Мерей

Екі қоғамда да қадірлі

Марапат

Ауылдас ініміз, көпшілікке танымал азамат Бөкен Қабиұлы Жантолы балаларының жұмыс жағдайларына қарай Ақтөбе қаласына соңғы жылдары ғана көшіп келді. Әрине, бір ауылда өскесін бұл азаматты жақсы білемін.
Оны біліңкірейтін тағы бір себебім — қарындасыммен мектепте бірге оқыды. Мектеп табалдырығын алты жасында аттап, зерек бала атанды. Осы желтоқсанда жетпісті еңсерді. Таяуда ізімнен еріп келе жатқан інімді әңгімелесуге шақырдым. Жеңіл көлігін өзі жүргізіп, айтқан уақытта келді.
Еңсегей бойлы, бидай өңді азамат, қимыл-қозғалысы да ширақ.
Ол еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгенен кейін Қараой селосында ауыл әкімі, мектеп директоры, Ойыл кентінде аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды. Зейнеткерлікке аудандық мәслихаттың бөлім меңгерушісі жұмысында жүріп шығыпты.
Қызмет істеген жылдарында Тәуелсіздіктің он, жиырма, отыз жылдығына мерекелік медалдарымен, ҚР Президентінің Алғыс хатымен марапатталған. Әр жылдарда облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хаттарын бірнеше дүркін алған. Мұнымен бірге облыстық мәслихаттың, облыстық кәсіподақтар бірлестігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарына ие болған.
2022 жылы ауданда бірінші болып, омырауына «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін таққанын ерекше мақтан тұтатынын байқадым.
Бөкен ініміз өзінің өмірін де, оның ішінде алған марапаттарын да Тәуелсіздік жылдарындағы және оған дейінгі деп екіге бөліп әңгімелейді екен.
— Мынау — менің мұғалім бола жүріп, жазғы үш ай демалыс кезінде комбайнмен астық жинауға қатысып, ауданның үш дүркін чемпионы болғанда алған «Еңбектегі ерлігі үшін» медалім, — деді. Бүкілодақтық Жастар ұйымы Орталық Комитетінің «Алтын масақ» төсбелгісін де сол жылдары алыпты. Медальдың масағына шынында алтын жалатылған.
— Бұл медаль ауданда жалғыз менде ғана болды. Облыста кімде барын білмеймін. Кеңес кезіндегі сақталып қалған марапаттарым — осылар, — деді ол сыпайылықпен.

