Жаңалықтың жаршысы

Қаламы қарымды журналист, белгілі жазушы Шерхан Мұртаза ағамыз «Журналистің жегені — жантақ, арқалағаны — алтын» деген өмірден алынған сүбелі сөзін артына қалдырды. Бұл аталған мамандық иелерінің ең алдымен қызметінің жоғары жауапкершілігін, қоғамдағы алатын орнын айқындаса керек.
Жалпы журналистика саласында алпыс жылға жуық үзбей еңбек етіп келе жатқан қалам иелері сірә да санаулы болар.
Осындай өлшеусіз мерзім бойы бел талдырып, «алтын арқалаған», халыққа қапысыз қызмет етіп келе жатқандар сапындағы Қазақстанның құрметті журналисі, Шалқар ауданының құрметті азаматы Жанғабыл Қабақбаев — сол сиректің бірі.
Он алты жасында Шалқар өңіріндегі Қорғантұз орта мектебін бітірген ол көршілес Мұғалжар аудандық екі тілде шығатын«Еңбек таңы»-«Коммунист» газетінде корректор болып еңбек жолын бастады. Балаң кезінен журналист болсам деген арманының алғашқы баспалдағына осылайша қадам басты.
Ол кезде аудандық газет аптасына үш рет шығады. Газет шығарудың қара жұмысының ортасында малтығып жүріп, мақала жазуға да уақыт тапты. Ара-арасында кәсіпорын-мекемелерге барып, еңбек адамдары туралы қалам ұшына іліккен суреттеме, корреспонденцияларын редактордың алдына имене ұсынғаны күні кешегідей көз алдында…
Журналистердің жалпы жұртшылықтың көз алдында жүретін болғандықтан танымалдыққа көбірек ие екендігіне күмән жоқ. Алайда солардың ішінде Ақтөбе өңірінде Жанғабыл Қабақбаевтың орны ерекше. Оның себебі — Жәкеңнің үлкенмен де, кішімен де тез тіл табысып, араласып кететіндігінде, басқаның шаруасын өз мойнына алып, кісі міндетін көтере беретіндігінде. Оның үстіне аудандарға, шалғайдағы елді мекендерге дейін іссапарға жиі шығады, барған жерінен жасының үлкен-кішілігіне қарамай, дос, жолдас тауып қайтады.
Жанғабыл Қабақбаевтың журналистігі туралы баян еткенде оның бірнеше қырына тоқтала аламыз.
Біріншісі — тілшілік қызметі. Оның балаң қаламының алғашқы қарымы мектепте оқып жүргенде-ақ байқалады. Сол уақытта аудандық газеттен бастап республикалық «Қазақстан пионеріне» дейін жазған мақалалары үзбей басылады.
Сол кездері республикалық «Мәдениет және тұрмыс» журналының редакторы Мұса Дінішевтің елге жолы түсіп келгенде ауылдық кеңестің басшылығында қызмет атқаратын Жұмағали Қабақбаевтың отбасынан дәм татуы жас талаптың болашағына деген жақсы нышан лебіндей сезілген екен. Кезінде Ақтөбедегі педагогикалық училищені тәмамдаған Мұса Дінішев өзінің жас кезінде осы Шалқар аудандық комсомол комитетіне жетешілік жасаған. Енді ел ағасы жасына көтерілген тұсында Ақтөбе өңіріне жолы түскенде өзінің өмірінің елеулі бір кезеңі өткен өңірге соғып кетуді парызы санаған сыңайлы. Аудандық «Коммунизм таңы» газетінің редакторы Тауман Төреханов өзі әуелден жақсы сыйлайтын әріптес ағасын бұрынғы тұрған үйіне дейін апарып, сосын елдің қадірлі ақсақалдарына сәлем беруге алып шыққан екен.
Елдің сыйлы азаматтарының бірі Жұмағали аға келген қонақтарға өзінің баласының да болашақта журналист болғысы келетінін айтады сөз арасында. Осылайша Алматыдан келген қадірлі қонақтың: «Өркенің өссін, жаза бер, талабың оң болсын!» — деген батасын алып қалады бала Жанғабыл.
…Мұғалжар газетіндегі екі жарым жыл ішінде оның қаламы қатая бастайды. Осындай азды-көпті тәжірибемен Шалқар аудандық «Коммунизм таңы» газетіне келеді. Мұнда әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтері сатыларынан өтеді.
Осы қызметтерде жүріп Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай оқып бітіреді.
