226 ауыл мектебі қайта жаңартылды
Президент тапсырмасы
Ауыл мектептерін дамыту мәселесі облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды.
Білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан ауылдық мектептердің әлеуетін жақсартуда қандай шаралар қабылданып жатқанын айтты. Облыстағы 434 мектептің 280-і (немесе 70%) ауыл мектебі болса, оның 201-і (46%)— шағын жинақты.
Жайық Сұлтан ауыл мектептерінің негізгі проблемаларынатоқталып өтті. Олардың ішінде кадр тапшылығы және педагогтердің сапалық құрамының төмендігі, сондай-ақ инфрақұрылымдық проблемалар бар.
Аталған мәселелерді шешу үшін жүйелі жұмыс жүргізілген. Соңғы үш жылда 1030 орындық 8 ауылдық мектеп пайдалануға берілді. 10 ауылда 2350 орындық жаңа мектептер салынып жатыр, олардың үшеуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтеруде. Білім сапасы да айтарлықтай жақсарған.
— Мемлекет басшысының «Шағын қалалар мен ауылдардағы 1000 мектепті жаңғырту» тапсырмасына сәйкес өңірде 226 ауыл мектебі 8,2 млрд теңгеге жаңғыртылды. Қалғаны 2025 жылдың соңына дейін толықтай қамтылады.
2023-2024 оқу жылында өңірде «Цифрлық технологияларды пайдалана отырып, Ақтөбе облысының шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту» пилоттық жобасы іске асырылды. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаржылай қолдауымен пилоттық жобаға кірген шағын жинақты мектептердің материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Бұған дейін интернет жылдамдығын арттырудың техникалықмүмкіндігі болмаған46 мектеп Starlink жүйесіне қосылды. Жергілікті бюджеттен жобаға қатысқан 165 педагогтің қосалқы жұмысын ынталандыруға 54,4 миллион теңге үстемеақы төленді. 1068 мұғалім мен 204 мектеп директоры біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Оқыту семинарлары мен вебинарлар өткізіліп, әдістемелік ұсынымдар әзірленді. Нәтижесінде шағын жинақты мектептердегі білім сапасы 4-11 пайызғаартқан. Онлайн оқытуды интеграциялау арқылы шағын мектептердегі кадр тапшылығы мәселесі шешілді. Ауыл мектептерін дамыту жұмыстары жалғасады,— деді Жайық Сұлтан.
Облыс әкімінің айтуынша, өңірдің басым міндеттерінің бірі — барлық баланың қай жерде тұратындығына қарамастан, қалада немесе ауылдық жерде сапалы білім алуы үшін жағдай жасау.
— Біз қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім алшақтығы бар екенін көріп келеміз, мәселені шешу — мақсатымыз. Ол үшін ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын жоспарлы түрде нығайтып, мұғалімдердің біліктілігін арттырып, заманауи технологияларға қолжеткізуді қамтамасыз етуіміз керек. Ауыл мектептерін дамыту—өңірдің және бүкіл елдің болашағына салынған инвестиция,— деді өңір басшысы.
Асхат Шахаров сонымен қатар ауыл мектептерінің мәселелерін шешуге және білім беру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар тапсырмалар берді.
М.ТАБЫН.