Мұғалім-комбайншы

Әңгімеміз осы тұсқа жеткенде, ойыма сол жылдардағы оқиғалар оралды. Ол кезде мен аудандық газетте жұмыс істейтін едім. Негізгі мамандығы мұғалім, әлі үйленіп те үлгермеген жас жігіттің, әріптестерін былай қойғанда, кеңшардың кәнігі комбайншыларын жолда қалдырып, үш жыл қатарынан астық оруда ауданның чемпионы атанып, мынадай мемлекеттік марапаттарға ие болуы, шынында да, қайран қалдырарлық оқиға еді. Ауылға арнайы іссапармен барып, осы, бүгінгі кейіпкерім туралы облыстық «Коммунизм жолы» (қазіргі «Ақтөбе») газетіне «Топжарған» деген очерк жазған едім.
Расында да, біздің қазақ «Жігіт отызында орда бұзады» десе, ол жиырма бесінде топ жарып еді.
Жиырма жасында Гурьев мемлекеттік педагогика институтын бітіріп, туған ауылына келіп өзі оқыған Қараой орта мектебіне математика пәнінің мұғалімі болып орналасады. Екі жылдан кейін мектеп директорының орынбасары болып тағайындалады.
Міне, осы кезде мектептегі Кеңес Сәулебаев сынды өзіне ақылшы болып жүрген алдыңғы аға буын мұғалімдер «Арнайы курста оқып, комбайншылық мамандықты игерелік. Үш ай жазғы демалысымызда үйде бос жатпай, егін орағына қатысалық. Өзімізге де, кеңшарға да пайда» деп бастама көтереді. Бұл кезде негізінен төрт түлік мал өсірумен айналысатын Еңбек Қызыл Ту орденді «Жетікөл» кеңшарында, егін шаруашылығы да мейлінше ұлғайған-ды. Алайда соған сай, бірыңғай астық жинаумен шұғылданатын комбайншылар болмады. Бұл істі кеңшардың механизаторлары атқаратын. Егін орағы кезінде механизаторлардың бір бөлігінің бұлай өз тракторларын тоқтатып, комбайнға отыруы, астық жинауға тартылуы — мал азығын дайындау, жүк тасымалдау, қысқа әзірлік сынды науқандық жұмыстарды жүргізуде қиындық келтіретін. Осы тапшылықты ауыл мұғалімдерінің аталған бастамасы жеңілдетті, тіпті жойды деуге болады. Әрине, алғашқы кезде комбайнға отырған мұғалімдер, оның ішінде Бөкен де Ғауын Масабаев, Шығырбай Құдайбергенов, Зейнел Ибатуллин, Тынышбай Бекеев сынды тәжірибелі, бесаспап механизаторлардың тәлімгерлігіне сүйенді. Жастар жағы, жігіт ағасы жасындағы мұғалімдер жаңа мамандықты тез меңгерді. Жақсы мұғалім болғанмен, өздерінен жақсы комбайншы шықпайтынын кейбір аға буын өкілдері түсінген болу керек, егін басына қайтып соқпай кетті.
Қалай болғанда да егін орағына қолғабыс етуге келген комбайншы мұғалімдер шаруашылық басшыларының қолдарын едәуір ұзартқан-ды. Солардың арқасында кеңшар өз егін орағын қысқа мерзімде аяқтап, комбайншы мұғалімдерді көрші кеңшарлардың астығын жинауға жәрдемге жіберіп жүрді.
— Менің чемпион болуымның бір сыры осында. Өзіміздегі егін орағы аяқталысымен, кеңшардың менімен үзеңгілес жүрген комбайншылары «К-700» тракторларына отырып, пар, сүдігер жыртуға шығады. Біз, мұғалімдер, сабақ басталғанша, көрші «Ойыл», «Саралжын» кеңшарларының егінін орып қайтамыз. Сондықтан да жалпы қорытындыда менің көрсеткішім жоғары болды, — дейді ол сырын жасырмай.
Осылай он жылдың үстінде жазғы демалысында комбайн жүргізіп, ауданның еңбек озаттарының қатарында есімі мақтанышпен аталған оның мамандығының мұғалім екендігінен былайғы жұрт кәдімгідей шатасып жүрді. Содан да Бөкеннің өз қатарларының арасында кейде: «Мен педагогтік пен диқаншылықты қатар алып жүрдім» деп көтеріліп қоятыны бар.
