Бұралқы ит мәселесі қашан шешіледі?

Соңғы жылдары бұралқы ит мәселесі қоғамда өзекті болып тұр. Әсіресе Ақтөбеде иттен зәбір көргендердің қатары артпаса кеміген жоқ. Осыдан үш жыл бұрын 12 жастағы баланы ит талап өлтіргенін қала жұртшылығы әлі ұмыта қоймады. Ал жақында өз ауласында иттен қорқып, жүрегі жарылып өлген бала туралы ақпарат тұрғындарды шошытты. Сабаққа бара жатқан студент жігітті ит талаған оқиға да жұртшылықтың әлі есінде. Алайда жыл сайын қыруар қаржы бөлінсе де, қаңғы ит мәселесі әлі бір шешімін таппай тұр. Осы ретте облыстық ветеринария басқармасының басшысы Айбек Сембайдан бұралқы иттерді аулау қалай жүріп жатқанын сұрадық.
100 миллион теңге бөлінді
Айбек Сембайдың айтуынша, мекеме қызметкерлері «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңның аясында жұмыс істейді. Яғни тұрғындардың үрейін ұшыратын көшедегі бұралқы иттерді аулауға рұқсат бар. Былтыр облыс бойынша иесіз ит пен мысықты күтіп-бағуға бюджеттен 201, 5 миллион теңге қаржы бөлініпті.
— Оның ішінде аулау жұмысына — 53,1, күтіп-бағуға 115,2 миллион теңге, бірдейлендіруге — 10,0, стерилизациялау жұмыстарына 23,2 миллион теңге бөлінді. Былтыр тұрғындардан түскен арыз бойынша 21256 қаңғыбас ит және 470 мысық ауланды. Оның ішінде Ақтөбе қаласы бойынша 15468 ит және 350 мысық бар. Сондай-ақ үй жануарларын қалалық, аудандық ветеринарлық станцияларда, ветеринарлық клиникаларда чиптеуге болады. Жануарды есепке алуда «Таңба» ақпараттық жүйесі пайдаланылады. Ол үшін иесінің жеке сәйкестендіру нөмірі қажет. Қазіргі таңда облыс бойынша иесі бар 7511 ит және 1598 мысық сәйкестендіріліп, ақпараттық жүйеге енгізілген. Аталған жұмыстар әлі жалғасып жатыр, — деді басқарма басшысы.
Ал биыл облыс бойынша 100,9 миллион теңге қаражат бұралқы ит пен мысықпен күресуге бағытталмақ. Оның ішінде аулауға — 57,4, күтіп-бағуға — 34,6, бірдейлендіруге — 2,5, стерилизациялау жұмыстарына 6,4 миллион теңге қаржы қарастырылған. Жоспар бойынша 13500 бас қаңғыбас ит және 500 бас мысық ауланады.
Қазір облыс орталығында қаңғыған итті ұстайтын бір ғана орын бар. Ол — жеке адамға тиесілі Қызылжар ауылындағы «Ника-Ақтөбе» ит ұстау питомнигі. Әзірге аудандық ветеринарлық стансаларда иттерді уақытша ұстау пункттері жоқ. Дегенмен осындай стансалар жанына орналастырылған торларда (вольер) жануарларды күтіп-бағу жұмыстары жүргізіледі.
— Қаңғы иттерді питомникке алып келгеннен кейін стерилизация жасалып, екпе салынады. Содан кейін ұрғашы болса қызыл, еркегіне көк түсті сырға салынып, әкелген жаққа қайта жіберіледі. Алайда бұндай иттердің барлығы қоршаған ортаға қауіпсіз деп айта алмаймыз. Егер сырға салынған иттер тұрғындарға қауіп төндіріп жатса, питомникке қайтып әкелеміз. Көшеде иесіз жүрген иттердің барлығы «қаңғы ит» саналады. Көп жағдайда тұрғындар иттерін көшеге босатып қоя береді. Олардың ішінде жаяу жүргіншілерге шабуыл жасайтындары бар. Арыз-шағым түскен кезде аулаушылар көшеде жүрген итті иесінің бар-жоғына қарамай алып кетеді. Иесі анықталса, учаскелік полициямен бірге айыппұл салынады. Сондықтан азаматтар итті байлап ұстағаны жөн, — деді Айбек Сембай.
