жанындағы татар-қазақ бюросының органы еді. Ол да басқа «кедейлермен» қатарлас 1924 жылы дүниеге келді.
Сол төрт «Кедейдің» екеуі бір ғасырданаса әлі шығып тұр. «Кедей сөзі»облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінің, «Кедей» облыстық «Ақтөбе» газетінің бастауы болды.
«Кедей» газетінің бірнеше нөмірінде шыққан шағын мақалаларды 100 жылдық той қарсаңында «Ақтөбе Медиа» холдингінің басшысы Раукен Отыншинның тапсырмасымен «Ақтөбе» газеті қайталап жариялап келеді. Бұл орайда журналист, деректанушы Индира Өтемістің еңбегі зор.
ІІ.Сабақтастық сапарында
Жүз жылдың жетпіс жылында қорғасынға құйылған, бергі ширегінде компьютерлік тәсілде терілген, бірақ қалай болғанда қолға қағаз болып тиіп келе жатқан «Ақтөбе» газетінен алғашқы аңғарылатын — әлбетте, сабақтастық. Арасында кемінде жетпіс-сексен жыл жатқан оқиғалардың газетке жазылуынан соны байқауға болады.
«Кедей» газеті 1928 жылғы 21-інші нөмірінде «Жем-Байсары болысында биыл су қатты тасыды» деп жазып, «кедейлерге тиген шабындық жерлерді ұйық басып кетті» деп алаңдаушылық білдірген. Ал 1974 жылы «Коммунизм жолы» газетінің қараша айындағы нөмірінде жауын-шашынның көп болуынан Байғанин ауданында қирағалы тұрған шопан үйлері туралы «Үй қашан жөнделеді» деген мақала жарияланған.
Осы тұста түсіндіре кету үшін қазақ баспасөзінің тарихына оралуға тура келеді. Алпысыншы жылдардың ортасынан Кеңес мемлекетінде «кешікпей коммунизм орнайды» деген саясат белең алды. Сол елеске ергендіктен Қазақстанда бірқатар облыстық газеттер баяғыда жаппай «кедей» сөзін жалау еткендей, енді маңдайшаларына «коммунизм» сөзін шегеледі. «Коммунизм жолы» Ақтөбеге бұйырса, басқа облыстық газеттер Өскеменде «Коммунизм туы», Целиноградта «Коммунизм нұры», Қостанайда «Коммунизм таңы»аталды. Облыстың газеттері былай қалып, мына «Коммунизм таңы» атауының өзі ондаған аудандық газеттерге таңылды. Оның ішінде Шалқар аудандық газеті де жиырма жылдай осы атпен шыққан.
Енді Мағауинше айтқанда «қотанымызға қайта оралып» тасқын су тақырыбын табайық. 2024 жылы «Ақтөбе» газетінің тілшілері көктем айларынан бастап су басқан ауылдардан шықпады. Жаз айында тасқыннан зардап шеккен елді мекендерді қалпына келтірген құрылыс жұмыстарының қарқынын жазды. Күзде апаттан күйзелген халықтың жаңа үйлерге кіргенінен хабардар етті. Бір ғана мысал: 2024 жылғы 3 қыркүйекте «Қобдадағы қоныс» атты мақалада жаңадан салынған 100 үй тұрғындар игілігіне берілгені жария етілді.
Алдағы уақытта мұндай апатты болдырмау үшін алдын алу шаралары керек қой. Осыны көздеген газетте 2024 жылғы 11 қазанда тілші Айдана Алтыбаеваның «Су қоймалары талапқа сай ма?» деген көлемді мақаласы жарияланды.
Келесі саладағы сабақтастықты байқап көрелік. «Кедей» газетінде 1928 жылы 5тамызда әскер өнеріне оқыту мәселесі туралы мақала шыққан. Онда «бізде де әскербасын шығаратын мектептер ашылып, өңкей кедей балаларын оқытып жатыр. Кедей балалары әскер болады. Әскерлік жұмысына жақсы жаттықпақ» деп жазылған.