Ол заманның еңбек адамына деген құрметінің ерекше болғаны белгілі. Соның бір мысалы — озат комбайншыға кәсіподақ тарапынан шетелді аралауға жағдай жасалуы. Алайда алғаш чемпион болған жылы қолында жолдамасы тұрып, мектеп директоры босатпай, Венгрияға бара алмайды. 1978 жылы ГДР-ға сапары үйлену уақытымен сәйкес келіп, қалып қояды. Үшінші рет 1980 жылы Чехословакияға жол түсіп тұрғанда, әкесі Қаби, анасы Мәстура араға ай салып, бірінен соң бірі өмірден озады. Отбасындағы балалардың үлкені ретінде ауыртпалық өзінің мойнында еді. Сонша жыл бағып-қағып өсірген, оқытып-тәрбиелеген, адам қылған әке мен анаңнан артық кім бар!
1989 жылы тағы да Ветьнамға жолдама ұсынылғанда зайыбы перзентханада жатып, үйде екі балаға қарайлап, шыға алмай қалады.
Осындай үлкен абырой мен атақ әкелген комбайншылықты 1987 жылы ауылдық кеңес атқару комитетінің төрағасы болып сайланғасын ғана қоюға тура келеді. Осы жылдан оның басшылық қызметі, шаруашылық істерге араласуы басталады. Өтпелі кезеңдегі құрылымдық өзгерістерге байланысты әкімдік билікке жалғасады. Араға алты жыл мектеп директорлығын салып, екі мәрте алғашқыда он жыл, екінші рет төрт жыл ауыл әкімі қызметін атқарады.
— Әкім болған алғашқы жылдарымда елде жағдай өте қиын болып, халыққа аса көп жәрдем бере алмадым. Он жылдан кейін арыз беріп, өз еркіммен босадым. Мектепте директор болып жүргенімде аудан әкімі Қуантқан Әлімов қайта-қайта шақырып, ауыл әкімі қызметіне екінші рет тағайындады. Бұл жылдары ауылға жаңадан мектеп салынды. Су құбыры құжаттары жасалды. Көпір түсті. Тұрғындардың еңсесі көтерілді. Өз жұмысыма азды-көпті көңілім толды, — деп ағынан жарылды.
Одан әрі әңгімесін жалғап:
— Басшылық қызмет атқарғанымда қиыншылықтар болды. Аудан орталығынан ауыл тоқсан шақырым қашық жатыр. Бірақ тұрғындардың ауырған-сырқаған кездерінде орталыққа жете алмай қалуы, сол кезде әр аймақта орын алған даланың өртенуі сынды төтенше жағдайлар болған жоқ, — деді.
«Айтпақшы, жауапкершілік сыналған бір тосын жағдай бар екен-ау» деп басынан өткен бір оқиғаны айтып берді.
Бірақ ол кезде әкім емес, мектеп директоры екен. Қыс айының іші. Түскі асқа үйге барып, мектепке оралса, жылу қазандығы тұрған ғимараттан бұрқырап қара түтін шығып жатыр. Адамдар иіріліп ішке кіре алмай тұр. Маман да, от жағушы да осы жерде. Шарасыз. Қазандықтың әне-міне жарылуы мүмкін екенін біліп, қауіп етуде. Қорқатын да жөні бар екен. Себебі сол жылдары электр жарығының аяқ астынан жалп етіп сөнуі жиі еді. Бұл жолы да солай болған. Тоқ болмағасын қазандықтың насосы су айдамайды. Бірақ қазандық жанып жатыр. Өйткені отыны — аса қызулы жанатын солярка, жанармай. Ол сыйымдылығы жоғары цистернадан үлкен қысыммен қазандыққа тоқтаусыз құйылуда. От жағушы маман электр қуаты сөнген бойда жанармайды ажыратуы керек еді. Сірә, түскі асқа үйге барып айналып қалған. Қазандықты бақылаусыз тастап, кеш келген. Енді, ішке кіре алмай, қорқып ошарылып тұрған жайы бар. Не істеу керек? Жанармайды жедел жаппаса, қазандық жарылады, апат болады!
Мектеп директоры жанармайды бекітетін кілттің қайда екенін сұрайды. Қазаншы іште, жерде жатқанын айтады. Оған да, өзге жиналып қалған мамандарға да мектеп басшысы ішке кір деп бұйрық бере алмайды. Тәуекел деп, жарылу қаупі бар, қызуы бет қаратпай қайнап тұрған, іші қара түтін ғимаратқа өзі қойып кетеді. Қалың түтін ішінде сипалап жүріп кілтті тауып, бекітпені бұрап жабуға кіріседі. Жанында жылу қазандығы екі иығынан демалып тұр. Қызуы ішкі желілерді күйдіріп жіберген. Әйтеуір, абырой болғанда, жарылмайды.
— Елдің кеңдігі, ауыл адамдарының жақсылығы — сол бүлінген қазандықты екі күннің ішінде қалпына келтіріп, іске қосты. Қолда дым жоқ уақыт. Бір үйден насос, біреулерден кабель табылды. Әсіресе серіктестік басшысы Сансызбай Жұмабаев шауып жүріп көп еңбек сіңірді. Сол азамат жақсы маман еді, — деп қиын күндерді еске алды.

