Жаңалықтар

Үйренетін үлгі

Айбек ТАСҚАЛИЕВ,

«Ақтөбе»

Ойтүрткі

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі. Бұл ұғымның нақты анықтамасы жоқ, тиісінше әрқалай түсінетіндер көп. Жалпақ тілмен айтқанда, аталған сөз тіркесі ірі көлемдегі табысыңның бір бөлігін игі іске жұмсау дегенді білдірсе керек. Әйтпесе бұны тек қайырымдылық жасау деп қабылдайтындар бар…

Жақында Шалқар ауданына жұмыс бабымен жол түсті. Сондағы бір ауылдың ірі шаруа қожалығының иесімен сұхбаттасып, жай-күйімен таныстым. 20 үйір  жылқысы бар кәсіпкер атакәсіптің арқасында күйлі-қуатты тұратынын, аталған өлкені былай қойғанда, аудан орталығында, Ақтөбенің өзінде үйі барын зор мақтанышпен айтты. Материалдық игілік туралы біраз әңгімеледі. Сөз арасында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, жұмысшыларына жасалған жағдай туралы сыр суыртпақтағанымда, «ай сайын жалақысын кешіктірмей беремін» деп қысқа қайырды. Бұл атқарған еңбегіне төленуге тиіс міндетті ақы екенін, оны уақтылы табыстау жұмыс беруші үшін таңсық болмау керектігін айтқанымда бөлмеде үнсіздік орнады. Отырған жеріміз — әлгі қожалықтың малшыға дайындаған қонысы — құлайын деп тұрған ескі үй… Осыдан барып «қазір мал бағатын адам табу қиын» деуге аузың бармайды. Қай-қайсымыз да жылы, жарық, жайлы жерде тұрғымыз келетіні, еңбектің өз деңгейінде бағаланғанын қалайтынымыз белгілі, бірақ мұндай жағдайда не дерсің?.. Әлеуметтік жауапкершілік туралы мүлде сөз жоқ.

Осы жайт біраз уақыт ойымнан кетпей, жан-жақтан барымен бөлісетін бизнес иелері туралы сұрастырғанымда, ауыз толтырып айтарлықтай ақпарат таппадым. Рас, қызметкерлерін шипажайларға жіберетін, «Мектепке жол» акциясы аясында оқушыларға керек-жарағын алып беретін, қиын жағдайға тап болғандарға ақшалай көмектесетін кәсіпкерлер бар. Дей тұрғанмен, бұны мен айтып отырған ұғыммен байланыстыру қате. Бұл қолдаудың бір түрі ғана. Осы орайда өңірдегі ірі тұрғын үй компания басшысының қарамағындағыларға пәтер алуда 30 пайыз жеңілдік жасайтынын білдім. Атауы әлдеқашан брендке айналған құрылыс компаниясының бұл ісі шынымен әлеуметтік жауапкершілік деуге тұрарлық. Өкініштісі, мұндай мысалдарды санасақ, бір қолдың саусағынан аспайды…

Бәрін жоққа шығаруға тағы болмайды. Жуырда Хромтау ауданына қарасты Оңғар ауылынан жағымды хабар жетті. «Данияр» шаруа қожалығының басшысы Серік Оразымбетов ауылда адамдардың тұрақтап қалуы үшін он жұмысшысына үй салуды бастапты. Алғашқы легі жыл басында қоныстойын жасап үлгерді. Осындай ақжолтай жаңалықтарды көп естісек деймін.

Әркім әліне қарай шабатыны анық.Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы ғаламторды ақтарғанымда, танымал кәсіпкер Марғұлан Сейсембайдың осыған қатысты мына пікірін көзім шалды: «Кәсіпкерлерге әлеуметтік көмек көрсетуші, ақша таратушы, «қаржы толған қап» секілді қарауды доғаруды сұраймын. Оларды жылдар бойы ел экономикасының бар нәрін сығып алып отырған шикізат олигархтарымен шатастырмаңыздар. Кәсіпкерлердің көпшілігі мұндай көмек көрсете алмайды». Бұл сөздің де жаны бар, бірақ әркім өз деңгейінде қам-қарекет жасаса, несі айып? Әйтпесе ауласын, келушілер жүретін жалғыз аяқ жолды қардан аршымайтын кәсіп иелері бар.Бизнестің әлеуметтік жауапсыздығының бір көрінісі бұл.

Еуропа елдерінде бұл бойынша жағдай мүлде басқа. Онда бизнестің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі аясында ірі компаниялар қоғамда үлкен өзгерістер жасауға құштар. Айталық, экологияны жақсарту үшін тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт немесе жел электр станцияларын тұрғызады. Өздеріне қажетті кадрларды мектептен «іздеп», түлектерді жетекші университеттерде тегін оқытады. Қарапайым ғана мысалды тізбелесек, жұмысшыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында һәм олар өнімді қызмет етуі үшін жертөледе спортзал, тіпті бассейн салады… Ал Жапония мемлекетінде алып компания иелері түскі үзіліс кезінде қызметкерлердің көз шырымын алып, тынығуы үшін арнайы бөлме жасақтауды бұрыннан тәжірибеге енгізген. Сырт көзге ұсақ-түйек боп көрінгенімен, осыдан-ақ жұмысшыларға құрмет, әлеуметтік жауапкершіліктің деңгейінбағамдауға болады.

Бәлкім, арамызда біз білмейтін жүрегі кең жеке кәсіпкерлік субъектілері бар да болар. Олар туралы жазуға дайынбыз. Бірақ өзгелерден үйренетін үлгіміз бәрібір аз емес…

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button