Ол кездері бұл аудандық газетті ақ сақалды қариялардан бастап, мектептегі шәкірттерге дейін алдырып оқитын. Оқырмандар газеттің әр санын асыға күтіп, өздері де ой-пікірлерін білдіріп, хат жазып тұратын. Сондай ортада Жәкең жауапты хатшы бола жүріп, жазуға да уақыт табады, арасында іссапарға да шығып тұрады. Тілеужан Шойғарин бастағанаға буын өкілдерінен тәлім алып, сол кісілердің ұстанымы, редакцияға келген кісілермен сөйлесуі, киім киісі мен жүріс-тұрысына дейін үлгі ретінде қабылдады. Одан кем түскен жері жоқ. Өзі қатарлас Мұқамбетәли Есмағанбетовпен бір кабинетте тізе түйістіре қатар отырып, бірі — редактордың орынбасары, екіншісі жауапты хатшы ретінде газетті уақытында шығару үшін күн-түн қатып жүргендері де есте тұрады.
Тіпті жетпісінші жылдардың басында облыстық партия комитетінің баспасөз секторына жетекшілік ететін Құмақ Төлеғұловтың пәрменімен Ақтөбеден вагонға тиетіп жіберген, әрқайсысының салмағы ширек тоннадай болатын қырық бума газет шығаратын қағазды түн ортасында, қырық градус аязда екі жас журналистің түсіріп алып, одан машинамен баспаханаға жеткізуі көп уақытқа дейін бейбіт күннің ерлігі іспетті айтылып жүрді.
Жанғабыл Қабақбаев 1981 жылы облыстық «Коммунизм жолы» газетінің Шалқар, Ырғыз және Мұғалжар аударындағы меншікті тілшісі болып тағайындалды. Тәжірибелі журналистің меншікті тілшілік қызметі, негізінен, 1981-1988 және 1996-1998 жылдарды қамтиды. Осы жылдар ішінде басты міндетімен бірге, қаншама адамның тағдырына араша түсіп, қолдау көрсеткені оның өмір жолындағы өнегелі кезеңдері іспеттес. Үш ауданның тыныс-тіршілігін қапысыз бағып отырып, жақсы жаңалықтары мен өрісті істерін облыс жұртшылығына жеткізу оның қаламгерлік парызына айналды. Әрине, арасында сын мақалалар да жазылып қалады. Ондайда амалсыздан өзіне аяқ астынан жау тауып алатыны және жасырын емес. Бірақ ақиқатты айтпай тағы тұра алмайды.
Жәкеңнің жұртқа танымал болған екінші бір қыры — редакторлығы.
Еліміз егемендігін алып, тәуелсіздік туы жоғары көтерілген тұс еді. Ұлттық руханиятымыздың игіліктерін жинақтап, жас буынды сол бағытта тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлініп жатты. Оның редакторлығының өзі, негізінен, осы мақсатты орындауға бағытталды.
1996 жылдың басында тұрғын саны жиырма бес мыңдай болатын Шалқар шаһарында жаңадан жарыққа шыққан «Қала тынысы» деп аталатын басылымның редакторы болып тағайындалды. Тіркеуден өткен кезде байқаса, бұл республикадағы аудан орталығында шығарылып отырған тұңғыш басылым екен. Газеттің алғашқы санында қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісов ақ батасын берді. Басылымда қала тарихы, осындағы еңбек адамдары туралы жазылды, басқа да маңызды мәселелер жан-жақты көтеріліп, оқырман қатары көбейе түсті. Кәсіби журналист, тәжірибелі редактордың қолымен шыққан газет аз ғана уақыт ішінде айналаға танымал болды.
Жанғабыл Қабақбаев 1988-1993 жылдары Қарабұтақ аудандық «Жаңа өмір» газетінде редакторлық қызмет атқарды. Осы кезеңде ауданға Әйтеке би атағы берілді, басқа да рухани-өркенді өзгерістер орын алды. Соның бәрінде ол жетекшілік ететін аудандық басылым жақсылықтың жаршысы, игілікті істердің қолдаушысы болып отырды.
Бұл бір қайта құру деп аталған өзге түсті кезең басталған, аздаған аласапыраны бар, бірақ ескі атаулыдан бас тартып, әйтеуір, бір жаңашылдыққа ұмтылу сияқты нышаны байқалған уақыт еді. Сондай өтпелі кезеңде аудандық газет байыпты бағдар ұстанды, оқырмандарды ұлтымыздың рухани құндылықтарын сақтауға, туған тілімізді қадірлеуге шақырып отырды. Нысаналы Жаңбырбаев сынды байырғы журналист ағалар Жанғабылдай жақсы ініні жатсынған жоқ, қолдау-көмегін көрсетіп, бірігіп еңбек етті. Соның нәтижесінде «Жаңа өмірдің» жұлдызы бұрынғыдан да жарқырай түсті.
Жәкең шығармашылығының тағы бір қыры — әнге арнап өлең жазуынан көрінеді. Оның сазгерлер — Қайырғали Қожанбаев, Есенжол Өтебасов, Орынбасар Тереков, Аймұрат Мәжікбаевтың әуендеріне жазған өлеңдері тыңдарман көңілінен шығып жүр. Әсіресе осындай шығармашылық ынтымақтастықтан туған «Анашым», «Қарабұтақ жастарының әні», «Жайықтың аруы», «Періштемсің» әндері жергілікті әншілердің орындауында сахналарда жиі орындалады.