Отбасы өнегесі

Қайраткер азаматтың көп қырлылығын, ән салып, домбыра тартатынын, шахматтан аудан чемпионы болғанын айтатын болсақ, әңгімеміз ұзап кетеді. Алайда отбасылық өнегелеріне тоқталмаудың жөні жоқ сияқты. Ол 2017 жылы отбасы институтын дамытуға және өз өнегесімен қоғамдағы әке беделін арттыруға қосқан үлесі үшін ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның Алғыс хатымен марапатталған. Демек, 34 жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар азамат түзде ғана емес, үйде де үлгілі.
Зайыбы Баян Қойшина — жоғары білімді ұстаз. Ұзақ жылдар мектептерде тарих пәнінен сабақ берді. Зиялы отбасы бес бала тәрбиелеп, өсірді.
Тұңғышы Серікбол университетті үздік бітіріп, өзінің мамандығы бойынша мұғалім, заңгер, мемлекеттік қызметші болып біраз жыл қызмет атқарды. Кейінгі жылдары кәсіпкерлікке ауысты. Қазір өзінің туған ауылында шаруа қожалығының төрағасы.
Екінші ұлы Ербол Қ.Сәтбаев атындағы ұлттық университетті үздік бітірді. Норвегияның Ставангер университетінің магистратурасын тәмамдап, Қарашығанақ мұнай кенішінде аға инженер болып істеді. Білімді маман ретінде Италияның Милан қаласындағы ірі корпорациясының бас кеңсесінде екі жыл қызмет атқарып келді. Қазір отбасымен Норвегияда тұрады, жұмыста.
Үшінші ұлы Досбол Л.Гумилов атындағы мемлекеттік университетті үздік аяқтаған. Программалаушы. Малайзияның технологиялық университетінде тағылымдамадан өткен. Ақтөбе қаласында Назарбаев мектебінде сабақ беріп, жақсы атағы шықты. Қазір Астана қаласында өз мамандығы бойынша қызмет істейді.
Қызы Әйгерім Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің экономика факультетін бітірген еді, қазір Ойыл аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде қызметкер.
Кенже ұлы Айбол да мұнай-газ ісінің жоғары білімді маманы. Оқуды бітіргеннен кейін мамандығы бойынша еңбек етті. Қазір кәсіпкерлік жолға түсіп, шаруа қожалығын құруға бағыт ұстауда.
Бір сүйсінерлік жағдай — Жантолиндердің балалары мектептерді, жоғары оқу орындарын үздік бітірген. Әр деңгейде өткен білім сайыстарының жеңімпаздары. Осы үрдіс қазір немерелеріне де ауысқан. Солай үздік болу — бұл отбасы үшін міндет, шарт сияқты. Ал келіндерінің өнеге-үлгісі өз алдына бір әңгіме.
Кейіпкеріммен әңгімемнің басында артық мақтамауға үнсіз келіскендей едім. Қойған талабы, өтініші де сол еді. Сондықтан өмір дерегін, әңгімесін екшеп қарап, жазу кезінде сол талаптан шығу бағытын ұстандым.
Дегенмен мақтаныш етуге өзі сұранып тұрған деректерден айналып өте алмадық. Ал нақты мысалдарымыз артық мақтау, мадақтау емес, бұлтартпайтын айғақ, Бөкен Жантолиннің ерекше азаматтығының айқын дәлелі деп ойлаймын.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button