Екінші жаһандық соғыстың ең құрбаны көп әрі қасіретті бөлігі Ұлы Отан соғысы жылдарында облыстық газеттегі мақалалардың дені «жау жеңіледі, жеңіс біздің жағымызда» деген ұран аясында жазылды. Даңқы мәңгі өшпейтін 101-інші дербес атқыштар дивизиясын жасақтаған ақтөбелік қазақтар майданға аттанар алдында облыстық «Социалистік жол» газетінен рух алғаны анық.
Бұл тұста тарихқа тағы көз салу керек. Облыстық газетке «Кедейден» кейін аз жылға «Алға» атанып, 1932 жылдан «Социалистік жол» атауына ауысуға тура келді. Қазақта «түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде»деген сөз бар. Республиканың бас газетінің өзі «Социалистік Қазақстан» атанғансоң,облыстықгазеттератынөзгертпегендеқайтсін.
Отан қорғайтын әскерилер тарыбы сол жиырмасыншы жылдардан ғасыр бойы үздіксіз жазылып келеді. Бұған да бір мысал: «Ақтөбе» газетінің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі нөмірінде Талғат Бигелдинов атындағы әскери институтының әуе қорғанысы күштерінің офицері атанатын түлектерін Отан қорғау сапарына аттандырғаны туралы репортаж шықты. Тақырыбы «Офицер-авиаторлар диплом алды». Бірінші бетте жарқырап тұр.
ІІІ. Экономика ендіктерінде
Облыс экономикасы «Кедейден» бастап «Ақтөбеге» дейінгі аралықта журналистердің жіті назарында тұрды. Бастапқыда бұл ауыл шаруашылығымен айналысқан аймақ болған. Сондықтан оның өткір мәселелері газет бетінентұрақты көрініс тапқан.
«Түйе малына сақтық керек» деген мақала 1928 жылы шілде айында шыққан. Онда қолдағы малды аурудан сақтау, әсіресе улы «қызыл кендір» шөбі өсетін жерге жолатпау туралыкеңес беріліпті.
Қырқыншы жылдардың басы мен ортасындағы «Социалистік жол» газетінің беттері даңқты диқан Шығанақ Берсиевтің еңбегіне және оған берілген бағаға арналған. Мұны ардагер журналист Идош Асқаровкөп зерттеп, бірнеше мақала жазды. Ол кісіден қалған аңыздан масақ теру ыңғайсыз. Тіпті теретін масақ табу да қиын.
Газет экономика тақырыбын әрі қарай сабақтаған. Алпысыншы жылдар басында «Батыс Қазақстан» газеті химия өндірісі мен ауыл шаруашылығын химияландыру мәселесін әр нөмір сайын көтеріп отырды. Мемлекет билігін қолға ұстаған Никита Хрущевтің саясаты осындай тақырыпты туындатқан.
Заман дауылы бұл кезде Қазақстанды бөлшектеуге ыңғайланған. Республикада бірнеше өлке құрылды. Соған сай жеке-жеке облыстық газеттер біріктірілген. Солтүстікте Тың өлкесінің басылымы болса, Батыс аймақта бұрынғы үш облыстық газет орнына «Батыс Қазақстан» газеті шығарылды. Ол Ақтөбе қаласында басылғандықтан, мұны да бұрынғы «Кедей», «Алға» және«Социалистік жолдың» жалғасы, ал «Коммунизм жолы» мен «Ақтөбе» оның мұрагері деп саналуы керек.
Газет 1964 жылы химияға зор көңіл бөлді. Мәселен, бір нөмірдің үшінші беті тұтастай осыған арналып, «Химияны ауыл шаруашылығында кеңіненқолданайық»деген шапка аясында бес бірдей мақала жариялапты.
Қырқыншы жылдары Шығанақ Берсиев қалай насихатталса, беріде де еңбек адамдары туралы очерктер газет бетін көркейтіп тұрды. «Батыс Қазақстан» газетінің 1964 жылғы 27 декабрьдегі нөмірінде Шалқар ауданында Сапан Қанағатовтың отыз жылда «ЧТЗ», «НАТИ», «АТЗ», «ДТ» және «Белорус» маркалы тракторларын кезегімен жүргізгені баян етілген. Кеңес Одағында «К-700» тракторы сол 1964 жылы алғаш зауыттан шыққан, егер ертерек өндіріске қойылса Сапанның оны да жүргізетіні даусыз шығар.