Бұдан басқа қаламгердің әзіл-сықақ жанрында да өзіндік қолтаңбасы қалыптасты. Оның «Борис-Борантай», «Мұрның барда…», тағы басқа сатиралық әңгімелері республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрді.
Жәкеңнің мемлекеттік тіл мәртебесін көтерудегі тынымсыз қызметін де көпке үлгі етуге болады.
Қарабұтақ аудандық «Жаңа өмір» газетіне редактор болып қызмет еткен шақта «Қазақ тілі» қоғамының аудандық ұйымына төраға болды. 1993-1996 жылдары Шалқар ауданының әкімдігінде тіл жөніндегі бас маман қызметін атқарды.
Жәкең әр жылдарда облыстық тілдерді дамыту басқармасында, «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасында қызмет атқарды. Соның бәрінде де оның өмірден алған тәжірибесі, үлкендерден көрген өнегесі көп көмегін тигізді.
2014 жылдың желтоқсан айынан 2022 жылдың қазан айына дейінгі аралықта халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымы төрағасының орынбасары қызметінде жүрді. Осы жұмыстарда жүргенде «Ана тілі» таралымын көбейтуге тікелей үлес қосты.
Құрамына «Ана тілі» газеті де кіретін «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Ақтөбе облысы бойынша өкілі болып келе жатқанына он төрт жылдай уақыт болыпты. Ел тірлігі, тіліміздің түйткілді мәселелері, басқа тақырыптарды қозғаған мақалалары «Ана тілі» газетінде тұрақты жарияланып келеді.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылғанына 30 жыл толуына байланысты «Орны бөлек отыз жыл» атты жинақ жарыққа шықты. Онда мемлекеттік тіл мәртебесін орнықтыру, оның қолданыс аясын кеңейту бағытында өңірде атқарылған жұмыстар жанжақты баяндалды. Осы шараның да басықасында жүріп, облыстық ұйымның, тіл жанашырларының еңбегін көрсетуге қызмет еткен Жанғабыл Қабақбаев болды.
Әр жылдары баспадан оның «Қолтаңба», «Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы!» атты кітаптары жарыққа шықты. Бұл жинақтарда Жәкеңнің журналистік жолдағы жиған-тергендері, танымдық-тағылымдық жазбалары, сүбелі сұхбаттары, ой саларлық мақалалары топтастырылған.
Жанғабыл Жұмағалиұлының ұзақ жылғы журналистік қызметі лайықты бағасын алып та келеді. Ол «Қазақстанның құрметті журналисі», «Ақпарат саласының үздігі» атанды.
Сондай-ақ «Астана қаласына 10 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Ақтөбе қаласына 150 жыл» мерекелік медальдарының, «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері.
Жәкең өзінің өмірлік серігі Бәдигүл апамен бірге ұл-қыз өсіріп, немерелер сүйіп отыр. Бәдигүл Күзеуова — облыста білім саласында еңбегі сіңген қызметкер, ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиелеп, жас буынға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берді.
Олардың балалары Ақмарал-Ғабит, Ақбала-Андрей, Аққалқа-Асқар, Ақерке-Есентай өрістерін кеңейтіп, ұрпақтарымен қызық-қуанышқа бөлеуде.
Ал шаңырақ иесі Ғалым, келіні Ардақ ата-анасына сүйкімді немере сыйлап, бүгінгі күні 75 жасқа толып отырған Жәкеңнің — журналистиканың жампозы Жанғабыл Қабақбаевтың мерейін тағы да биікке көтеріп отыр.
* * *
Шалқар аудандық «Коммунизм таңы» газеті өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында қолына қалам ұстап, жазу өнеріне ұмтылған жас қауымға қамқор болып, қауырсын қанаттарға дем бергені жадымызда.
Мақсат Дүйісмағамбетов, Алтынбек Алдияров, Серік Бисенов, Әлімбай Ізбай, Иманбай Жұбаев, Ғалымжан Төреханов, Бердібай Кемал, тағы да олардың соңынан ерген қаншама жастың тұсауы осы басылымда кесілгенін қазір тап басып айту қиын. Бірақ солардың қай-қайсысына да аудандық газеттің белді қызметкері Жәкеңнің жанашыр қамқорлығы болғаны аян.
Жарты ғасырдан астам уақыт бойы қаламын қалғытпай, жақсылықтың жаршысы, жаңалықтың таратушысы болып келе жатқан Жанғабыл Қабақбаевтың бүгінгі жетіп отырған биігі — оның ғибраты мол ғұмырындағы елеулі кезеңі.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.