Қайда хабарласу керек?
Бұралқы ит мәселесі қоғамда жиі талқыға түседі. Иттен зәбір көргендер көзін құрту керек десе, табиғат жанашырлары олардың өмір сүргенін қалайды. Алайда «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңның 15-бабы 1-тармағының 4-тармақшасына сәйкес жануар адамға, жануарларға шабуыл жасап, олардың өміріне немесе саулығына, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қатер төндіретін болса, жануарларды жансыздандыруға болады. Яғни заңда осылай анықтап көрсетілген. Көшеде бұралқы ит қуып немесе шабуыл жасаса 102, 109 (ахуалдық орталық) телефон нөмірлеріне қоңырау шалу керек. Ветеринарлық станса мамандары түскен арыз, шағым бойынша аулау жұмыстарын жүргізеді. Мәселен, жыл басынан бүгінгі күнге дейін шағым бойынша облыста 4327 қаңғыбас ит және 113 мысық ауланған. Оның ішінде Ақтөбе қаласында ауланған иттің саны — 4287.
— Астана, Алматы аудандарының әкімдіктерімен бірлесіп, кезекшілік кестесі жасалды. Кесте бойынша мамандар шағын аудандарды аралап, ит аулайды. Мәселен, соңғы аптада Тұрғындар қалашығы ауданында 70-ке жуық итті ұстадық. Сондай-ақ Есет батыр, Бауырластар, Ақжар секілді іргедегі ауылдарға да барады. Қазіргі таңда қала бойынша 11 бригада жұмыс істеп жатыр. Бұрын ит аулайтын адам табу қиын болатын. Көпшілігі шыдамай кетіп қалатын еді. Қазір адам саны жеткілікті, — деді басқарма басшысы.
Қаңғы ит қайдан келеді?
Қаңғыбас ит пен мысық көшеде көбейеді. Иесі болмағаннан кейін әр жерді паналап, күл-қоқыстың маңайын торуылдап, қалдықпен қоректенеді. Қоқыс айналасында жүрген ит түрлі жұқпалы ауруды таратуы әбден мүмкін. Ал құтырса, тіпті қауіпті.
— Қаңғы иттерді аулаған сайын азаймай тұрғаны рас. Иесіз иттердің көбеюіне тұрғындардың да кінәсі бар. Қала іргесіндегі жақын ауылдар күшіктерді асырайды да, үлкейген кезде қалаға әкеліп қоя береді. Ал ит тез көбейеді. Оның үстіне әбден ашыққан ит азық таба алмаған соң, қала ішіндегі қоқыс алаңдарын паналайды. Одан ештеңе таппаса, адамға ұмтылуы мүмкін. Сондықтан ит асыраған кезде әрбір тұрғын жауапкершілікпен қарауы керек. Осы ретте тұрғындар арасында бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желі арқылы жүйелі түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. 2023 жылы облыс әкімдігінің қолдауымен жол картасы бекітілді. Осыған сәйкес тұрғындарға, мектеп оқушыларына «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңды, үй жануарларын сәйкестендіру, зарарсыздандыру қағидаларын, маңыздылығын айтып түсіндіреміз, — деді Айбек Сембай.
Басқарма басшысының айтуынша, жануарларға арналған уақытша ұстау пункттерін салу жұмысымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мекемесі айналысады. Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдіктері жалпы көлемі питомник салу үшін 8,18 гектар жер бөлген.
— Алайда нормативтік-техникалық жоба бекітілмегендіктен, жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу мүмкін болмай отыр. Жалпы биыл ветеринариялық стансалардың материалдық-техникалық базасын жаңарту үшін облыстық бюджеттен 2 жылжымалы инсинератор сатып алуға 166 миллион теңге бөлінді. Бұдан бөлек 10 автокөлік алуға — 82,9 миллион және 15 модульдік ветеринариялық пункт алуға 247,5 миллион теңге қаржы бөлініп отыр, — деді Айбек Сембай.
Кәмшат ҚОПАЕВА.