Арада қырық жылдан кейін Хрущев пен оның солақай саясаты тарих күлтөкпесінде қалғанда тәуелсіз Қазақстанның экономикасындағы маңызды сала мұнай мен газ өндірісі болды. 2004 жылғы «Ақтөбе» газетінің тігінділерінен облыс журналистикасы бұл тақырыпты терең игергенін білуге болады. Бір мысал: 29 желтоқсанда жарияланған қос автор Сексенбай Күлімбетов пен Әмір Оралбайдың «Жақсымайдан Жаңажолға дейін» атты сараптамалық мақаласын сүйсінбей оқу мүмкін емес.
Осы тұста тағы газет шежіресін толықтыра кету керек. Қазақстанда өлке тараған соң облыстық газеттер қалпына келтірілді. «Коммунизм жолы» қайта шығып, Кеңес Одағының іргесі шайқалған шақта «Ақтөбе» атанған. Бұл оқиға Қазақстанның басты мерекесі саналатын 1990 жылғы қазан айындағы Егемендік декларациясымен сәйкес келді.
«Ақтөбе» газеті нөмір сайын экономика тақырыбын қозғап, қаузап жүр. 2024 жылғы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевқа Ақтөбе облысындағы экономикалық өсім таныстырылса, сол өсімді беріп отырған кәсіпорындар тынысы облыстық газетте жан-жақты жазылған еді. 24 қыркүйектегі мақалада Премьер-министр Олжас Бектенов облысты «Өндірістік қуаты жоғары өңір»деп бағалап, бірқатар атқарылған істергетоқталады.Үкімет басшысы мысалғакелтірген өндіріс орындары мен салаларға бұған дейін газет тілшілері барып, ірі де іргелі мақалалар жариялап үлгерген.
ІҮ. Әлеумет әлемінде
Қазақстанның батыс аймағының әлеуметтік өмірі газетте 100жыл бойыжазылып келеді. Мұндағы сабақтастыққа да мысал көп.
Білім беруден бастайық. Газет 2024 жылы 10 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Хромтау тау-кен техникалық колледжінде болғанын жазып, фотоларын жариялады. Газет тігіндісінен 1964 жылы Ақтөбе қаласындағы мектеп-интернатта оқитын балалардың рентген зауытында және егіс алқаптарында тәжірибе жинайтыны туралы фоторепортажды көруге болады.
2024 жылы республикадағы басқа басылымдар сияқты «Ақтөбе» газетіәйелдерді қорғау тақырыбын қозғады. Басылымда қыз-келіншектер көптеп қызмет істейтін болғандықтан, бұл орайда қаламдары қалғымайтыны түсінікті.
Бағамдасақ,тақырып ежелдің ерте күні, «Кедейдің» кезінен басталған. Газет 1918 жылдың сәуірінде Тұзтөбе болысының екі жерінде әйелдер жиылысы өткенін, оған әйелдер көп келгенін хабарлаған. Сол жылдың шілдесінде басылым «Қоғам жұмысына әйелдер көңілдегідей тартылып, олардың арасында қызмет жүргізілмейді» деп қынжылыс білдірген.
Отызыншы жылдардан бастап әлеуметтік көлеңкеде қалды. Жоғары биліктің саяси қудалау, жеке басқа табыну, тек Жеңіс үшін жұмылдыру, социалистік қоғамда кемшілік болмайды деп ұғындыру саясаты өктемдік құрды. Бүкіл насихат құралдары соған қызмет етті.
Жетпісінші жылдардан бастап әлеуметтік сын мақалалар төбе көрсетті. Бірақ тұтас салалардағыкемшілік емес, жекелеген нысандардың, сол нысанды басқаратын адамдардың жұмысындағы олқылық айтылды.
