Жаңалықтар

Әйтеке би ауданында баспана кезегінде тұрғандарға көптен күткен пәтер кілттері табысталды

Екіқабатты 8 пәтерлі екі үйдің шаршы метрлері әртүрлі, жеке-дара салынған 20 үйдің аумағы 74 шаршы метрді құрайды. Газ, су, жарығы мен жылуы тартылған. Аулалары абаттандырылған.

Ақтөбе облысында Президенттің халықты баспанамен қамту және тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту туралы тапсырмасы тиімді жүзеге асуда.

Әйтеке би ауданының орталығы Т.Жүргенов ауылында 36 отбасы қоныс тойын тойлады. Оның ішінде 30 жаңа баспана иесі – баспана кезегінде тұрған азаматтар, қалғаны – ауданға жұмыс істеуге келген дәрігерлер мен мемлекеттік қызметшілерге.

Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Дәулетияр Тоғызбаев тұрғындарды көптен күткен қуанышты сәтпен құттықтады.

«Бүгін сіздер үшін ерекше күн. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың арқасында жаңа баспанаға ие болып отырсыздар. Биылғы жылдың аяғына дейін тағы Қарабұтақ ауылында 22 адам өз баспанасына қол жеткізеді. Сонда осы жылы 58 отбасы қоныс тойын тойлайды. Бұл көрсеткіш едәуір жоғары. Біз жұмыстарды жалғастыра береміз, өйткені тұрғын үй кезегін күтіп жүрген жерлестеріміз бар. Баршаңызға жаңа үйлеріңіз құтты болсын», – деген аудан әкімі кілттерді иелеріне табыстады.

Кілттерді табыстау рәсімінде тұрғындар да өз қуаныштарымен бөлісті.

«2021 жылы көпбалалы ана ретінде тұрғын үй кезегіне тұрдым. Ойламаған жерден аудандық әкімдіктен «кезегіңіз келді» деп хабарласты. Бүгін менің арманым орындалды. Қолыма кілтімді алып отырмын. Өте қуаныштымын», – деді

«Кезегімді 10 жыл күттім. Жаңа жыл қарсаңында өте қуанышты жағдай. Барша атсалысқан азаматқа алғысым шексіз», – деп Наталья Баран ризашылығын білдірді.

Еске салайық, тұрғындарға беріліп отырған екі қабатты сегіз пәтерлі жалға берілетін коммуналдық екі үй 2021 жылдан бері салынуда. 2023 жылдың қазан айында ауданға алғашқы жұмыс сапары барысында өңір басшысы Асхат Шахаров құрылысы ұзаққа созылған нысанды тез арада әрі сапалы түрде халық игілігіне беруді тапсырып, қатаң бақылауына алған еді. Аталған тапсырмаға сәйкес, аудан әкімдігі жобаға қайта өзгеріс енгізді. Құрылыс жұмыстарымен «BASPANA BUILD» ЖШС мердігер компаниясы айналысса, абаттандырылу мен инженерлік желілерін «Техно-С» мекемесі жүзеге асырды.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button