Марапаттар мен жолдамалар табысталды

Кәсіподақ
Сәрсенбі күні Өнер орталығында өткен «Кəсіподақ: тұрақты қолдау, тұрақты құрмет» атты шарада 150-ге жуық педагог марапатталды.
Салтанатты шара Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының 100 жылдығы мен Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Жиында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Раушан Серікова жиналған жұртшылықты алда келе жатқан Наурыз мейрамымен құттықтап, өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.
— Бүгінде біздің салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы құрамында 33 468 адам бар. Оның ішінде 31 мыңнан астамықазір жемісті еңбек етіп жүр. Екі мыңға жуығы — декреттік демалыста. Облысымызда жалпы 615 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Өткен жылы 2100-ден астам кәсіподақ мүшесіне емделу-сауықтыру, саяхаттау жолдамасы табысталса, 455 педагогке марапаттар мен сыйақылар берілді. Сондай-ақ былтыр су тасқынынан зардап шеккен 586 ұстазға қаржылай көмек көрсетілді. Биыл бұл бағытта облыс бойынша 3 мыңнан астам педагогті сауықтыру жолдамасымен қамтуды жоспарлап отырмыз, — деді Р.Серікова.
Бұдан кейін облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева сөз сөйлеп, марапатқа ие болған педагогтерді құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Шара барысында барлығы 150-ге жуық кәсіподақ мүшесі марапатталды. Олардың қатарында «Кәсіподақ көшбасшысы» байқауының жеңімпаздары мен қатысушылары, әлеуметтік әріптестер мен мектеп директорлары, үздік педагогтер мен облыстық спартакиаданың жеңімпаздары бар.
Раушан Серікова мен Бұлбұл Күзембаева кәсіподақ мүшелеріне «Сарыағаш» шипажайына, Өзбекстанның Ташкент, Самарқанд және Түркістан, Шымкент қалаларына тарихи-танымдық саяхатқа жолдамалар, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің үздік профессор-оқытушыларынасертификаттар мен Құрмет грамоталарын, Алғыс хаттар табыстады.
Сондай-ақ шарада әлеуметтік әріптестер мен сала мамандарына Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін», «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері мен облыстық кәсіподақ ұйымының сыйақы сертификаттары тапсырылды.
Жиында марапатталғандардың бірі — Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінің директоры Бағдашжан Молдашева. Ол«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Біріккен Араб Әмірлігіне жолдамасыниеленді.
Көп жылдан бері жұмысшыларды даярлайтын оқу орнын басқарып келе жатқан ол биыл ел Президентінің қолынан «Құрмет» орденін алған.
— Қуанышымда шек жоқ. Бүгін ерекше марапатқа ие болып отырмын. Бұл жолдама біздің ұжымның ортақ жұмысына берілген марапат деуге болады. Сондықтан еңбегімізді елеп, бізді бағалап жатқан облыстық кәсіподақ ұйымына ерекше алғысымды білдіремін, — дейді ол.
Д.АЙДАР.