1974 жылғы 13 июльдегі «Еңсесі түскен дүкен» атты мақалада «Пролетарий» шаруашылығындағы бөлімшенің дүкені жер кепеде орналасқаны сынға алынған.Ал «Құлынның еті тәтті ғой» аты фельетонда Байғанин ауданындағы шаруашылық директорының жымысқы әрекеті жария етілді. «Шайтанға ерген көкек» атты фельетон үш баласына алимент төлемей жүрген жылпосты сын садағына алды.
Газетте ол кезде фельетон жазатын журналистер болған. Кейін қаламгерлер қатарына қосылған Құрал Тоқмұрзиннің бірнеше фельетоны жүр. Оның бірі —«Жуан жұдырық» 1974 жылы 6 июньде шығып, Саралжың шаруашылығында әркімді ұрып жығатын бөлімше меңгерушісін сынайды.
Республикаға өткір фельетондарымен танымал болған Нүри Мүфтахтың алғашқы еңбектері «Батыс Қазақстан» газетінің бетінде тұр. Өкініштісі— бұл жанрдың бергі отыз жылда Аралдың суы сияқты баспасөз бетінен тартылып қалғаны.
«Алға» мен «Батыс Қазақстан» және «Коммунизм жолы» айта алмаған әлеуметтік ақиқаттардың орнын жариялылық саясаты басталғанда «Ақтөбе» толтырды. 1994 жылы Ә.Аймағамбетовтың «Жаралы өңірдің жанайқайы» атты зерттеу мақаласында Ұлықұм өңіріне, яғни Шалқар ауданында экологиялық апаттар мен солақай саясаттардың кесірінен тұрғындар арасында ауру мен өлім-жітім көбейіп кеткені, қырдағы құдықтардың қаңсып қалғаны жазылды. «Жаралы өңірдің жанайқайы» деген тақырыптың өзі неге тұрады! Тоқсаныншы жылға дейін ондай ащы тақырып кездеспейтін.
Одан кейін халыққа жанашыр мақалалар жиі басылып жатты. 2004 жылы Айдос Шөкіштің «Қала көлігіне қамшы тиді» атты репортажында тілшінің сөзімен айтқанда «Қайыру бермей бетімен жөңкілген «Газелдерден»әбден зәрезап болған жұрттың» жағдайы жазылды.
Ол жылдары олқылықтардың орны тола бастағаны, алғашқы әлеуметтікжетістіктер байқалғаныжурналистер назарынан тыс қалмады. «Нәтиже көріне бастады» деген Сатыбалды Сәуірбаевтың мақаласы сияқты жарияланымдарды жиі оқуға болады.
Әлеуметтік сала жиырма жылдан соң да газеттің басты назарында. 2024 жылы күзде Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова облыс аудандарын аралағандағы мақала «Әлеуметтік сала және ауыл аманаты» деген тақырыппен жарияланғаны —осыған дәлел.
Ү.Таразының теңдігінде
Өзекті тақырыптың бірі — дін. «Кедей» мен «Алғаның» беттерінде дін иелері әжуаланды. Қырқыншы жылдары дін қоғамнан толық ысырылғандықтан тақырып толас тапты. Газет «Ақтөбе» атанған соң бұрынғыға керісінше дін туралы оң қабақпен жазылған мақалалар пайда болды.
ХХІ ғасырдың алғашқы он жылдығында ислам діні өз аясынан шығып, қазақтың дәстүрлі ұстанымынан ауытқып бара жатты. Соңы бірнеше өңірдегі, оның ішіндегі Ақтөбе облысындағы лаңкестік оқиғаларға ұрындырды.
Облыстың сол кездегі әкімі Бердібек Сапарбаев республикасының Бас прокуратурасымен бірлесе отырып ел ішінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. 2016-2017 жылдарыоблыстық газеттен осы туралы мақалаларды оқуға болады.
Бір мысал: «Әлеумет» айдарымен 2016 жылғы 18 сәуірде «ДАИШ тұзағы немесе соқыр сенімнің салдары» атты мақала шықты. Тынымсыз жұмыстың нәтижесінде аймақта тыныштық орнады, береке қайта оралды.
