Мерей

Абырой биігіндегі дәрігер

Жаныңа дауа, дертіңе шипа сыйлайтын дәрігерлер қауымы қашанда зор құрметке лайық. Әр адам өз өмір жолында бір рет болса да ақ халатты абзал жандармен кездесіп, олардың ыстық ықыласына зәру болуы мүмкін. Саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласын дамытуға арнап жүрген білікті дәрігер Нұрлан Қожин жұртшылыққа өз ісінің майталманы ғана емес, шебер ұйымдастырушы, тәжірибелі басқарушы ретінде де танымал. Бүгінде асқаралы алпыстың биігіне шыққан дәрігердің жүріп өткен жолы кейінгілерге үлгі.

Еңбектің алғашқы баспалдағы

Аймақта жарты ғасырдан астам тарихы бар облыстық балалар клиникалық ауруханасы бүгінде халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетіп келеді. Әрине, медицина мекемесінің тарихы облыстың денсаулық сақтау саласы шежіресімен тығыз байланысты. Алғашында Анатолий Лепик басшылық еткен қазіргі үш жүз орындық бұл мекеменің материалдық-техникалық базасын дамытуға, жас мамандар тартып,  және олардың кәсіби шеберліктерін арттыруға әр кезеңдерде басшылық қызметте болған бас дәрігерлердің еңбегі ерекше. Олардың қатарында І.Аймағамбетов, В.Россов, С.Валиева, Л.Гаврилова, І.Көбенов, В.Клейман, М.Ғабдрахманова, Қ.Тоқтаровтар айтулы үлес қосты.

Еліміздің батыс аймағы бойынша бірегей медициналық мекеме — облыстағы балалар клиникалық ауруханасын бүгінде дәрігер-педиатр, білікті ұйымдастырушы Нұрлан Қожин басқарып отыр. Гиппократ антына адалдық танытып, адам жанының арашашысы болып жүрген Нұрлан Нұрқасынұлының бұл саланы таңдауы тектен-тек емес. Ол денсаулық сақтау саласында 1988 жылдан бері жемісті еңбек етіп келеді.

«Анам Күнзира Базылбекқызы менің дәл осы мамандыққа бейімділігімді байқап, медицина саласында білім алуыма ықпал етті. Ол кісі өзінің саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнады. Оның үстіне туған әпкем Нәзипаның да мамандығы — дәрігер-педиатр. Әпкем Алғада қызмет еткен жылдарында оған күні-түні кеңес алуға келетіндер көп еді. Оның сұранысқа ие маман екенін сездім. Ал әкем білім беру саласында шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық еткен жан. Алайда оның ғұмыры жиырма сегіз жаспен ғана шектелді. Өмірден ерте кеткен әкеме сол кезде ешкім де көмектесе алмады. Мүмкін дәрігерлік мамандықты таңдауыма осы жағдай да әсер еткен шығар», — деді сөз арасында Нұрлан Нұрқасынұлы.

Алға өңірінің перзенті Ақтөбе қаласындағы №16 орта мектепті тәмамдап, 1981-1988 жылдары сол кездегі Ақтөбе мемлекеттік медицина институтында білім алды. Ол білімді студенттердің қатарынан болды, жоғары шәкіртақы алды. Содан да шығар, интернатурада оқып жүрген шағында-ақ оған сонау Қостанайдан жұмысқа ұсыныс түседі. Сол тұста Қостанай қаласындағы балалар ауруханасы базасында реанимация және қарқынды терапия бөлімі ашылып жатты. Кейін арнайы жолдамамен сол бөлімшеге дәрігер-реаниматолог, инфекционист ретінде штаттық қызметке тұрады. Әрине, ол кездері тек Қостанайда ғана емес, елде медицина мамандары ауадай қажет еді. Мұнда ол төрт жыл тәжірибе жинақтап, маманданады. Себебі жас маманға бағыт-бағдар беріп, оның еңбек жолының іргетасын қалауға мықты мамандар ықпал еткен еді. Әсіресе мәскеулік білікті  дәрігерлерден үйренгені көп болды. Бұл орайда ол өзінің алғашқы бас дәрігері әрі тәлімгері ретінде Купия Мальчубаеваның есімін ерекше атайды. Себебі ол — тек кішкентай пациенттерге медициналық қызмет етумен ғана емес, сондай-ақ қарамағындағы мамандардың, оның ішінде Нұрлан Нұрқасынұлының ғылымға деген қызығушылығын оятқан жан.

Ғылым жолындағы жетістік

Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда оның ғылымға деген құштарлығы артып, 1992 жылы медициналық институт базасында резидентураға түсіп, екі жыл бойы жұқпалы ауруларға қатысты білімін арттырады. Өйткені сол тұста балалар арасында дифтерия ауруы өршіп тұрған еді.

