Нақты мәлеметтерге жүгінейік
Ұлан ЖАНАЛИН,
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Хромтау аудандық филиалының директоры:
— Ақтау маңында болған ұшақ апатына қатысты қазір түрлі жорамалдар айтылып жатыр. Оның үстіне әлеуметтік желі қолданушылары интернетте тараған фото, бейнежазбаларға қатысты да сан түрлі пікір білдіріп, әртүрлі нұсқаларды айтып жүр. Ресми мәліметтерге жүгінсек, мамандар ұшақ апатының нақты себебін анықтау үшін сараптама қорытындысын күту қажеттігін айтады. Ұшақ апатын зерттеуге Қазақстан, Әзербайжан, Ресей мамандары мен халықаралық сарапшылар қатысатыны белгілі болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, тараптар қайғылы оқиғаның мән-жайы толықтай анықталғанша екі ел үкіметтерінің құрылымдары тығыз байланыста болады деп уағдаласты. Сол сияқты Ресей тарапының бастамасымен Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескенде екі ел басшылары апат себептерін анықтау үшін тараптардың атқарып жатқан жұмыстарын талқылады. Бұл орайда Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Үкіметтік комиссиясы тергеу ісін Әзербайжан, Ресей және Бразилия елдерінің мамандарын тарта отырып жүргізіп жатқанын, тергеу амалдарын жан-жақты және ашық жүргізудің маңызы зор екенін айтты. Сондықтан бұл оқиғаға қатысты қоғамда айтылып жатқан түрлі алып-қашпа сөзге ермей, мамандар пікіріне құлақ асып, ресми мәліметтерге ғана ден қойған жөн.