Дін тақырыбы әлі де өзекті. «Ақтөбе» газеті байыпты, негізді пікірлерге ғана орын беріп келеді. 2024 жылы 11 қазандағы нөмірде жарық көрген облыстың бас имамы Амантай Сәдиевтің «Мешіт атақ үшін салынбауы керек» деген мақаласы—осының дәлелі.
Әлеуметті тіл, нақтылап айтқанда қазақ тілінің жағдайы қатты алаңдатады. «Ақтөбе» одан ешқашан шет қалмаған.«Коммунизм жолы» атымен шығып тұрғанда «Сөз мәдениеті — өз мәдениетің» атты тұрақты айдары болған.
Айдар аясында жарық көрген, «Білгенге маржан, білмеске арзан» деген тақырып қойылған мақала ақтөбеліктердің қазақ тілінде қаншалық жағымды және жағымсыз сөйлейтінін талдайды. Осы ретте мақаладан үзінді оқуға тура келеді: «Ақтөбеде бір плакатта жазылған сөздерді оқып, қайран қалдым. Есіне келіп қандай адам жаздырды екен. Бізге керегі осындай қарапайым да жылы сөз ғой. Әлгі плакатта былай деп жазылған: «Адал еңбегіңіз үшін алғыс айтамыз» Небәрі осы». Үзіндінің соңы.
Бұл – сонау 1974 жылғы мақала. Осы мақалада автор жағымсыз мысал ретінде келтірген сөздерінің өзін ақтөбеліктер енді аңсайтын шығар-ау.
Сол тұстағы «Сауатсыздық па, жауапсыздық па?» атты мақалада Шалқар минералды суы құтысының жапсырмадағы қатесі сыналған. Мақаланың соңы «Шалқар минералды суы мен сүт өнімдерін шығаратын зауыттың басшылары үш әріптен бір қате жіберіп, шөлмектің сиқын кетірмегені абзал» деп түйінделеді.
Газет халықтың көңіл күйін біліп, әлеуметтің ортасында болу дәстүрін жалғастырып келеді. Жыл сайын газетке жазылу науқаны барысында оқырмандармен кездесу өткені туралы мақалалар жазылады.
Сонау 1928 жылғы 171-нөмірінде кеңес-партия мектебі оқушыларының өкілі А.Аманбайұлыныңшағын хабары шығыпты. Онда «Кедей» газетін кеңес-партия мектебінде оқып жатқан 73 курсант жаздырып алып отырмыз» дейді. Бұл мына замандағы Талғат Бигелдинов атындағы әскери институттың курсанттарына үлгі болар.
100 жылдық мерекесі қарсаңында «Ақтөбе» газеті «Ауыл аманаты — бабалар аманаты» атты экспедиция ұйымдастырды. Газет қызметкерлері бірқатар облыстық мекемелердің мамандарын ерте отырып 50-ден астам елдімекенде болды. Қызғылықты кейіпкерлер, тартымды тақырыптар тапты. Оны қайталау артық, әркім газеттен, газет сайтынан оқи алады.
Мұндай экспедиция ұйымдастыру дәстүрі бұрыннан болған және газет бетінен көрініс тапқан. Валентина Терешкова ғарышқа ұшып-қайтқан соң оның «Шағала» вымпелін оқушыларға көрсету үшін Одақ қалалары арқылы алып өткен. Қазақстанда бұл экспедиция Алматыдан кейін Ақтөбе қаласына келген. Бұл туралы 1964 жылы «Батыс Қазақстан» газетінің төртінші бетіне шыққан репортажды кейін үлкен жазушыға айналған Қоғабай Сәрсекеев жазыпты.