«Бұрын дифтерия, қызамық, қызылша аурулары реттеліп отырды. Егемендіктің алғашқы жылдарында балалар арасында ауру жиілеп, дифтерия ауруымен белсенді күрес жүргіздік», — дейді кейіпкеріміз.

Нұрлан Нұрқасынұлы бұдан соң Алматы қаласында аспирантурада үш жыл оқып, 1997 жылы бітіріп шығады. Сол тұста ол балалар арасындағы жұқпалы аурулар тақырыбы бойынша кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды. Нақты тақырып менингококк және балалар арасындағы іріңді бактериялық инфекцияға арналды. Ол ғылыми жұмысының негізінде осы ауруды емдеуде алдын ала антидене диагностикасының қажеттілігі турасында көп еңбектенді. «Бұл — қажеттілік болды. Себебі осындай белгімен ауырған науқастарға жылдам диагноз қойылып, емдеу іс-шарасы басталатын. Жалпы, менингококк инфекциясы — өлімге әкелетін қауіпті ауру. Аурудың бұл түрі балалық шақта өте қауіпті», — дейді дәрігер.

Қазақстанда осы тақырыпта алғашқылардың бірі болып кандидаттық диссертациясын қорғаған Нұрлан Нұрқасынұлы ғылым жолындағы үздіксіз еңбектен осындай нәтиже шығарып, кейін туған жерге оралады. Бір кездері ол аз уақыт кафедра ассистенті де болды.

Ол білікті дәрігер ғана емес, жоғарыда айтқанымыздай, ғылыммен де айналысты, жоғары оқу орнында шәкірттерге дәріс оқып, емханада жұмыс істеді, партияның белсенді мүшесі де болды. Бір кездері қоғамдық жұмыспен де шұғылданды. Ақтөбе қалалық мәслихатында бірнеше жыл депутат болып, өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуге бір кісідей атсалысты. «1994 жылы халықтың қалауымен қалалық мәслихатқа депутат болып сайландым. Дағдарыс кезеңі, жағдай қиын болды. Әсіресе қалада жылу электр орталығының жұмысын ретке келтіру, халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету өзекті мәселе еді. Осындай мәселелер жергілікті биліктің ықпалымен, депутаттардың араласуымен жедел шешіліп жатты», — дейді Нұрлан Нұрқасынұлы.

Іскер басшының ізденісі

2000 жылдары денсаулық сақтау саласы жүйесінде отбасылық медициналық ауруханалар жұмыс жасай бастады. Қаланың Есет батыр көшесі бойындағы осындай отбасылық медициналық аурухананы басқарып, ұжымның, медицина мекемесінің алға басуына едәуір күш жұмсаған Нұрлан Қожин кейін отбасы жағдайына байланысты жеке бизнеспен де айналысты. Жеті жылдай өзге салада өзін сынап көрген ол қанша жерден бизнесте жүрсе де, бәрібір денсаулық сақтау саласынан алыс кете алмайтынын іштей ұқты. Сөйтіп, 2008 жылы  медицина саласына қайта оралады. Бастапқыда облыстық жедел жәрдем ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары қызметін он айдай атқарып, кейін қаланың Асау-Барақ көшесіндегі ескі балалар ауруханасын басқарады. Сол тұста қазір өзі басшылық ететін заманауи үлгідегі балалар ауруханасы ғимаратының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан еді. Іскер басшы қашанда сұранысқа ие. Ол облыстың денсаулық сақтау басқармасында да жемісті еңбек етіп, 2018 жылдан бастап осы ауруханаға бас дәрігер болып тағайындалды.

Аурухана өз қызметін 200 кереуеттік орынмен бастаған еді. Қазір мұндағы орын саны — 300 кереует. Соның 170 кереуеті — хирургиялық профильге тиесілі. Оның ішіне жалпы хирургия, жоспарлы, шұғыл хирургия, жақ-бет, ЛОР  хирургияларымен қоса, травматология, нейрохирургия, жан сақтау бөлімшелері де кіреді.  Сонымен қоса біздегі үлкен блок — педиатрия қызметі. Оның өзі іштей екіге бөлінеді. Нефрология, гастроэнтерология, аллергия, неврология, эндокринология сияқты бөлімшелер осы блокта орналасқан. Қазір ауруханада 13 бөлімше жұмыс жасайды. Біздің ауыз толтырып, мақтанышпен айтатын ең басты жетістігіміз — мұнда неонатальды хирургия бөлімшесін ашу үшін көп еңбектендік. Ал 2015 жылы кардохирургия бөлімшесі ашылды, — дейді кейіпкеріміз.

