Ақтөбе облысында жылдың үздік спортшылары марапатталды
Олардың қатарында олимпиадалық, паралипиадалық, сурдолимпиядалық және ұлттық спорт түрлерінен 2024 жылы өткен әлемдік және республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған спортшылар бар.
«Жаңа белес» атты спорт саласындағы жыл үздіктерін марапаттау шарасы өңірде жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Биыл шара Ақтөбедегі Үстел теннисі орталығында өтті. Салтанатты шараға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, спорт ардагерлері, спортшылар және спорт мектептерінің тәрбиеленушілері қатысты.
Құттықтау сөзінде облыс әкімі Асхат Шахаров спорт саласын дамыту үшін атқарылған жұмыстар мен ақтөбелік спортшылардың жетістіктеріне тоқталды.
«Ақтөбе облысында Президенттің тапсырмалары сәтті жүзеге асып келеді. 2024 жылы облыс спортшылары республикалық және халықаралық ареналарда Ақтөбенің ғана емес, Қазақстанның абыройын асқақтатты. Олар 65 алтын, 59 күміс және 112 қола медаль жеңіп алды, осылайша өздерінің шеберлігі мен табандылығын көрсетті. Бұл жетістіктер спортшылар мен олардың жаттықтырушыларының, спорт ұйымдарының қажырлы еңбегі және бүкіл облыстың қолдауының арқасында мүмкін болды.
Командалық жетістіктер де, жеке жеңістер де аймақтың мақтанышына айналды. Біз өз еңбегімен және адалдығымен өңірдің атын паш еткен әрбір спортшыны бағалаймыз.
Президенттің тапсырмасы бойынша спортшылардың кәсіби өсуі мен спорт инфрақұрылымын жақсарту үшін қажетті жағдайлар жасалуда. Келесі жылы біз жас таланттарды қолдау және салауатты өмір салтын насихаттауға қатысты жұмыстардыжалғастырамыз. Сіздердің қолдауларыңызбен біз бұдан да үлкен биіктерге жететінімізге сенімдімін», – деп әкім спорт саласындағы жетістіктерді атап өтті.
Асхат Шахаров өңірдің спорттық инфрақұрылымының қарқынды дамып жатқаныналға тартты.
Мемлекет басшысының бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, спорт инфрақұрылымын жақсарту туралы тапсырмасы аясында облыста биыл 61 спорт нысаны салынып, іске қосылды. Келер жылы 11 ауыспалы спорт кешені құрылысы жалғасын тауып, 12 нысан құрылысын бастау көзделіп отыр.
Спорт нысандары қатарының артуы 407 мыңнан астам тұрғынның денешынықтыру және спортпен айналысуына мүмкіндік берді, бұл облыс халқының 43%-ін құрайды. Бұқаралық спортқа ерекше назар аударылуда: 3000-нан астам іс-шара ұйымдастырылды, оған 200 мыңнан астам адам қатысты. Бұл салауатты өмір салтын насихаттауға және жастар мен ересектер арасында спортқа деген қызығушылықты арттыруға ықпал етті.
Салтанатты рәсім барысында 37 спортшыүздік деп танылды, олар спорттың дамуына елеулі үлес қосып жүр, облыстың атын республикалық және халықаралық ареналарда әйгіледі.
Марапатталғандардың арасында Есет Қуанов, Аруна Жангелдина және Бақыт Қосақбаева –дзюдошылар, Қазақстанның үш дүркін чемпиондары, Жансерік Көшербаев – жастар арасындағы әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алған боксшы, Айдын Төлепбаев – ММА бойынша әлем чемпионы, Жанарыс Рахметқали – әскери қызметшілер арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған дзюдошы және т.б. бар.
Әр марапатталушыға естелік сыйлықтар табысталды.
Сондай-ақ, шара барысында гимнасттар, таэквондистер, футболшылар, боксшылар және дзюдошылар сияқты спортшылардың көрсетілімдері өтті.
Н.ДАБЫЛ.