Сыртқы саясатқа газет бетінен үнемі орын берілген. Тәуелсіздікке дейін басқа елдердің жағдайын Кеңес Одағы телеграф агенттігінің материалдарын аударып беру, онда да аударманы Алматыдағы Қазақ телеграф агенттінен алу арқылы жеткізген басылым 1990 жылдардың басынан, төлматериалдарын жариялауға көшті. Бұл орайда республика оқырмандары ақын ретінде танитын Ертай Ашықбаев басқа қырынан жарқ етті.Автордың 2004 жылғы14 қазандағы «Аум және Асахара», оның алдындағы «Сценарий бойынша» аттысаяситалдаулары— отандық қазақ тілді сарапшыларға арманболғандай.
«Сценарий бойынша» атты мақаласында «Украинаның территориясы екі оттың ортасында тұр. Батысы — Еуропа Одағы, шығысы — Ресей» деп жазады Ертай. Арада жиырма жыл өткенде екі оттан орасан зор соғыс өрті шыққаны әлемге мәлім. Осыдан кейін «Ақтөбе» газетінің журналистерін кім қаражаяу деп айта алсын?!
Тұлғаларды қайта танытудағы еңбек және ересен. Ақтөбе ғылымының алыбы Құдайберген Жұбановтың аты қаншама жылдар аталмады. Олқылық орнын толтырған Данабике Байқадамқызының «Аруағыңа бас иемін, аға» атты ерекше естелігі 1994 жылы желтоқсан айында жарияланды. Ғалымның өзі 1936 жылы жазған тіл мен тарих деректері жайындағы мақала газеттің бір беті арқылы қайтадан оқырман қолына жетті.
Тәуелсіздіктен соң тарихи ақтаңдақтар ақиқатын ашуға басылым белсене кіріскен. Алғашқы жоғары оқу орындарында қазақ тілінен дәріс оқыған, оған қоса жерге орналастыру жайынан зерттеулер жазған саяси қуғын-сүргін құрбаны шалқарлық Телжан Шонановтың атын халқымен қайта қауыштырған — «Ақтөбе» газеті. Ғылым докторы, 1969 жылы Ақтөбе қаласының 100 жылдық тойына республика астанасының делегациясын бастап келген Ишанбай Қарағұловтың атын ардақтау мәселесін газет тоқсаныншы жылдар басында көтерді.
Әділдік үшін айту керек шығар, жекелеген тарихи тұлғалар туралы мақала «Коммунизм жолы» кезінде-ақ шығып тұрды. 1974 жылғы «Сейітқұл қорғанының сыры» соған дәлел. Ал 1964 жылы «Батыс Қазақстан» газеті бір бет етіп ақын Мәриям Хакімжанованың батыр қыз Мәншүк Мәметова туралы өлеңмен жазылған сценариін жариялады.
Тарихи тақырыпта таразы басы тең болғаны қажет. Бұл теңдікті басылым барынша сақтап келеді.
ҮІ. Өнер өрісінде
«Кедейден» «Ақтөбе» аралығында газетте жарияланған өнер тақырыбындағы мақалалар мен өлең, әңгімелерді санап тауысу мүмкін емес. Мәдениет пен әдебиетке орын беруден бұл басылым республика бойынша даусыз алдыңғы қатарда келеді.
Ақтөбе қаласындағы поштаны басқарған, байланыс қызметкері болса да әдебиеттен ойып орын алған Кәрім Айнабековтің өлеңдері газет арқылы жұртшылыққа жетті. «Коммунизм жолында» екі аптада бір шығатын «Әдебиет пен өнер» атты тұрақты бет болды. 1974 жылғы 19 октябрьде осы беттен ақтөбеліктер Тобық Жармағанбетовтің «Менің достарым» әңгімесі мен Бәкір Тәжібаевтың «Ойыл туралы ода» өлеңін оқыған.
Тобық Жармағанбетовтің бірінші беттен басталып, үшінші бетте жалғасқан «Күн көтеріліп келеді» атты публицистикасын жанрдағы эталонның бірі деп есептеу керек. Бір ой аяқталған соң тың ойды «Жаңа жылдың жаңа күні көтеріліп келеді», «Планета үстінде жаңа күн көтеріліп келеді», Жаңа жылдың жаңа күні планета үстінен көтеріліп келеді» деген сөйлемдермен бастап отыру— республика журналистикасындағы жаңалық еді.