Бұрын балалар кардиохирургия бөлімшесі медицина орталығы жанында болды. Алайда бұл бөлімшені балалар ауруханасына көшіруде Нұрлан Нұрқасынұлының сіңірген еңбегі зор. «Бір жылдан соң ауруханамызда эндоваскулярлық хирургия бөлімшесі ашылды. Бұл — тамырлы ауруларды емдеудің заманауи әдісі, онда емдеу шарасы тамыр іші арқылы жүзеге асырылады. Мұнда заманауи жоғары технологиялық ангиограф аппараты сатып алынды. Бұл құрылғының көмегімен рентген сәулесінің әсерінен тамырлар мен жүрек қуыстарының люменін көруге болады. Сөйтіп, біз 2016 жылы жүрекке жабық әдіспен ота жасауды бастап кеттік», — дейді Нұрлан Қожин.

Қазіргі таңда бұл мекемеде отызға тарта профиль бойынша балаларға медициналық көмек көрсетіледі. Білікті басшының ықпалымен жыл өткен сайын ауруханада жаңа бөлімшелер ашылып, ұжым сапалы мамандармен толығып келеді. Бүгінде оның қарауында 600-ге тарта адам жұмыс істейді. Соның 128-і — дәрігер, 230-ы — мейірбике. Осындай үлкен ұжымды басқаратын Нұрлан Нұрқасынұлы тек медицина саласына ғана емес, сондай-ақ аурухананың күрделі техникалық блогының үздіксіз жұмыс істеуін де ұдайы өз бақылауында ұстайды.

Балалар ауруханасы базасында балалар хирургиясы, ЛОР аурулары, педиатрия сияқты медицина университетінің 6 кафедрасы бар. Ондағы профессорлық-оқытушылар құрам мен аурухана дәрігерлері бірлесіп науқастарды медициналық тексеріп, емдеу шараларын жүргізеді. Солардың қатарындағы профессор Болат Жаналаев пен Сағидолла Досмағамбетовтердің еңбегі ерекше.  Сондай-ақ мұндағы мамандардың Алматы мен Астана қалаларындағы ғылыми-зерттеу орталықтарымен тығыз жұмыс жасауы да іскер басшының ізденісті қадамдарының нәтижесі.

Нұрлан Қожин басшылық ететін ауруханаға тек ақтөбеліктер ғана емес, сондай-ақ Қызылорда, Атырау, Маңғыстау, Қостанай өңірлерінен де баласын емдеуге әкелетіндер көп. Олар арнайы жолдамамен, енді бірі шұғыл түсіп жатады.

Министрлік пен облыс әкімдігі арасындағы меморандумға сәйкес, келер жылы аурухана базасында аймақтық кардиохирургия орталығын ашу жоспарланып отыр. Бұл үлкен орталық болады. Қазіргі күні аурухана жанындағы ғимараттың үшінші қабатынан орын жасақталды. Енді бізге 600 миллион теңгенің құрал-жадбықтары келу керек. Осылайша кардиохирургия орталығы толыққанды жұмыс істейтін болады, — деді кейіпкеріміз.

Облыста мұндай орталықтың ашылуына жаңа туған нәрестелер арасында жүрек ақауының көбеюі түрткі болған. «Қазір жаңа туған сәбилердің арасында жүрек ақауы көп. Оларға ота жасалады, көрсеткіш те өте жақсы.  Биылдың өзінде кардиохирургия бойынша 90 ота жасалды. Соның ішінде 23-і жоғары технологиялық әдіспен жүзеге асырылды. Отаның 62-сі бір жасқа толмаған балаларға жүргізілді. Жыл сайын ота саны да көбейіп жатыр. Келер жылға біз жүрекке 150 ота жасауды жоспарлап отырмыз. Бұл орайда техникалық қызметтің жаңа құрылғылармен жабдықталуы қажет. Өйткені аппарат жаңартылған сайын нақты диагноз қойып, сапалы ота жасаудың мүмкіндігі зор», — дейді ол Нұрлан Нұрқасынұлы бұл орайда кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Әнуар Досмағамбетов пен аталған бөлімшенің жансақтау бөлімін басқаратын Нүрия Суханова, сондай-ақ жансақтау бөлімінің меңгерушісі Гүлжамал Абдуллаева, хирургия бөлімшесінің меңгерушілері — Болат Медетбаев пен Марат Ілиясов, Шынасыл Тілеужанова, дәрігер-педиатрлар — Андрей Абашин, Жамилия Ізімова, Дәметкен Ерғаринова, Ольга Садильникова және басқа да көптеген маманның еңбегін ерекше атады.

Мерейлі жасқа толған Нұрлан Нұрқасынұлы мен денсаулық сақтау саласында қызмет ететін зайыбы Гүлнар Қожинаның шаңырағында өмірге келген Диас пен Меруерт — мамандық бойынша өз таңдауларын медицинамен байланыстырмаса да, әкенің осындай жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп, үлгілі ізді жалғап келеді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button