Асхат Шахаров: Жаңажылдық мерекелер кезінде қауіпсіздік шаралары күшейтілу керек
Ақтөбе облысында жаңажылдық мерекелер кезінде қауіпсіздікті ұйымдастыру және қамтамасыз ету мәселелері облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды.
Қала әкімі Азамат Бекеттің айтуынша, 31 желтоқсан күні сағат 20:00-ден 22:00-ге дейін жаңажылдық бағдарламалар қалалық мәдениет үйінің алаңында, Есет батыр шағын ауданында, бірқатар тұрғын үй алаптары мен саябақтарда өтеді.
Сағат 21:00-ден 1:00-ге дейін «Қазақстан халқына мың алғыс» стелласының жанындағы алаңда жаңажылдық концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.
Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ардана Саймағамбетовтың сөзінше, жаңажылдық шараларда құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 31 желтоқсан мен 7 қаңтар аралығында полицияның барлық жеке құрамы күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылады. 640 полиция қызметкері, Ұлттық ұланның 665 әскери қызметкері және резервтің 308 қызметкері жұмылдырылды. Қоғамдық орындарды патрульдеуді күшейтуге, мас күйінде көлікті басқаруды қоса алғанда, бұзушылықтардың алдын алуға баса назар аударылады.
Қалалар мен аудандардың әкімдіктерімен бірлесіп, төтенше жағдайлардың алдын алу үшін іс-шаралар жоспары әзірленді. Барлығы 668 нысан тексерілді, оның ішінде 450 анықталған бұзушылықтар жойылды. Пиротехниканың рұқсатсыз саудасы бойынша тұрақты рейдтер жүргізілуде, 24 құқық бұзушы жауапқа тартылды.
2024 жылғы 31 желтоқсан мен 2025 жылғы 5 қаңтар аралығында ТЖД қызметкерлері қызметтің күшейтілген режиміне ауыстырылады. Облыста жоспарланған іс-шараларды бақылау үшін жеке құрамның 105 адамы және 23 техника жұмылдырылды. Адамдар көп жиналатын жерлерде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, сондай-ақ пиротехниканы, гирляндалар мен жылыту аспаптарын қауіпсіз пайдалану аса көңіл бөлінеді.
Жаңажылдық мерекелерде 52 жедел жәрдем бригадасы кезекшілік етеді. «103» диспетчерлік қызметінде қосымша байланыс желілері жұмыс істейді. Шұғыл көмек көрсету үшін тәулік бойы травматологиялық пункттер жұмыс істейді, қан мен плазма қоры дайындалды. Емханаларда кезекші дәрігерлердің жұмысы 1-4 қаңтар аралығында ұйымдастырылды.
Баяндамашыларды тыңдаған облыс әкімі мереке күндері барлық мемлекеттік органдар мен ведомстволардың, шұғыл әрекет ету қызметтерінің үйлесімді жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Мереке күндері қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі үшін мерекелік іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қаланың барлық қызметтерін үйлестіруді ұйымдастыру қажет. Осы мақсатта жаппай іс-шараларда және сауда орталықтары, алаңдар мен саябақтарды қоса алғанда, адамдар көп жиналатын жерлерде қауіпсіздік шараларын күшейту керек.
Аудандарда тұрақты патрульдеуді ұйымдастыру қажет. Адамдар көп шоғырланатын объектілерде қосымша профилактикалық тексерулер жүргізу, өрт қауіпсіздігіне ерекше назар аудару керек. Мас күйінде көлік жүргізуді қоса алғанда, қоғамдық тәртіпті бұзушылықтардың алдын алу бойынша профилактикалық рейдтер жүргізілуі тиіс.
Стратегиялық объектілер мен бұқаралық іс-шаралар өткізілетін орындардың күзетін қамтамасыз ету. Барлық қызметтердің жұмысын бақылауда ұстау керек», – деді өңір басшысы қала және аудан әкімдеріне және тиісті қызметтерге.
Сондай-ақ, жаңажылдық іс-шаралар өткізілгеннен кейін көшелерде, алаңдарда, саябақтарда және жаппай мерекелеу орындарында тазалықты сақтау үшін жедел тазалау мен қоқысты шығаруды ұйымдастырып, жинау техникасы мен жұмысшыларының жеткілікті санын қамтамасыз ету қажет.
Н.ДАБЫЛ.