Облыстан шығып Алматыны мекен еткен жерлестерін газет әсте, ұмытпағанына Қуандық Шаңғытбаевтың өлеңдерінің топтамасын жариялағаны дәлел болады. Онда:
Қалыпты-ау шалдар азайып,
Қатары сиреп кетіпті.
Жүйткір-ау күндер ғажайып,
Отыз жыл ғана өтіпті,—
деген жолдар бар.
Бұл тағы бір ақтөбелік тамаша ақын Сағи Жиенбаевтың «Ауыл қарттары» өлеңіне әлде жалғасып, әлде оны бастап жатқандай әдемі әсер береді. Сағидың да бірнеше топтама жырлары «Коммунизм жолында» жарық көрген.
Газеттегі әдебиет көрінісі туралы айтқанда аймақ қаламгерлерінің ұйытқысы Мұхтар Құрманалиннің 1974 жылы 29 ноябрьде жарияланған «Мәртебелі міндет» мақаласын айналып өтуге болмайды. Онда былай жазылған: «Облыстық «Коммунизм жолы» газеті редакциясы жанындағы әдеби бірлестік жас талапкерлердің тырнақалды туындыларын талқыға салып, ақыл-кеңес алар орталыққа айнала бастағаны да сүйсінерлік. Жалпы, облыстық газет жергілікті жерлерде тұратын өз авторларының — жас әдеби күштердің балауса шығармаларына кең орын беруді, тұғырында түлеп ұшуына көмектесуді ешқашан естен шығармайды». Цитатаның соңы.
Арада тура елу жыл өткенде дәл осылай деуге болады. «Ақтөбе» газеті мектепоқушыларының тырнақалды өлеңдерін толассыз жариялайды. Сабақтастық деген —осы.
Берекелі күз келсе,
Көркем қала аумағы.
Айналаны жайнатар
Алтын теңге жауғаны, —
деген өлеңі 2024 жылы газетке шыққан 4-сынып оқушысы Мансұр Санақ болашақта Қуандық, Сағи, Өтежан аталары сияқты арқалы ақын болар. Мәселе тұсауды кім кескенінде. Мансұрдың тұсауын «Ақтөбе» газеті кесіп отыр ғой.
Газет басқакімдердің тұсауын кескенін көру керек. 1964 жылы февраль айының соңғы күнгі нөміріне студенттің «Құрылысшы құрбыға» сықағы мен Темір өндірістік басқармасындағы жұмысшының «Жапырағын жая берсін тіршілік» деген өлеңі шықты. Олар кейін атақты сатирик пен айтулы ақын боларын бір сезсе, балаң туындылардың жарияға жолын ашқан редакция қызметкері сезген шығар. Осылай «Батыс Қазақстан» газеті арқылы әдебиетте тұсауы кесілгендер —Үмбетбай Уайдин мен Есенбай Дүйсенбаев еді!
Өлеңді қойып, өнердегі тұсаукесерге келсек, 1974 жылы 13 июльде «Коммунизм жолы» газеті Ақтөбе музыка училищесінің домбырашылар бөлімінде оқитын бозбаланың сахнаға алғаш шыққан фотосын жариялады. Ол кейін елге кең танымал музыка маманы, өзі жүздеген домбырашыларды оқытқан Абдулхамит Райымбергенов болатын.
1964 жылы шыққан фоторепортаж да басылым тарихының төрінде тұруы керек-ау. Газеттің Москва қаласындағы штаттан тыс тілшісі Бақыш Жұманов қазақ студенттерінің ансамблі Патрис Лумумба атындағы Халықтар достығы университетіне концерт беріп, шетелдік жастарды таң-тамаша еткені жазылған. «Әуесқойлар ансамблі» деп тақырып қойылған репортаждың бірер сөйлемін келтіру —парыз. «Ломоносов атындағы мемлекеттікуниверситеттің студенті Мұрат Әуезов қазақ жастарының ансамблін құруға белсене кірісті. Бұл талпынға көптеген жастар ықыласпен қатысып, аз мерзім ішінде қазақ жігіттері мен қыздарынан «Жас тұлпар» деп аталған студенттер ансамблі құрылды». Ішінен Мұрат Әуезовтен басқа да Болатхан Тайжан, Сәбетқазы Ақатай, Мақаш Тәтімов, тағы басқа айтулы қайраткерлер шығатын «Жас тұлпар» ұйымы жайында қазақ қауымын алғаш хабардар еткен осы басылым болар!
Қазақ графикасы саласында зор із қалдырған ақтөбелік Әнуар Өтегенов еді. Кейінгі жылдары суретші Өтеген-Тана деген сойымен өнер тарихында тұрды. Әнуардың алғашқы графикасын жариялап, жолын ашқан әдеттегідейосы газет! «Алғашқы адым» атты тақырыппен сонау 1964 жылы жас Әнуардың «Жаз» және «Ойыл» деген гравюраларының фотокөшірмесін басты. Кейін Әнуар Өтеген-Тана әлемдік графикалық көрмелерге қатысқан белгілі өнер тұлғасына айналды.
Не керек, «Ақтөбе» газетінің шежіресінде өнердегі өрісі осында ашылып, тұсауы кесілген таланттар көп. Бәрін түгендеу үшін кітап жазылуы керек-ау.
ҮІІ. Бүгінгінің белесінде
Ағалар мен аталардан қалған уақыттан оза шауып, алда жүру үрдісін «Ақтөбе» газеті әлі жалғастырып келе жатқаны сүйсінтеді. Оған да мысал жеткілікті.
2023 жылы тыным таппайтын журналист Индира Өтеміс шалқарлық мұғалім әрі садақшы Сәндігүл Әленова жайында мақала жазды. Онда кейіпкердің жай тартуға қалай қызыққаны, кейін ат үстінен жебе атуға жетілгені жан-жақты баяндалған.
Арада бір жыл өткенде Астана қаласында өткен көшпенділердің кезекті Дүниежүзілік ойыны барысында қаншама мемлекеттің көрермендері ат үстінен садақ ату өнеріне тәнті болды. Сәндігүл «Қазақстан» телеарнасындағы «Мергендер мекені» бағдарламасына қатысты әрі жүлдегер болып Шалқарына оралды. Басылымның заман көшінен бірнеше қадам алда жүргеніне оқырмандар осылай куә болды.
Екінші мысал: «Ақтөбе» газетінің 2023 жылғы желтоқсан айындағы нөміріне «Жедел жәрдем» шақыртулары неге көп?» деген проблемалық мақала шыққан. Дәрігерді үйге негізді мен негізсіз шақыртулардың арасын қалай айыру керектігі сөз болған.
Арада жыл ауғанда Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі осы мәселені қозғап, бүкіл қоғам от тиген қаудай дүр ете түсті. «Ақтөбе» газетінің көзі қарақты оқырмандары ғана «бұл тақырыпты былтыр талдап тастағанбыз» деп мұртынан күліп отырды.
Жарайды және бір мысал. Қазақ тілді ақпарат әлемінде не көп, сайт көп. Ал осы көшті бастаған кім, әрі ол жайында алғаш жазған басылым қайсы? «Алғашқы қазақша сайтты ақтөбелік жігіт ашты» деп жаңалықты жеткізген «Ақтөбе» газеті ғой. Тіпті республикалық «Айқын» гезеті Аршат Оразды оқырмандарына арада бірнеше жыл өткенде таныстырды. Республикадағы облыстық газеттер арасында алғашқы болып «Ақтөбеде» сайт пайда болып, интернет кеңістігіне еркін шықса, ол басылым мен оның кейіпкеріАршаттың арасындағы байланыстың одан әрі тереңдегеніне мысал ғана.
Бір ғасыр бойы уақыт керуеніне ілесу емес, оның басында жүрген, әрқашан сабақтастық салтын сақтаған «Ақтөбе» газетіне алда да толайым табыстар тілеу керек.
2024 жылғы 13 қараша.
Egemen Qazaqstan.